Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықтың басым бағыттары мен жаңа инвестициялық жобаларды талқылады

Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықтың басым бағыттары мен жаңа инвестициялық жобаларды талқылады

17.04.2026 08:30:46 273

Вашингтон қ., 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша Вице-президенті Антонелла Бассани және Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Қазақстанның сенімге және тұрақты дамуға ортақ бейілділікке негізделген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтыны атап өтілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде ынтымақтастық аясында көлік, білім беру, экология, «жасыл» технологиялар және цифрландыру салаларында жалпы құны 8 млрд. АҚШ долл. асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі кездесулері аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұйымдастырған «Қазақстан реформалар жолында» атты дөңгелек үстел болды. Бұл алаң кездесулер шеңберінде дербес диалогтық платформа ретінде өтті.

Іс-шара барысында С.Жұманғарин Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тұрақты экономикалық өсімге арналған конференция өткізуді ұсынды. Вице-премьер атап өткендей, Қазақстан негізгі салаларда реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсім үшін қажетті жағдай қалыптастырып келеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев елдің негізгі даму басымдықтарын айқындап, жүргізіліп жатқан реформалар тұтас әрі орнықты экономикалық бағыт қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік сектор өзгерістерді іске асыруда шешуші рөл атқарып, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформаларды жүйелі түрде үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Қазақстан экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетуде екені айтылды. Соңғы жылдары ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі тұрақты түрде 5%-дан асып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,5%-ды құрады. Тауар өндірісі 8,7%-ға, ал қызмет көрсету секторы 5,2%-ға өсті.

Сондай-ақ, ерекше назар Alatau City жобасын дамытуға аударылды. Бұл қала ерекше басқару режимі мен дербес қаржылық модель негізінде жаңа өсім нүктесіне айналады. Онда салықтық жеңілдіктер, «бір терезе» қағидаты, халықаралық стандарттар және инвесторлар үшін күшейтілген кепілдіктер енгізу жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1202684?lang=kk