«Әке жолын қуса - игі»: Ұлттық ұланда әскери әулет дәстүрі жалғасуда
21.07.2026 12:48:01 489
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы Алишер Алпысбай әке жолын жалғастырып келеді.
Алишердің әкесі – запастағы аға сержант Ержан Қазанбасов. Ол 2003–2020 жылдар аралығында Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде атқыштар батальоны құрамында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша мінсіз қызмет атқарды. Қарауыл бастығының көмекшісі лауазымында қызмет еткен әскери қызметші 2020 жылдың маусым айында құрметті демалысқа шыққан.
Араға алты жыл салып, маусымда оның ұлы Алишер Алматы қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылып, дәл осы 5513 әскери бөлімінде әскери жолын бастады. Осылайша бір әскери бөлімде әке мен бала тағдырын тоғыстырған сабақтастықтың жарқын үлгісі қалыптасты.
Бала кезінен әскери ортада тәрбиеленген жас сарбаз әкесінің қызметіне қызығып өсіп, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңірді. Сонымен қатар спортта да елеулі жетістіктерге жетіп, каратэ шинкиокушинкайдан бірнеше мәрте республикалық турнирлерде жеңімпаз атанған.
Қазіргі уақытта Алишер әскери даярлықтан өтіп, жауынгерлік машықтарын шыңдап, әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруде. Ол мерзімді әскери қызмет аяқталғаннан кейін келісімшарт негізінде Ұлттық ұлан қатарында қызметін жалғастырып, әке аманатына адал болуды мақсат етеді.
Әскери әулеттердің қалыптасуы – Отанға қызмет етудің үздік дәстүрінің жалғасуы. Әке жолын таңдаған жастардың қатары көбейген сайын әскери қызметтің беделі артып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кәсіби мамандар легі де толыға түседі.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1261140?lang=ru