Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы перспективалары Торонто қаласында талқыланды
14.04.2026 08:27:42 331
2026 жылғы 13 сәуір, Торонто қ. – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Торонто қаласына жұмыс сапарымен барып, оның шеңберінде Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Негізгі іс-шара ретінде Ә. Қуантыровтың және Онтарио провинциясының Экономика және сауда министрлігінің тең төрағалығымен «Kazakhstan-Canada Business Dialogue: Unlocking Cross-Sectoral Opportunities» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Қазақстан нарығына шығуға мүдделі 25-тен астам канадалық компания өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Ә.Қуантыров қатысушыларды елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Канадалық тарап Қазақстанның экономикалық өсімінің жоғары қарқыны мен технологиялық дамуын атап өтіп, елге деген елеулі қызығушылығын білдірді.
Сонымен қатар, сапар аясында Ә.Қуантыров бірқатар канадалық компаниялармен, сондай-ақ Онтарио провинциясының Экономикалық даму, жұмыс орындарын құру және сауда министрі Виктор Феделимен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың, оның ішінде Онтарио провинциясымен ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ҚР сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары өткен жылы Астанада өткен Онтарио бизнес-миссиясының нәтижелерін оң бағалады. Кездесу қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров В.Феделиді өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Жалпы, Ә.Қуантыровтың Торонтоға жасаған сапары тараптардың негізгі экономикалық салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық бере отырып, экономикалық әріптестікті кеңейтуге өзара қызығушылығын тағы да растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ottawa/press/news/details/1200101?lang=kk