Қазақстан мен Финляндияның «Oodi» кітапханасы «Оқитын ұлт» жобасын ілгерілету бағытында ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Финляндияның «Oodi» кітапханасы «Оқитын ұлт» жобасын ілгерілету бағытында ынтымақтастықты дамытуда

22.09.2026 13:46:27 434

Хельсинки, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Хельсинки қаласының «Oodi» орталық кітапханасының директоры Салла Таммимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы мәдени және кәсіби ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды.

2018 жылы Хельсинки қаласының орталығында ашылған «Oodi» кітапханасы дәстүрлі кітапхана қызметтерін мәдени, білім беру және қоғамдық кеңістіктермен ұштастыратын заманауи кітапхананың жарқын үлгілерінің бірі болып табылады. Оның инновациялық тұжырымдамасы халықаралық деңгейде кеңінен танылды.

Кездесу барысында қазақ әдебиеті мен мәдениетін Финляндияда кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылды. Қазақстанда оқу мәдениетін дамыту және «оқитын ұлтты» қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені және бұған Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп келетіні атап өтілді. Осыған байланысты тараптар «Oodi» кітапханасында қазақ тіліндегі кітаптар топтамасын қалыптастыру мүмкіндігін талқылады. Бұл бастама фин оқырмандарына Қазақстанның әдеби мұрасымен және заманауи әдебиетімен танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Oodi» мен Қазақстан кітапханалары арасында тәжірибе алмасу, оның ішінде цифрландыру, заманауи кітапханалық қызметтерді дамыту және кітапханаларды ашық қоғамдық әрі мәдени кеңістіктер ретінде қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Финляндия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты бастамаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-helsinki/press/news/details/1295996?lang=ru