ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын шығарды
22.07.2026 16:46:52 289
2026 жылғы 22 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған брифинг өтті. Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, мемлекеттік қызметтерді дамыту және жалпыға бірдей декларациялау мәселелері туралы ақпарат берді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері жоспары 102,4%-ға орындалды. Бюджетке 284,0 млрд теңге түсті, бұл жоспардан 6,6 млрд теңгеге артық.
Спикер ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдары 40 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 90%-ы электронды форматта қолжетімді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер органдары 264,8 мың мемлекеттік қызмет көрсетті, оның 99,7%-ы электронды түрде ұсынылды.
Брифинг барысында жалпыға бірдей декларациялау бойынша негізгі ережелер түсіндірілді. Жекелеген санаттағы жеке тұлғалар 2025 жыл үшін 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияларды тұрғылықты жері бойынша 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсынуға міндетті екені атап өтілді.
Декларацияларды электронды түрде Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған ақпараттық жүйесі (СӘИЖ), Салық төлеуші кабинеті, eGov.kz электрондық үкімет порталы, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы және Halyk Bank, Bank Center Credit, Kaspi екінші деңгейлі банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1261903?lang=ru