Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерін 101 жасымен құттықтады

Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерін 101 жасымен құттықтады

16.04.2026 18:20:34 232

Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Бегуновтың 101 жасқа толуына орай салтанатты құттықтау шарасы өтті. Ғасырдан асқан ғұмыр иесіне құрмет көрсетуге жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Құрлық әскерлері әскери институтының және Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Қарулы күштердің ардагерлері арнайы келді.

Жиналғандар майдангердің ерлігіне тағзым етіп, оның Ұлы Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы алғыс пен зор құрмет білдірді. Қорғаныс министрінің атынан Иван Матвеевичке құттықтау хат табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды. Ардагерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы амандығын тіледі.

– Ең бастысы – елімізде бейбітшілік болсын. Өмірдің қадірін біліп, әр күнді таза жүрекпен қарсы алыңыздар, – деп ақ батасын берді қария.

Иван Бегунов 1925 жылғы 15 сәуірде Житомир қаласында дүниеге келген. Тағдырдың талай сынын ерте жастан өткерген ол тоғыз жасынан бастап кіндік шешесінің тәрбиесінде өседі. Он алты жасында еңбек іздеп Батыс Қазақстанға қоныс аударып, сол жерде сұрапыл соғыс басталады.

Майданға Ақтөбе облысынан аттанған жас жауынгер Украина майданындағы 228-гвардиялық атқыштар полкінде пулеметші болып қызмет атқарып, Еуропа елдерін азат етуге қатысады. Ол Жеңісті Прага қаласында қарсы алды.

Ерлігі мен батылдығы үшін Иван Матвеевич Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және өзге де жауынгерлік марапаттармен наградталған.

Соғыстан кейінгі жылдары да ол ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, құрылыс саласында абыройлы қызмет атқарды. Қызылордадағы «Қазқұрылысмонтаж», кейін Алматыдағы «Қазэлектромонтаж» мекемелерінде прораб болып, ел дамуына өзіндік үлесін қосты.

Бүгінде ардагер Алматы қаласында қызы Иринамен бірге тұрады. Оның өнегелі өмір жолын жалғап келе жатқан үлкен әулеті бар. Бес немере, он бір шөбере және бір шөпшегі өсіп келеді.

Ғасыр жасаған қария әлі күнге дейін сергектігін жоғалтпай, ел мен әлемдегі жаңалықтарға қызығушылық танытып отырады. Ол – тек өз отбасының ғана емес, тұтас ұлттың мақтанышы, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық асыл тұлға.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1201845?lang=kk