«Тіл – татулық тірегі»: әскери қызметшілер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды

«Тіл – татулық тірегі»: әскери қызметшілер арасында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды

24.08.2026 11:11:31 410

Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен қазақ тілі білгірлерінің сайысы Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасындағы тіл айлығының шешуші кезеңі болды.

Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту, әскери қызметшілерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, жеке құрам арасында әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын нығайту, Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін, өнерін, мәдениетін дәріптеу.

Байқауға қатысушылар мемлекеттік тілді еркін меңгергендіктерін көрсете білді. Шығармашылық сайысқа Қарулы күштердің түрлері мен құрылымдық бөлімшелерінен алты команда қатысты. Олар – «Жебе» (Құрлық әскерлері), «Әуе қырандары» (Әуе қорғанысы күштері), «Теңіз тарландары» (Әскери-теңіз күштері), «Айбынды қырандар» (Десантты-шабуылдау әскерлері), «Семсер» (Қару-жарақ бастығының басқармасы) және «Тәртіп сақшылары» (Әскери полиция бас басқармасы).

Байқау бес балдық шкала бойынша бағаланған үш кезеңнен тұрды. «Мәнерлеп оқу немесе монолог» деп аталатын бірінші кезеңде белгілі қазақ ақындарының шығармаларынан алты шумақ өлеңді жатқа оқу қажет болды.

Келесі кезекте «үй тапсырмасы» тексерілді. Онда командалар көрермен назарына сахналық көріністер ұсынды. Үшінші кезеңде өнерпаздар әр ұлттың ұлттық киімдері мен мәдениетін көрсете отырып, ән мен би орындады.

Командалардың бөлінген уақытты қатаң сақтауына, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде еркін және таза сөйлеуіне, өлеңді мәнерлеп оқи білуіне және мәтіннің көркем идеяларын аша білуіне, сондай-ақ сахна шеберлігі мен мәдениетіне ерекше назар аударылды.

Байқау қорытындысы бойынша «Тәртіп сақшылары» командасы жеңіс тұғырынан көрініп, 1 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал  екінші орынды иеленген «Айбынды қырандар» командасына 750 мың,  үшінші орын алған «Семсер» командасына 500 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Басқа командалар да назардан тыс қалған жоқ. Барлығы Қорғаныс министрінің грамотасымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Сонмен бірге капитан-лейтенант Мугатдин Мамедов «Көрермен көзайымы», кіші сержант Лаура Ахметова «Үздік актерлік шеберлік», Давид Рамазанов «Көркем сөз оқу шебері» номинацияларына лайықты деп танылды.

 – Мемлекеттік тіл – ел бірлігін нығайтатын маңызды құндылықтардың бірі. Әскери ортада қазақ тілін дамыту – тек тіл мәртебесін көтеру ғана емес, ортақ Отанға деген құрмет пен патриоттық сезімді қалыптастырудың да маңызды тетігі, – деді Қорғаныс министрлігі Аппаратының басшысы полковник Төлеген Бөлежанов.

 «Тіл – татулық тірегі» байқауы мемлекеттік тілдің әскери ортадағы қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен достығын нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар, қатысушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ел бірлігі мен ортақ құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1278799?lang=ru