Бангкокта Орталық Азияны зерттеу орталығының ресми ашылуы өтті
30.04.2026 17:31:02 276
Бангкок, 2026 жылғы 29 сәуір – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Чулалонгкорн университеті базасында Орталық Азияны зерттеу орталығының ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Ашылу аясында Таиланд Сыртқы істер министрлігі Чулалонгкорн университетімен бірлесіп «Таиланд және Орталық Азия: тұрақты байланыстар мен жаңа технологияларды қалыптастыру. Қарқынды дамып келе жатқан Еуразиядағы әріптестік» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Елші М. Баймұхан «Дипломатиялық перспективалар: өзгермелі Еуразия жағдайындағы Таиланд – Орталық Азия қатынастары» атты панельдік сессияда сөз сөйлеп, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың тұрақты дамуын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы шамамен 260 млн. АҚШ долларына жетіп, Таиландтың Орталық Азия елдерімен жалпы саудасының 70 пайыздан астамын құрады. Бұл Қазақстанның өңірдегі негізгі экономикалық серіктес ретіндегі рөлін айқындайды.
Сонымен қатар, дипломат Қазақстанның жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, соңғы 30 жылда ел экономикасына 400 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын жеткізді. Ол тай бизнесі үшін ауыл шаруашылығы, азық-түлік өңдеу, энергетика, логистика, туризм және жоғары технологиялар салаларын перспективалы бағыттар ретінде белгіледі.
Сондай-ақ, 22 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте сөз сөйлеп, көпжақты өзара іс-қимылды және тұрақты әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өткендігі айтылды. Осы тұрғыда ол БҰҰ аясында су қауіпсіздігі саласындағы жаһандық күш-жігерді біріктіруге бағытталған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан бастамасын растады, сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қорының Орталық Азия елдерінің су және экологиялық мәселелерін шешудегі маңызды өңірлік алаң ретіндегі рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Орталық Азия елдерінің көрмесі ұйымдастырылып, Қазақстан өз павильонында елдің және өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын таныстырды.
Симпозиум Таиланд пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде білім беру, технологиялық және экономикалық байланыстарды дамытуға өзара қызығушылықтың жоғары екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1212490?lang=kk