«ЭШФ» АЖ-дағы биометриялық сәйкестендіру: қорғау мен ашықтықты қамтамасыз ететін қосымша шара
12.07.2026 19:21:22 294
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті цифрлық технологиялар бүгінде күнделікті өмірдің түрлі салаларында, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді алу және банк секторында кеңінен қолданылатынын хабарлайды. Дербес деректерді қорғаудың және алаяқтық тәуекелдерін төмендетудің тиімді құралдарының бірі – биометриялық сәйкестендіру.
Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру шеңберінде салық процестерінің ашықтығын, қауіпсіздігін және тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи шешімдер енгізілуде.
2024 жылғы ақпаннан бастап «ЭШФ» ақпараттық жүйесінде тәуекел санатына жатқызылған салық төлеушілерге қатысты пилоттық режимде биометриялық сәйкестендіру қолданылды. Пилоттық жоба 2025 жылдың соңында аяқталып, аталған тетіктің тиімділігін растады.
Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіру шеңберінде биометриялық сәйкестендіруді қолдану мүмкіндігі көзделген.
Биометриялық сәйкестендіруді қолдану қызметіне басшылары нақты бақылау жасамайтын компаниялардың жалған электрондық шот-фактураларды ресімдеу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тетік көлеңкелі айналымды қысқартуға, салық рәсімдерінің ашықтығын арттыруға және адал бизнесті сенімсіз контрагенттермен өзара іс-қимылдан қорғауға ықпал етеді.
Сәйкестендіруден өту рәсімі қарапайым әрі ыңғайлы. Компания басшылары биометриялық сәйкестендіруден компьютер арқылы немесе мобильді қосымшаны пайдалану арқылы «ЭШФ» ақпараттық жүйесінде өте алады. Бұл ретте пайдаланушының орналасқан жеріне қарамастан, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде де сәйкестендіруден өтуге болады.
Биометриялық сәйкестендіру тек тәуекел белгілері бар салық төлеушілерге ғана қолданылатынын атап өткен жөн. Адал салық төлеушілердің басым көпшілігі үшін «ЭШФ» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу тәртібі өзгеріссіз қалады.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге өздері пайдаланатын ақпараттық жүйелердегі ақпаратты уақтылы бақылап, салық заңнамасының талаптарын сақтауды ұсынады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1249964?lang=ru