Жанар-жағармай материалдарын өткізу және әкету кезінде заңнама талаптарын сақтау туралы
14.07.2026 17:55:36 194
Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін хабарлайды.
Қазақстан Республикасының «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңына және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 175-н/қ «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында 2026 жылғы 21 мамырдан бастап 21 қарашаны қоса алғанға дейін автомобиль және теміржол көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу қолданылады.
Бұйрық талаптарына сәйкес, бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауыт көздеген отын бактарында тәулігіне бір реттен артық емес әкетілген жағдайда ғана жол беріледі. Мұнай өнімдерін әкету үшін қосымша (қолдан жасалған немесе конструкциялық өзгерістер енгізілген) отын бактарын пайдалануға жол берілмейді.
Мемлекеттік кірістер департаменті автожанармай құю станцияларының иелері мен операторларына жанар-жағармай материалдарын өткізу кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтаудың және оларды белгіленген шектеулерді бұза отырып, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан заңсыз әкету мақсатында босатуға жол бермеудің қажеттігін ескертеді.
Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Белгіленген шектеулерді сақтау мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1254761?lang=ru