Калифорнияда Қазақстанның инфрақұрылымдық жобалары мен көлік-логистикалық әлеуеті таныстырылды

Калифорнияда Қазақстанның инфрақұрылымдық жобалары мен көлік-логистикалық әлеуеті таныстырылды

18.05.2026 20:16:29 181

АҚШ-тың Калифорния штатында USA–Eurasia Transportation форумы өтті. Форумды Қазақстанның, Әзербайжанның және Грузияның Калифорниядағы бас консулдықтары Лонг-Бич порты әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Форум АҚШ пен Еуразия елдерінен мемлекеттік құрылымдардың, Калифорнияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдерін, порт әкімшіліктерін, бизнес-қауымдастықты және көлік-логистика саласының сарапшыларын бір арнаға жинады. Басты мақсат — сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және көлік инфрақұрылымы мен жүк тасымалы саласында өзара қарым-қатынастың жаңа механизмдерін қалыптастыру.

Форумды Лонг-Бич портының бас директоры Н.Хасихагаба ашты. Ол бұл бастамаға қолдау білдіріп, Лонг-Бич портының еуразиялық серіктестермен жаңа әріптестіктер орнатуға дайындығын атап өтті. Лонг-Бич қаласының мэрі атынан мэрияның хаттама жөніндегі директоры Берил Унвер сөз сөйлеп, қаланың халықаралық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Қазақстан делегациясының құрамында Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулы Назира Нұрбаева, ҚР Көлік министрлігінің, «Құрық порты» ЖШС-нің өкілдері, сондай-ақ Аризона штатындағы Қазақстанның Құрметті консулы Хью Холман болды.

Панельдік пікірталастар барысында қазақстандық делегация елдің негізгі инфрақұрылымдық жобалары мен көлік-логистикалық әлеуетін таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанның көлік жүйесін жаңғырту стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар, Транскаспийлік халықаралық көлік дәлізін дамыту, Каспий теңізіндегі маңызды Ақтау және Құрық порттарының қуатын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаһандық жеткізу тізбектеріне ықпалдастыру мәселелері талқыланды.

Форум қатысушылары порт инфрақұрылымы, логистиканы цифрландыру және мультимодальды көлік дәліздерін дамыту салаларында американдық пен еуразиялық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара қызығушылық танытты.

Форум американдық бизнес-қауымдастықтың Қазақстанның және жалпы еуразиялық өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне деген жоғары қызығушылығын, сондай-ақ тараптардың практикалық ынтымақтастықты дамытуға дайындығын айқын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1222905?lang=kk