Прагада Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті
14.04.2026 08:27:34 352
Прага, 2026 жылғы 12 сәуір – Чехия астанасында Наурыз мейрамына арналған ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Мерекені Чехиядағы «Qazaq Nomad» қауымдастығы төртінші жыл қатарынан ұйымдастырды. Биылғы жоба Чех Республикасының жергілікті билік органдарының қолдауымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі де белсенді атсалысты.
Биылғы мереке мазмұнының байлығымен және қамту ауқымының кеңдігімен ерекшеленді. Панкрац саябағында қазақтың дәстүрлі киіз үйлері тігіліп, алтыбақан орнатылды, ұлттық тағамдар әзірленіп, қонақтарға ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Іс-шараға келген жұртшылық қазақ халқының салт-дәстүрімен, қолөнерімен және қонақжайлық мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Мерекелік бағдарлама аясында халық әндері шырқалып, қазақтың күй өнері кеңінен насихатталды, шақырылған өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік нөмірлер ұсынылды. Сонымен бірге келушілер ұлттық ойындарға қатысып, шеберлік сабақтарына белсене араласты. Іс-шараға Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де қатысып, арнайы шығармашылық байқау ұйымдастырды.
Наурыз мерекесі Чехиядағы отандастарымызбен қатар Прага тұрғындары мен қала қонақтарының, дипломатиялық корпус өкілдерінің және Еуропаның өзге елдерінен келген түрлі этнос өкілдерінің басын қосты. Жиналған қауымның елеулі бөлігін Қазақстан топырағында туып-өскен немесе бір кезеңде елімізді пана тұтқан жандар құрады.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Наурыздың жаңару мен үміттің, бейбітшілік пен бірліктің мейрамы екенін атап өтіп, мазмұнды мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырған барша ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар ол «Qazaq Nomad» ұйымының басшысы Дарина Жұмағұлға және оның тиімді жұмыс атқарған командасына, сондай-ақ іс-шараның демеушілері мен Прага 4 муниципалитетіне ерекше ризашылығын жеткізді.
Қ.Әбдірахманов Қазақстан, Орталық Азия мемлекеттері және Чех Республикасы арасындағы ынтымақтастық пен әріптестіктің үлгілі сипатқа ие екенін атап өтіп, аталған іс-шара халықтарымыздың бірлігіне, бейбітшілік пен өркендеуге деген ортақ ұмтылысының айқын көрінісі екенін жеткізді. Елші жиналған қауымға, олардың отбасыларына, әсіресе жас буынға ізгі тілегін арнап, көктемгі жаңару мен үміттің нышаны саналатын Пасха және Песах мерекелерін атап өтушілерді де құттықтады.
Чехиядағы қазақстандық қауымның бастамасымен ұйымдастырылған бұл мереке қазақ мәдениетін шетелдік жұртшылыққа кеңінен танытуға, отандастарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыруға және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1200102?lang=kk