Армия спортшысы «Әскер барысы – 2026» турнирінің жеңімпазы атанды
18.04.2026 11:45:19 254
Алматыда әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен «Әскер барысы – 2026» атағына іріктеу турнирі аяқталды.
Еліміз күштік құрылымдарының ең мықты балуандарын біріктірген жарысты, әдеттегідей, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы ұйымдастырып отыр.
Жарысқа Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және Шекара қызметінің намысын қорғайтын он команда қатысты. Бұл жолы боз кілемге шыққан 18 әскери спортшының бәрі де жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген жігерін көрсете білді.
Турнир әскери қызметшілер арасында қазақ күресін насихаттауға және олардың дене дайындығы деңгейін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, ол жауынгерлік рухты нығайтып, әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамытуға ықпал етеді.
Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша бірінші орынды Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының өкілі ефрейтор Айдар Бескемпір иеленді. Екінші орынға тағы бір армия спортшысы сержант Әділ Оразбаев тұрақтады. Ал үшінші орын Ішкі істер министрлігінің спортшысы майор Жәнібек Дүйсембаевқа бұйырды.
Жарыста 1, 2-ші орын алған спортшылар республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Қорғаныс министрлігінің намысын қорғайтын болады.
Армия орталық спорт клубының өкілдері ұдайы жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін айта кету керек. Капитан Марат Байқамұров 2025 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанса, лейтенант Ерасыл Қажыбаев – 2024 жылғы турнирдің жеңімпазы және осы беделді республикалық жарыстың үш дүркін күміс жүлдегері.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1203732?lang=kk