26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні
12.07.2026 13:06:55 341
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Ақтөбе қаласындағы Триатлон паркінде кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы ақпараттандыру және қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Шара барысында Қазақстан Республикасының театр және кино актері, «Құрмет» орденінің иегері, «Meow» сериалындағы Манас рөлі арқылы танымал Асан Маратұлы Мәжит пен облыстық мәслихат депутаты Марат Айтуғанұлы Қойлыбаев «Тартыл Fest» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Сонымен қатар, олар жастарды нашақорлықтан аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі, әділет майоры Асет Қазбекұлы және Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Азамат Әбдушевич жастарға есірткінің заңсыз айналымының салдары мен құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат берді.
Іс-шара аясында Полиция департаментінің кинологтары мен арнайы бөлімшесі есірткіні тұтыну мен есірткі саудасының алдын алуға бағытталған арнайы көрініс көрсетті.
Сондай-ақ, каратэ спортшылары қорғаныс және шабуыл әдістерін, түрлі жаттығу элементтерін көрсетті.
Іс-шараға 500-ден астам қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zhastar1/press/news/details/1249312?lang=ru