Қазақстан Құрылтайы Малайзияның академиялық қоғамдастығының назарында

Қазақстан Құрылтайы Малайзияның академиялық қоғамдастығының назарында

29.07.2026 10:21:42 252

Куала-Лумпур, 2026 ж. 29 шілде – Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малайзия халықаралық ислам университетінің (IIUM) ректоры, белгілі философ және ислам өркениетін зерттеуші профессор Осман Бакармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды талқылап, жоғары өкілді органның жаңа үлгісі – Құрылтайдың қалыптасуына, сондай-ақ алдағы сайлауға ерекше назар аударды. Елші сұхбаттасына заң шығару билігінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуын кеңейтуге және елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған конституциялық реформалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

«Құрылтайдың құрылуы – біздің көпғасырлық мемлекеттілік дәстүрімізге деген құрметтің көрінісі. Бүгінде бұл институт өкілді биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи мазмұнмен толықтырылуда», – деп атап өтті Елші Б. Сүгірбаев.

Кездесу барысында Қазақстан мен Малайзияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Тараптар академиялық алмасуларды кеңейтуге, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ исламтану, философия және ғылым тарихы салаларындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қызығушылық білдірді.

Елші профессор О. Бакардың ислам философиясы мен ғылым тарихын зерттеуге қосқан елеулі үлесін жоғары бағалап, оның ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерделеу бағытындағы көпжылдық еңбектерін ерекше атап өтті. Әл-Фараби еңбектері Қазақстанның және әлемдік ислам өркениетінің маңызды интеллектуалдық мұрасының бір бөлігі болып табылады.

Профессор О. Бакар Қазақстанмен ғылыми және білім беру байланыстарын одан әрі дамытуға мүдделі екенін растап, қазақстандық университеттер мен ғылыми орталықтармен ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық және зияткерлік өзара іс-қимылды нығайту Қазақстан мен Малайзия арасындағы серіктестіктің одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1265091?lang=ru