Брюссельде қазақ мәдениеті кеңінен насихатталды: дәстүр мен өнер тоғысқан тағылымды шараға 500-ден астам қонақ жиналды

Брюссельде қазақ мәдениеті кеңінен насихатталды: дәстүр мен өнер тоғысқан тағылымды шараға 500-ден астам қонақ жиналды

13.04.2026 08:06:10 279

Брюссель, 2026 жылғы 11 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Брюссельде ауқымды мәдени шара өтті. Кешке 500-ден астам қонақ жиналып, олардың қатарында отандастарымыз бен студенттер, бельгиялық билік өкілдері, дипломатиялық корпус, еуропалық институттар мен іскерлік орта өкілдері болды.  

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Елшісі Роман Василенко сөз сөйлеп, мұндай мәдени бастамалардың елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы рөлін атап өтті.

Шараның айрықша көркі – Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Елшілік аумағында тігілген киіз үй болды. Ол бүгінде Елшіліктің ажырамас бөлігіне айналып, халқымыздың қонақжай болмысын айшықтайтын әрі көшпелі өркениеттің бай мұрасын танытатын рухани кеңістік қызметін атқаруда.

Қонақтардың ерекше ықыласына бөленген мәдени бағдарлама «Жошы» этно-ансамблі мен белгілі қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл бағдарлама көрерменге қазақтың салт-дәстүрін тек тамашалап қана қоймай, оны терең сезінуге мүмкіндік берді. Ұлттық ойындар арқылы халықтың болмысы мен бәсекелестік рухы көрсетіліп, көпшілікке кеңінен таныс беташар рәсімі де сахналанды. Бұл – отбасы құндылықтары мен дәстүр сабақтастығын дәріптейтін маңызды ғұрып.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – 200-ден астам адамның қатысуымен өткен ауқымды флешмоб болды. Бұл көрініс бірлік пен ынтымақтың белгісіне айналып, Еуропада қазақ мәдениетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Шара еуропалық қауымдастық тарапынан Қазақстанның мәдени мұрасына деген қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, мәдени дипломатияның елдер арасын жақындастыратын тиімді құрал екені айқын байқалды.

Аталған іс-шара Брюссельде алғаш рет ұйымдастырылған Shanyraq Fest Brussels фестивалі аясында өтіп, алдағы уақытта жыл сайынғы мәдени дәстүрге айналатын жаңа алаңның негізін қалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1199090?lang=kk