2025 жылғы 27 сәуірде Айрақты тауы аумағында тазалық бойынша дрон арқылы мониторинг жүргізілді
03.08.2026 18:36:14 217
2025 жылғы 27 сәуірде Маңғыстау облысында туристік маусымның басталуына байланысты Айрақты тауына келушілер санының артуына орай туристік аумақтың тазалығын бақылау мақсатында арнайы дрон көмегімен мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Өңірлік туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашевтың айтуынша, мониторинг барысында демалушылар қалдырған қоқыс көлемі анықталып, дрон арқылы түсірілген материалдар тиісті органдарға жолданатын болады.
«Қазір Айрақты тауына келушілердің саны артты. Соған сәйкес, қоқыс көлемі де көбейіп отыр. Жақында ғана тазалық жұмыстары жүргізіліп, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылды. Бүгін дрон арқылы мониторинг жасап, қоқыс қалдырған азаматтарды бейнетіркеуге алдық. Енді бұл материалдар құзыретті органдарға жіберіліп, тиісті шаралар қолданылатын болады. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасады. Барша жерлестерді және облыс қонақтарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырамын», — деді Ерсін Ибрашев.
Айта кетсек, өңірдің экологиялық тазалығын сақтау мақсатында «Маңғыстау жылу, су» мекемесі бірқатар іс-шараларды атқарды. Атап айтқанда, Айрақтыға – 5, Ақмышқа – 10, Самал демалыс аумағына – 5 қоқыс контейнері қойылды. Демалушылар көбейетін демалыс күндері тазалықшыларды кезекшілікке шығару да қарастырылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1267936?lang=ru