Маңғыстаудың киелі орындары ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді

Маңғыстаудың киелі орындары ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді

25.07.2026 14:48:01 196

Пусан, 2026 жылғы 25 шілде – Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жартасты мешіттері мен олармен байланысты киелі орындарын» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.

ЮНЕСКО-ның жаңа нысанының құрамына бес жартасты мешіті – Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі енді.

Бұл шешім Қазақстанның батысында ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени ескерткіштер кешенінің айрықша әмбебап құндылығын, сондай-ақ өңірдің табиғи ортасы мен геологиялық ерекшеліктеріне бейімделген рухани дәстүрлер мен тәжірибелердің жергілікті сәулет өнеріндегі көрінісінің жарқын үлгісі екенін халықаралық деңгейде мойындаудың айғағы болды.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында уәкілетті органдарға ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен бірлесіп Маңғыстаудың жартасты мешіттерін Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Комитеттің Пусандағы сессиясындағы отандық делегацияны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Ерлан Қарин басқарды. Делегация құрамына сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ мәдени және табиғи мұраны қорғау саласындағы жетекші сарапшылар кірді.

Шешім қабылданғаннан кейін сөйлеген сөзінде Е. Қарин Комитет мүшелеріне, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығына және Ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңеске (ИКОМОС) номинацияны дайындау барысында көрсеткен кәсіби бағалауы, сындарлы диалогы және қолдауы үшін алғыс білдірді.

Ол Маңғыстаудың киелі ескерткіштерінің Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуі олардың бүкіл адамзат үшін маңыздылығының мойындалуы ғана емес, сондай-ақ қазақ халқының бай тарихына, рухани мұрасы мен мәдени болмысына көрсетілген құрметтің белгісі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл шешім Қазақстанға осы бірегей мұраны келер ұрпақ үшін сақтау жөнінде ерекше жауапкершілік жүктейді және елдің 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы халықаралық конвенцияның ережелерін орындауға деген өзгермейтін бейілдігін растайды.

Шешім қабылданғаннан кейін Пусан қаласының конгресс-орталығында Маңғыстаудың киелі орындарының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуіне арналған салтанатты рәсім өтті. Оның аясында Комитет сессиясына қатысушы делегаттар қазақстандықтарды осы айтулы оқиғамен құттықтады. Домбырашы Мейірбан Сейітбай мен жетігенші Сабина Бауыржанова Ұлы даланың тарихынан, Маңғыстаудың рухани дәстүрлерінен және қазақ халқының мәдени мұрасынан шабыт алған музыкалық шығармаларды орындады.

Нысанның ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің, сондай-ақ ұлттық ғылыми мекемелер мен сарапшылардың 1972 жылғы тиісті халықаралық Конвенция талаптарына сәйкес номинациялық досьені дайындау жөніндегі көпжылдық бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

ЮНЕСКО-ның жаңа Дүниежүзілік мұра нысанына енген бес жартасты мешітінің ішінде ең танымалы – XVIII–XIX ғасырлардағы көрнекті тұлға Бекет атамен байланысты Бекет ата жартасты мешіті. Бүгінде ол Қазақстандағы ең қастерлі зиярат орындарының бірі болып саналады және жыл сайын әлемнің түрлі елдерінен келетін жүздеген мың келушіні қабылдайды.

Аңыз бойынша, Бекет ата өзінің рухани тәлімін Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті, орта ғасырлардағы көрнекті сопылық тұлға Шопан атаның жерленген орнында алған. Сондықтан көптеген зияратшылар Маңғыстаудағы маңызды жартасты мешіттерінің бірі саналатын Шопан ата мешітіне, сондай-ақ оның маңындағы көне қорым мен құдықтарға да арнайы барады.

Қараман ата кешені өңірдегі ең ірі киелі орталықтардың бірі болып табылады. Оның құрамына жартасты мешіті пен ауқымды тарихи қорым кіреді. Ғасырлар бойы бұл кешен діни өмір мен рухани тәлімнің маңызды орталығы болып келеді.

Борлы жынысқа қашалып салынған Шақпақ ата жерасты мешіті Қазақстан аумағындағы ең көне мешіттердің бірі саналады. Оның айқыш тәрізді бірегей жоспарлануы, бай сәндік безендірілуі және көптеген эпиграфикалық ескерткіштері ортағасырлық Маңғыстаудың рухани әрі көркем мәдениетінің жоғары деңгейін айғақтайды.

Сұлтан үпі ерте заманнан бері жолаушылар мен теңізшілердің қамқоршысы ретінде қастерленіп келеді. Каспий теңізінің жағалауына жақын орналасқан аттас жартасты мешіті ғасырлар бойы жергілікті тұрғындар мен құрлық және теңіз сауда жолдарымен жүрген көпестер үшін зиярат және рухани медет орны қызметін атқарған.

Маңғыстаудың киелі орындарының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуімен Қазақстандағы Дүниежүзілік мұра нысандарының саны жетіге жетті. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері, Ұлы Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізінің бағыттар желісі, Батыс Тянь-Шань және Қоңыржай белдеудің Тұран шөлдері бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1263660?lang=ru