Қарағанды әуе базасына – 25 жыл
18.08.2026 11:50:40 266
Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасының 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерейтойлық шараға әскери бөлімнің жеке құрамымен қатар Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов, әскери бөлімнің бұрынғы командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері және әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Асқар Ізбасов авиабазаның еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған елеулі үлесін атап өтті.
– 25 жыл ішінде әуе базасы қалыптасу мен даму жолынан өтті. Оның тарихында ұшқыштардың, инженерлік-техникалық құрамның және ұшуды қамтамасыз ету мамандарының бірнеше буынының кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы жатыр. Бүгінде жеке құрам әскери бөлімнің дәстүрін жалғастырып, заманауи авиациялық техниканы меңгеріп, кәсіби шеберлігін жетілдіріп келеді, – деді қолбасшы.
Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлігі әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне арналған ашық есік күні болды. Балалар әскери ұшақтарды тамашалап, кабиналарына отырып, әуе қырандарының шлемдерін киіп көрді. Көптеген бала үшін бұл әскери авиация әлемімен алғашқы танысу болды.
Мерекелік шара әрі қарай Достық үйінде жалғасты. Мұнда әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар табысталып, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған әскери қызметшілерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді. Әуе базасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагерлер мен бұрынғы командирлерге де алғыс айтылды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Ол әскери бөлімнің бастауында тұрған ардагерлерден бастап, бүгінде оның тарихын жалғастырып келе жатқан әскери қызметшілерге дейінгі бірнеше буын авиация мамандарын бір ортаға тоғыстырды.
Әуе базасының тарихы 2001 жылғы 16 тамыздан басталады. Сол күні алғашқы ұшақтар «Жаңа Семей» әуе айлағынан Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуе айлағына ұшып келді. Ал сол жылдың 18 қыркүйегінде жеке құрам еліміздің әуе шебін күзету бойынша тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқаруға кірісті. 2002 жылы әуе базасына жерлесіміз, аты аңызға айналған ұшқыш Нұркен Әбдіровтің есімі берілді.
Ширек ғасыр ішінде Қарағанды авиациялық базасы Қазақстанның әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды буынына айналды. Әскери бөлім өзінің басты дәстүрлерін – кәсібилік, әскери борышқа адалдық және ұрпақтар сабақтастығын берік сақтап келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1275714?lang=ru