Алматыда әскери қызметшілер майдангер Владимир Белозеровты туған күнімен құттықтады
03.08.2026 18:10:37 166
Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Владимир Дмитриевич Белозеров 101 жасқа толды. Майдангерді айтулы мерейтойымен Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы мен Бостандық ауданының бейінді басқармасының өкілдері құттықтады.
Қорғаныс министрінің атынан ардагерге құттықтау хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Әскери қызметшілер Владимир Дмитриевичке мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, әскери оркестр соғыс жылдарының әндерін орындады.
Владимир Дмитриевич Белозеров 1925 жылғы 3 тамызда Шымкент қаласында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысы басталған кезде теміржол училищесінде оқып жүрген. 1943 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, Барнаул жаяу әскер училищесін тәмамдағаннан кейін мерзімінен бұрын майданға жіберілді.
Ол 3-Украина майданының 92-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамындағы 280-атқыштар полкінде шайқасты. Алғашқы ұрысқа Украина жерінде қатысып, Днепр өзенінен өту кезінде басынан ауыр жарақат алып, ұзақ емнен кейін денсаулық жағдайына байланысты әскерден босатылды.
Ерлігі мен батылдығы үшін Владимир Дмитриевич Қызыл жұлдыз және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
Соғыстан кейін ол өмірін еңбекке арнады. Мәскеу индустриялық институтын бітірген соң Алматыдағы құрылыс материалдары комбинатының өндірістік цехтарының бірін 25 жылдан астам уақыт басқарып, қала өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосты.
Құрметті жасына қарамастан, Владимир Дмитриевич әлі де белсенді өмір салтын ұстанады. Ол күн сайын дене жаттығуларын жасап, серуендейді, шахмат ойнайды және айналасындағыларды сергек ойымен, өмірге деген құштарлығымен тәнті етіп келеді.
Әскери қызметшілер, ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен жастар майдангерге үнемі барып, Отанды қорғау жолында жанқиярлық танытқан азаматқа құрмет көрсетіп келеді. Владимир Белозеровтың өмір жолы – ерлік пен қайсарлықтың, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі әрі жеңімпаз ұрпақтың тағдырын айшықтайтын тағылымды тарих.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1267899?lang=ru