Тараз қаласында мемлекеттік кірістер органдарының мобильді топтарына арналған көшпелі оқыту семинарлары өткізілді
18.08.2026 12:10:48 332
2026 жылғы 11-13 тамыз аралығында Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Автомобиль көлік құралдарын тоқтату кезінде және тауарларды заңсыз алып өтудің белгілері (фактілері) анықталған жағдайда кедендік бақылауды жүргізу барысында мемлекеттік кірістер органдары мобильді топтары лауазымды адамдарының іс-қимыл алгоритмі» тақырыбында көшпелі оқыту семинарларын өткізді.
Іс-шараларға Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Жамбыл және Алматы облыстары бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттерінің мобильді топтарының қызметкерлері қатысты.
Көшпелі оқыту семинарлары және аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының бейінді бөлімшелерімен өткізілген кеңестер мобильді топтардың қызметінде бірыңғай тәсілдер мен практиканы қалыптастыру, тәжірибе алмасу, өңірлік тәжірибені зерделеу, сондай-ақ кедендік бақылауды жүзеге асыру барысында туындайтын өзекті және проблемалық мәселелерді талдау және талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарлар барысында өңірлердің негізгі қызмет бағыттары бойынша ағымдағы мәселелер қаралып, практикалық жағдайлар және келісілген шешімдерді талап ететін жекелеген мәселелер талқыланды.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша қатысушылар практикалық тәжірибелерімен алмасып, мобильді топтардың жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларды талқылады.
Салықтық және кедендік әкімшілендірудің заманауи тәсілдерін іске асыру мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының қолайлы әрі ашық жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық және кеден саясатын тиімді іске асыруға бағытталған.
Жамбыл облысы бойынша МКД
Түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhambyl/press/news/details/1275748?lang=ru