Қазақстан мен Чехияның ынтымақтастығы сайлау үдерісі мен құқық қорғау саласын қамтиды

Қазақстан мен Чехияның ынтымақтастығы сайлау үдерісі мен құқық қорғау саласын қамтиды

31.07.2026 15:10:57 304

Прага, 2026 жылғы 24 шілде – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың Чех Республикасының Ішкі істер министрі Лубомир Метнармен жылы әрі сындарлы жағдайда өткен кездесуінде сайлау үдерісі мен құқық қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты қаралды.

Чех Республикасында сайлауды ұйымдастыру және оны әкімшілік-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жататынын ескере отырып, әңгімелесу барысында Қазақстанда елдің жаңа Конституциясы негізінде өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына ерекше қызығушылық танытылды. Осы орайда Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құрудың басты қағидаты ретінде айқындаған «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасының іске асырылу барысы жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Сондай-ақ заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік институттар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қоғам алдында есеп беретін заманауи мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға бағытталған институционалдық реформаларға тоқталды.

Биылғы сәуір айында Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің Астанаға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында Қазақстан Республикасы азаматтарына қатысты визалық режимді Еуропалық одақпен әріптестік шеңберінде ырықтандыру жөніндегі жұмыстың басталғаны атап өтілді.

Тараптар екі елдің құзыретті органдары арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының заңсыз айналымына, адам саудасына, заңсыз көші-қонға, киберқылмысқа және трансұлттық сипаттағы өзге де қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару, қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қаржылық тергеп-тексеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы күрес салаларындағы озық тәжірибемен алмасу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Әңгімелесушілер Қазақстан мен Чехияның құқық қорғау органдары арасындағы тікелей байланыстарды одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытып, сараптамалық консультациялар өткізуді, бірлескен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды, кәсіби тәжірибе мен үздік практикалар алмасуды, сондай-ақ Интерпол және өзге де бейінді халықаралық тетіктер аясындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызын растады.

Чех Республикасының Ішкі істер министрі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформалар туралы ақпаратпен қызығушылықпен танысып, ішкі істер органдарының құзыретіне кіретін барлық бағыттар бойынша Қазақстанмен практикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға әзір екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге және құқық қорғау саласындағы өзара ықпалдастықты дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға ортақ мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1266695?lang=ru