Конституциялық Сот: сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыру тәртібін заң айқындайды
15.04.2026 10:25:40 265Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сот апелляциялық шешіммен келіспеген азаматтың өтінішін қарады. 2022 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған сотталған адам 2025 жылы заң деңгейінде қабылданған өзгерістерге сілтеме жасай отырып, жаза мерзімін қысқартуды және қылмысты неғұрлым жеңіл санатқа қайта саралауды сұрады. Бірінші сатыдағы сот оның өтінішін қанағаттандырып, жаза мерзімін 7 жылға дейін қысқартты.
Кейіннен облыстық сот бұл шешімнің күшін жойып, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар сотталған адамға қабылданған апелляциялық қаулының кассациялық тәртіпте қайта қаралмайтыны түсіндірілді. Азамат мұны өзінің шағымдану құқығын шектеу деп бағалады.
Алдын ала қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот Конституция сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беретінін, алайда оны жүзеге асырудың нақты тәртібін айқындамайтынын атап өтті. Бұл мәселе заң деңгейінде реттеледі, соған сәйкес кассация процестің міндетті кезеңі емес, қосымша кепілдік болып табылады.
Өтініште келтірілген уәждер негізінен апелляциялық соттың қорытындыларымен келіспеуге келіп тіреледі, ал Конституциялық Сот істерді мәні бойынша қайта қарамайды, сондықтан мұндай уәждер конституциялық іс жүргізуге негіз бола алмайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1201035?lang=kk