Қазақстан америкалық бизнес және сараптамалық қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан америкалық бизнес және сараптамалық қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуда

16.04.2026 18:20:52 222

Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 14 сәуір – Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі сессиялары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президенті Өкілі Ержан Қазыхан бастаған қазақстандық делегация америкалық сараптамалық және іскерлік қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

АҚШ-тың талдау орталықтарымен өткен талқылау барысында қазақстандық тарап елдің саяси және экономикалық басымдықтарымен таныстырып, жаңа Конституцияның қабылдануын саяси жаңғырудың негізі ретінде атап өтті.

Е.Қазыхан өткен референдум қоғамның мемлекеттік даму үдерістеріне жоғары деңгейде қатысуын айқын көрсеткенін атап өтті. Конституциялық өзгерістер Қазақстанды қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап бере алатын серпінді әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға берік институционалдық негіз қалыптастырады. Жаңа Негізгі заң мемлекеттік басқарудың жаңартылған архитектурасын бекітеді: күшті президенттік институт сақтала отырып, Парламенттің ықпалдығы күшейтіліп, Үкіметтің есептілігі артады.

Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту, қаржы жүйесінің орнықтылығын күшейту және цифрлық экономиканы дамыту шараларына ерекше назар аударылды.

Тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің практикалық аспектілері бойынша пікір алмасты. Қазақстанның Орталық Азиядағы АҚШ үшін сенімді серіктес ретіндегі рөлі атап өтіліп, америкалық бизнес үшін энергетика, тау-кен өнеркәсібі, технологиялар, қаржы және инфрақұрылым салаларындағы перспективалы бағыттар айқындалды.

Талқылауға АҚШ-тың саяси топтарының өкілдері, жетекші талдау орталықтарының сарапшылары және іскерлік қауымдастық мүшелері қатысты. Кездесуді Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының аға директоры, Елші Джон Хербст жүргізді.

АҚШ Сауда палатасы алаңында өткен АҚШ-Қазақстан іскерлік кеңесінің мүшелерімен кездесуге «Chevron», «ExxonMobil», «PepsiCo», «Morgan Stanley», «Citi», «Nasdaq», «Meta» және басқа да жетекші америкалық компаниялардың басшылары қатысты.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде аса маңызды минералдар саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, көлік-логистикалық бағыттарды кеңейту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ адами капиталды дамыту айқындалды.

Е.Қазыхан қатысушыларды Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсу динамикасын және елдің инвестициялық тартымдылығын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300 млрд. АҚШ долларына жетіп, елді әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енгізгені айтылды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қаржының жоғары орнықтылығы, сондай-ақ салық және банк жүйелерін реформалау бағытындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы инвестициялар үшін тартымды бағыт және Еуразиядағы маңызды транзиттік торап ретінде айқындайды.

Қазақстандық тарап америкалық бизнеспен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілділігін растап, инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысы бастамаларға жүйелі қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар экономикалық серіктестікті тереңдетуге өзара қызығушылығын растады және екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1201778?lang=kk