Астана қаласында Жасанды интеллект бойынша 3-ші Халықаралық IOAI 2026 олимпиадасы басталды

Астана қаласында Жасанды интеллект бойынша 3-ші Халықаралық IOAI 2026 олимпиадасы басталды

03.08.2026 16:56:15 168

3 тамызда Астанада Жасанды интеллект бойынша 3-ші Халықаралық IOAI 2026 олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бір апта бойы Қазақстанның астанасы талантты оқушылардың, жетекші сарапшылардың және әлемдік технологиялық индустрия өкілдерінің бас қосатын алаңына айналды.

Олимпиаданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нурбек, IOAI халықаралық кеңесінің негізін қалаушысы әрі төрайымы Елена Маринова және Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин қатысты.

Рәсімге IOAI 2026 қатысушылары, команда жетекшілері, байқаушылар және халықаралық олимпиадалық қауымдастықтың өкілдері жиналды. Биылғы жарыс 106 ел мен аумақтан келген 500-ге жуық қатысушының басын біріктірді. Астана жаңа буын зерттеушілері, инженерлер және технология жасаушылардың кездесетін орнына айналды.

«Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданы Астанада осындай бұрын-соңды болмаған деңгейде қабылдау - біз үшін үлкен мақтаныш, елордамыз рекордтық 106 елдің басын біріктірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жасанды интеллект саласын дамытуға көрсеткен жеке қолдауы мен назары бұл оқиғаға ерекше мәртебе береді. Осындай назардың арқасында Қазақстан өзін озық технологиялық держава ретінде сенімді түрде көрсетіп отыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің талантты жастарымыздың ең батыл амбицияларын жүзеге асыруға және серпінді шешімдер қабылдауына барлық мүмкіндік алуы үшін жүйелі түрде жұмыс істей береді», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қатысушылармен өз тәжірибелерімен және жасанды интеллекттің болашағы туралы көзқарастарымен бөліскендер:

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz тең құрылтайшысы және бас директоры;

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және бас директоры;

доктор Кай-Фу Ли, Sinovation Ventures төрағасы әрі бас директоры, Sinovation Ventures жасанды интеллект институтының президенті, Google China бұрынғы президенті.

Шақырылған сарапшылардың сөз сөйлеуі рәсімнің негізгі бөліктерінің бірі болды. Спикерлер жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, іргелі білімнің маңызы, эксперименттерге дайындық және әзірлеушілердің жаңа буынының жауапкершілігі туралы айтып берді.

Еске салар болсақ, ЖИ бойынша 3-ші Халықаралық олимпиада - IOAI 2026 Астанада 2-8 тамыз аралығында өтуде. Қатысушылар машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің басқа да бағыттары бойынша есептерді шешеді.

Олимпиада бағдарламасына екі жеке тур, командалық челлендж, білім беру кездесулері, халықаралық пікірталастар мен мәдени іс-шаралар кіреді.

IOAI 2026 жарысының Қазақстанда өтуі еліміздің цифрлық білім беруді дамытуға, талантты жастарды қолдауға және жасанды интеллект саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға қатысуға ұмтылысын көрсетеді.

Қазақстандағы олимпиаданы ұйымдастырушы - Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFED).

Анықтамалық ақпарат

IOAI - мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект бойынша халықаралық ғылыми олимпиада. Ол жас таланттарға жарысу, білім алмасу және жасанды интеллект технологияларын дамытудың озық бағыттарымен танысу алаңы. Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада 2024 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан жарыстардың біріне айналған. IOAI алғаш рет 2024 жылы Бургас қаласында (Болгария) өтіп, 32 ел мен аумақты жинады. ЖИ бойынша екінші халықаралық олимпиада Бейжіңде (ҚХР) өтті, онда 61 ел мен аумақ қатысты. Астана рекордты қатысушылар мен елдердің басы қосылған 3-ші IOAI қабылдауда.

IOAI 2026 серіктестері:

ЖИ бойынша 3-ші Халықаралық олимпиада ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Астана қ. әкімдігінің қолдауымен өткізілуде.

Жаһандық серіктестер: IMC, Jane Street, Google, Huawei, Galbot, HRT, Mohammed ben Zayed University of AI, DeepInfra.

Жергілікті серіктестер: Kaspi.kz, Freedom Holding Corp., Documentolog, Higgsfield AI, Astana Hub.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1267648?lang=kk

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-digital/press/news/details/1267767?lang=ru