2026 жылғы 1 сәуірден бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді
27.04.2026 13:19:16 302
2026 жылғы 1 сәуірден бастап банктер салық органдарына жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді бере бастады. Бұл шара қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге және тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтауға бағытталған.
Қандай аударымдар бақылауға жатады?
Барлық аударымдар емес, тек келесі шарттар бір уақытта орындалған жағдайда ғана тексеруге жатады:
- 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан қаражат түсуі;
- қатарынан 3 ай бойы тұрақты түрде аударымдар алу;
- жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асуы.
Назар аударыңыз. Тек осы аталған барлық шарттар сақталған кезде ғана тексеру жүргізіледі.
Тексеру қалай жүргізіледі?
Бұл өзгерістер шоттардың автоматты түрде бұғатталуын білдірмейтінін білу маңызды. Тексеру рәсімі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады:
- Камералдық бақылау (қашықтықтан талдау) жүргізіледі;
- Салық төлеушіге ресми хабарлама жіберіледі;
- 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруге, қаражат көзін растауға, қажет болған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік беріледі.
Егер аударымдар жеке сипатта болса
Егер қаражат мынадай мақсаттарда түссе, аударымдарға салық салынбайды:
- туыстарынан көмек ретінде;
- медициналық емделуге;
- қарызды қайтару есебіне;
- сыйлық ретінде немесе жеке қажеттіліктерге. Қажет болған жағдайда бұл фактілерді тиісті құжаттармен немесе түсініктемелермен растауға болады.
Бақылаудың негізгі мақсаты
Басты міндет – жасырын (тіркелмеген) кәсіпкерлік қызметті анықтау. Мысалы, тауарларды жүйелі түрде сату немесе Жеке кәсіпкерді (ЖК) тіркеусіз қызметтер көрсету, сондай-ақ салық төлемей үнемі табыс алу.
Азаматтар үшін не маңызды
- Жеке тұлғалар арасындағы жеке мақсаттардағы аударымдар заңды болып табылады және оларға салық салынбайды;
- Бақылау барлық азаматтарға емес, жасырын бизнес жүргізетін тұлғаларға бағытталған;
- Егер сіз кәсіпкерлік қызметпен айналыспасаңыз – алаңдауға ешқандай негіз жоқ.
Мобильді аударымдарды бақылау – бұл азаматтардың барлық қаржылық операцияларын жаппай бақылау емес, заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару құралы.
Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы
және Байланыс-орталығы басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1209322?lang=kk