Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі
03.08.2026 15:17:35 85
Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл науқан азаматтардың мемлекет тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауы арқылы елдің болашағын айқындауға қатысатын жауапты кезең.
Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Сайлау учаскелері талапқа сай әзірленіп, халыққа жан-жақты ақпарат берілуде. Бұл – елімізде демократиялық қағидаттардың орнығып, әрбір азаматтың конституциялық құқығын жүзеге асыруына барлық жағдай жасалып жатқанын айғақтайды.
Ардагерлер қауымы үшін елдің тұрақтылығы, қоғамдық келісім мен ұрпақтар сабақтастығы әрдайым басты құндылықтардың бірі болып келеді. Біз еліміздің бүгінгі жетістіктері бірлік пен татулықтың, өзара құрмет пен жауапкершіліктің нәтижесі екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – тек жеке таңдау ғана емес, мемлекет алдындағы азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Құрылтайдың тиімді жұмысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық келісімді сақтауға және әділетті мемлекет қалыптастыруға өз үлесін қосатынына сенімдімін. Бұл – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Осы орайда, барлық қала тұрғындарын Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес. Біз татулық пен тұрақтылықты сақтай отырып, ортақ мақсатқа жұмыла білсек, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне бірге қызмет етеміз.
Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы