Қазақстан Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілетуде

Қазақстан Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілетуде

15.04.2026 10:12:45 290

Исламабад, 2026 жылғы 14 сәуір – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Федералдық су ресурстары министрі Миан Мухаммад Муин Ватту және су ресурстары мәселелері жөніндегі Пәкістанның арнайы өкілі Сайед Мухаммад Мехар Али Шахпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар су ресурстарын басқару саласындағы Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын талқылады. Су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытында практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара қызығушылық бар екені атап өтілді.

Е.Қыстафин Пәкістан тарапын ағымдағы жылдың 3-4 ақпанында ҚР  Президенті Қ.Тоқаевтың Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары туралы хабардар етіп, стратегиялық әріптестік орнату туралы Бірлескен декларацияға, сондай-ақ 70-тен астам екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылғанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ Елші пәкістан тарапына 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақыруды жеткізді. Е.Қыстафин сұхбаттасушыларды Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың су қауіпсіздігі саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға, су ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілетуге және климаттың өзгеруі мен су тапшылығының артуы жағдайында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге бағытталған Халықаралық су ұйымын құру бастамасы туралы хабардар етті.

Федералдық министр аталған бастамаға үлкен қызығушылық пен қолдау білдіріп, су саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға дайын екенін және Астанада өтетін саммитке онлайн форматта қатысатынын растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға және бейінді ведомстволар желісі бойынша тұрақты байланыстар орнатуға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1200962?lang=kk