Астанада әскерге шақырылған 30 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне аттанды
13.04.2026 19:12:28 196
Елордадағы Достық үйінде Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылған отыз азаматты салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Осындай маңызды сәтті көруге Қарулы күштердің ардагерлері, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Астана қаласы Аналар кеңесінің өкілдері, әскерге алынғандардың туған-туыстары келді.
Іс-шараны ашқан Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров көктемгі шақыру науқаны белсенді түрде өтіп жатқанын алға тартты.
– Біз Шекара қызметінің бөлімшелерін, Десанттық-шабуылдау әскерлерін және теңіз жаяу әскерлері бригадасын жасақтауды аяқтадық. Қазір әскерге шақырылушыларды Мемлекеттік күзет қызметіне жібереміз. Бұл арнаулы мемлекеттік орган еліміздің элиталық бөлімшесі болғандықтан, іріктеу аса мұқият жүргізілді, әсіресе денсаулығы мықты және ұзын бойлы жігіттерге басымдық берілді, – деді полковник Р. Балтеміров.
Аға буын өкілдері атынан да жылы лебіздер айтылды. Әскерге шақырылушылардың бірінің атасы Көбентай Әміралин әскердегі естеліктерімен бөлісті.
– Мен Германияда 70-ші жылдардың соңында қызмет еттім және немереме сол жылдар туралы жиі айтатынмын. Сондай әңгімелерім оның әскерге бару туралы шешіміне арқау болған шығар. Қазіргі кез басқаша, дегенмен әскер – ер жету мектебі болып қалары сөзсіз, – деді ол.
Әскерге баратындардың бірі – бұрын құтқарушы болып жұмыс істеген 19 жастағы Бауыржан Рахманқұл да осы сәтте алған әсерін былай жеткізді.
– Мен үшін бұл саналы қадам. Атыма сай ел қорғайтын лайықты азамат болғым келеді. Әскердегі қызмет маған күш-қуат және ақыл-ой жағынан мықты болуға көмектеседі деп сенемін, – деді әскерге шақырылушы.
Мерекелік атмосфераны Достық үйінің этномәдени ұжымдарының концерті толықтырды.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасатынын естеріңізге сала кетейік. Осы уақыт ішінде Қарулы күштер қатарына елорданың бір жарым мыңға жуық тұрғыны шақырылады. Алда механикаландырылған бригадалар мен оқу-жаттығу орталықтарын жасақтау тұр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1200045?lang=kk