Әскери-тарихи музей алғаш рет археологиялық экспедицияға қатысты

Әскери-тарихи музей алғаш рет археологиялық экспедицияға қатысты

22.08.2026 15:01:43 141

Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі алғаш рет археологиялық экспедиция жұмысына қатысты.

Зерттеу жұмыстары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, Тарбағатайдың солтүстік беткейіндегі элиталық сақ қорғандарын кешенді зерттеуге бағытталған ғылыми жоба аясында жүргізілді.

25 сәуір мен 15 тамыз аралығында мамандар Абай облысының Тарбағатай, Аягөз және Абай аудандары аумағында жұмыс жүргізді. Экспедиция құрамына Әскери-тарихи музейдің ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі, археолог ефрейтор Дидар Жармұхаметов кірді. Далалық зерттеу барысында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени мұра нысандары құжаттандырылды. Сондай-ақ сақ дәуіріндегі әскери мәдениетке қатысты материалдық жәдігерлер зерделенді.

– Экспедицияға қатысу Қазақстанның әскери тарихын археологиялық ескерткіштер арқылы тікелей зерттеуге жол ашады. Жинақталған материалдар сақ дәуіріндегі әскери мәдениеттің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және оны келешек ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді, – деді ефрейтор Дидар Жармұхаметов.

Экспедиция нәтижелерінің Әскери-тарихи музей қорын толықтыру үшін де маңызы зор. Ғылыми құндылығы бар жәдігерлер тиісті өңдеуден өткізіліп, белгіленген тәртіппен мемлекеттік есепке алынғаннан кейін музей қорына беріледі.

Экспедицияға қатысу Әскери-тарихи музейдің ғылыми-зерттеу бағытын кеңейтті. Ғалымдармен бірлескен жұмыс тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның әскери тарихын одан әрі насихаттауға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1278408?lang=ru