Ақтауда мерзімді қызметін аяқтаған 600 теңіз жаяу әскері Жауынгерлік тумен қоштасты

Ақтауда мерзімді қызметін аяқтаған 600 теңіз жаяу әскері Жауынгерлік тумен қоштасты

11.04.2026 15:12:14 274

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде белгіленген мерзімді қызметін аяқтаған сарбаздарды запасқа шығару құрметіне арналған салтанатты іс-шаралар өтіп жатыр.

Теңіз жаяу әскерлерінің бригадасында 600-ден астам әскери қызметші Жауынгерлік тумен қоштасты. Оның бір бөлігі келісімшарт бойынша қызметін ары қарай жалғастырмақ.

Сарбаздар бір жыл ішінде әскери мамандықты меңгеріп қана қоймай, азаматтық салада да қажет болатын практикалық дағдыларға ие болғанын баса айту керек. 

Бригада командирі подполковник Азамат Сүлейменовтің айтуынша, қызмет барысында сарбаздар әскери мамандықты игеріп, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта тұрақты нәтижелер көрсетті. Сондай-ақ «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Гвардия кіші сержанты Әділет Балықбаев бригададағы қызмет өміріндегі маңызды кезең болғанын айтады.

– Мұнда біз жауапкершілікке, ата-ананы сыйлап, достықты бағалауға үйрендік. Қызмет барысында бізді оқытып, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен командирлерге алғыс айтамын, - деді ол.

Қолбасшылық үздік көзге түскен теңіз жаяу әскерлерін грамоталармен, естелік сыйлықтармен және ата-аналарына жолданған алғыс хаттармен марапаттады. Бірқатар әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар берілді. Сонымен қатар, 15 әскери қызметші Қарулы күштерде келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға шешім қабылдады.

Жалпы, Ақтау гарнизонында ағымдағы жылдың сәуір-маусым айлары аралығында шамамен 1000 адам запасқа шығарылады. Олардың басым бөлігі қызмет барысында алған тәжірибесі мен бастапқы кәсіби дағдыларының арқасында жаңа еңбек жолын бастайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1199007?lang=kk