Қазақстан Малайзиямен іскерлік байланыстарды күшейтуде: жаңа жобалар мен бизнес қызығушылығының артуы

Қазақстан Малайзиямен іскерлік байланыстарды күшейтуде: жаңа жобалар мен бизнес қызығушылығының артуы

13.04.2026 08:06:04 338

Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі болу елінің іскер топтарымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруда. Соңғы кезеңде жетекші малайзиялық компаниялар мен салалық бірлестіктермен өткен кездесулер Қазақстанға бизнес жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін перспективалы бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Малайзия Өндірушілер федерациясымен өзара іс-қимыл аясында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында Малайзияның Сауда үйін ашу бастамасы қарастырылды. Сонымен қатар, Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен жан-жақты танысу мақсатында малайзиялық іскерлік делегацияның сапарын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Mega Fortris Group» компаниясымен өткен кездесуде оның Орталық Азия нарығына шығу перспективалары қаралды. Қазақстанда өңірлік офис ашу және өндірісті жергіліктендіру мәселелері талқыланып, бұл өз кезегінде жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етуі мүмкін екені атап өтілді.

Малайзияның ең ірі электр энергетикалық компаниясы «Tenaga Nasional Berhad» өкілдерімен жүргізілген келіссөздер энергетика саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға екіжақты қызығушылықты растады. Атап айтқанда, компанияның Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері жобаларына қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Бұдан бөлек, білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, соның ішінде қазақстандық студенттерді UNITEN базасында инженерлік мамандықтар бойынша, оның ішінде атом энергетикасы бағытында даярлау мәселелері талқыланды. Қазақстандық студенттерге гранттар ұсыну мүмкіндігі атап өтілді.

Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі серіктестік байланыстарды кеңейту, іскерлік байланыстарды ілгерілету және еліміздің экономиканың басым секторларына инвестициялар тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1199097?lang=kk