Брнода қазақстандық жастармен Конституция және елдің болашағы талқыланды

Брнода қазақстандық жастармен Конституция және елдің болашағы талқыланды

16.07.2026 01:14:28 319

Брно, 2026 жылғы 13 шілде - Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің басшылығы мен қызметкерлерінің Оңтүстік Моравия өлкесіндегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесуінде консулдық қызметтер, жоғары оқу орындары арасындағы байланыстар, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және алдағы парламенттік сайлауға қатысу мәселелері басты назарда болды.

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов шетелде білім алып жүрген қазақстандық студент жастардың отансүйгіштігімен, іргелі білім деңгейінің жоғарылығымен және оқуға деген жауапкершілігімен ерекшеленетінін атап өтті. Сонымен қатар ол жастарға Чехияда өткізілетін қайырымдылық, музыкалық және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Жанды пікір алмасу барысында студенттер биотехнология, автомобиль инженериясы, жобаларды басқару, өңірлік даму, қоршаған ортаны қорғау, экономика және гуманитарлық ғылымдар салаларында алып жатқан білімдерін ел игілігіне пайдалану мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Қазақстан мен Чехияның жоғары оқу орындары арасындағы өзара тиімді әріптестікті, академиялық ұтқырлықты дамыту және тағылымдамалар ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Талқылаудың жеке тақырыбы алдағы Құрылтай сайлауы мен бір палаталы парламенттің маңызына, сондай-ақ түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін біріктіріп, ел дамуының өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін қоғамдық диалогтың жаңа маңызды алаңы – Халық кеңесіне арналды. Жастар Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуының негізгі бағыттары, жаңа Конституцияның басты ережелері, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси бағыты және оның бастамасымен құқықтық мемлекетті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік институттар мен қоғамдық құрылымдардың тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар туралы ақпарат алды.

Брно қаласында өткен кездесу Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуда студент жастардың, сондай-ақ жалпы білім мен ғылым саласының айрықша рөл атқаратынын тағы бір мәрте көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1257972?lang=ru