МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ МАТЕРИАЛДАРЫН ЗАҢСЫЗ ӘКЕТУДІҢ 15 ӘРЕКЕТІНІҢ ЖОЛЫН КЕСТІ
15.07.2026 11:43:03 202
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің тапсырмаларын орындау шеңберінде, мемлекеттік шекара арқылы мұнай өнімдерінің тасымалдануына бақылауды күшейтті. Бұл жұмыс жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) заңсыз әкетілуінің жолын кесуге, ішкі нарықты қорғауға және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бақылау автомобиль өткізу пункттерінде тікелей жүзеге асырылумен қатар, шекара маңындағы аудандарда көлік құралдарының қозғалыс бағыттары бойынша мобильді топтар арқылы да жүргізілуде. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы ахуалға күн сайын мониторинг жүргізіліп, жанармай құю станцияларындағы отын өткізу көлемі мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметі талдануда.
Бақылау күшейтілген сәттен бастап мобильді топтар 39 автоцистернаны тексерді. Жекелеген жағдайларда сараптама жүргізу үшін жанармайдан сынамалар мен үлгілер алынды.
Нәтижесінде жалпы көлемі 6,1 мың литрден асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетудің 15 фактісінің жолы кесілді. Көп жағдайда отынды арнайы жабдықталған қосымша бактарда және жанармай канистрлерінде алып шығуға әрекет жасалған.
Мәселен, 6 шілдеде Меркі ауданында көлік құралында жасырылған 4-сыйымдылықтарда (еврокуб) 4,2 мың литр дизель отынын ілеспе құжаттарсыз заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді.
Бұдан бөлек, Жол картасын іске асыру аясында шекара маңындағы жанармай құю станциялары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 12 хронометраждық зерттеу тағайындалып, өзге де бақылау іс-шаралары жүргізілуде.
Департамент жанар-жағармай материалдарының заңсыз әкетілуінің жолын кесу, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау және мемлекеттік шекара арқылы тауарлардың қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhambyl/press/news/details/1256665?lang=ru