Ақтөбе өңірлік университетінің 50-ден астам студенті Отанға адал болуға ант берді

Ақтөбе өңірлік университетінің 50-ден астам студенті Отанға адал болуға ант берді

03.08.2026 16:51:32 180

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында «Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті» КеАҚ әскери кафедрасы студенттерінің Әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға әскери білім ордасының басшылығы, жоғары оқу орны әскери кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, әскери қызметшілер, оған қоса студенттердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Әскери ант берген студенттер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, әскери борышын адал атқаруға, халқына қалтқысыз қызмет етуге және кез келген уақытта елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға ант берді.
Түлектерді құттықтау сөзінде институт басшылығы оқу барысында олар таңдаған мамандықты меңгеріп қана қоймай, сапалы әскери даярлықтан өткенін, мықты теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды игергенін атап өтті. Бұл олардың запастағы офицерлер мен сержанттар ретінде әскери-есептік мамандық бойынша жүктелген міндеттерді кәсіби деңгейде орындауына мүмкіндік береді.
Биыл әскери даярлық бағдарламасын 52 студент сәтті аяқтағанын айта кеткен жөн. Оның ішінде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының тарихында алғаш рет «ұшақтарды, тікұшақтарды және авиациялық қозғалтқыштарды пайдалану және жөндеу» мамандығы бойынша 12 запастағы офицер даярланып шықты. Бұдан бөлек авиациялық техниканы пайдалану және жөндеу бағытындағы мамандықтар бойынша 40 студент запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасын аяқтады. Әуе қорғанысы күштері әскери білім ордасы үшін бұл түлектер – запастағы сержанттардың үшінші легі.
Білікті жұмылдыру резервін даярлау – институт қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс еліміздің қорғаныс әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1267764?lang=ru