Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі «Trade Over Aid» форумына қатысты

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі «Trade Over Aid» форумына қатысты

29.07.2026 08:31:49 179

Нью-Йорк, 2026 жылғы 13 шілде - Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумы шеңберінде Америка Құрама Штаттарының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған «Trade Over Aid» форумына қатысты.

Іс-шараға БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің, БҰҰ жүйесінің, халықаралық ұйымдар мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысып, сауданы кеңейту, инвестициялар тарту және кәсіпкерлікті дамыту арқылы орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін талқылады.

Қатысушылар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, нарықтық реформаларды ілгерілету, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту және үкіметтер мен бизнес арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Өңірлік сессия барысында сөз сөйлеген Қайрат Омаров Қазақстанда заң үстемдігін нығайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және кәсіпкерлік жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған саяси және экономикалық реформалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстанда 600-ден астам америкалық компанияның табысты жұмыс істеуі халықаралық бизнес қауымдастығының Қазақстанға тұрақты, сенімді әрі болжамды әріптес ретінде жоғары сенім білдіретінінің айқын дәлелі екені атап өтілді.

Тұрақты өкіл Орталық Азия мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда, инвестициялар, көлік байланыстары, цифрлық трансформация және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудағы С5+1 форматының маңызды рөлін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда 2025 жылғы қарашада Вашингтон қаласында өткен Орталық Азия елдері мен АҚШ көшбасшыларының тарихи кездесуі стратегиялық әріптестік пен практикалық экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергені айтылды.

Сөз барысында Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған Орталық өңір елдерінің үкіметтерін, БҰҰ жүйесін, халықаралық қаржы институттарын және жеке секторды біріктіретін тиімді практикалық алаңға айналуы мүмкін екені атап өтілді.

Қайрат Омаров Қазақстанның ашық экономика, өзара тиімді ынтымақтастық және өңірлік өзара байланыстылық қағидаттарына адалдығын растады, сондай-ақ халықаралық әріптестермен бірлесіп қолда бар мүмкіндіктерді нақты жобалар мен практикалық нәтижелерге айналдыруға дайын екенін білдірді.

Анықтама: «Trade Over Aid» («Көмектің орнына сауда») бастамасын Америка Құрама Штаттары халықаралық дамудың сауданы кеңейтуге, тікелей шетелдік инвестицияларға, бірлескен кәсіпорындарға және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың өзге де нысандарына негізделген моделін ілгерілету мақсатында ұсынған.

Бастама ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен орнықты дамуға ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта, нарықтық реформалар және жеке сектордың белсенді қатысуы арқылы қол жеткізуге болатынына негізделеді. Сонымен қатар гуманитарлық қажеттіліктерді қамтамасыз ету және даму үдерістерін қолдау мақсатында халықаралық көмектің маңыздылығы сақталатыны мойындалады.

Бастама шеңберінде мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және жеке сектордың қатысуымен тұрақты форумдар өткізу, сондай-ақ дамушы елдердегі әлеуетті нығайту мен экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстардың цифрлық кітапханасын қалыптастыру көзделген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1265000?lang=ru