Сапер бөлімшелерінің командирлері оқу-жаттығу жиынынан өтті

Сапер бөлімшелерінің командирлері оқу-жаттығу жиынынан өтті

25.08.2026 10:08:35 199

Қонаев гарнизонының Миналарды залалсыздандыру орталығында минадан тазарту міндеттерін орындайтын инженерлік әскерлер бөлімшелерінің командирлерімен оқу-жаттығу жиыны өтті.

Жиынға қатысушылар кәсіби даярлық деңгейін арттырып, жергілікті жер мен нысандарды жарылғыш заттардан тазарту жұмыстарын ұйымдастыру мәселелерін пысықтады.

Әскери қызметшілер минадан тазартудың заманауи әдістері мен құралдарын, инженерлік барлау жүргізу, мина-жарылғыш бөгеттерден өту, өтпелер жабдықтау және жергілікті жердің әртүрлі учаскелерін тазарту тәртібін зерделеді. Әуе, артиллериялық және инженерлік оқ-дәрілердің құрылысына, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыруға және қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударылды.

Практикалық сабақтар барысында инженерлік барлау жүргізу, өтпе жолдарды жабдықтау, жергілікті жерді, жолдарды, өзен учаскелерін және әскерлер орналасқан аудандарды минадан тазарту жұмыстары орындалды. Командирлер инженерлік әскерлердің заманауи құралдарын, оның ішінде роботтандырылған кешендерді, ұшқышсыз басқарылатын құралдар мен арнайы минадан тазарту жиынтықтарын қолдануды меңгерді.

Даярлықтың жеке бағыты мина-жарылыс және жарықшақты-жарылыс жарақаттарын алған зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету болды. Сондай-ақ курс барысында гуманитарлық минадан тазарту, жарылғыш заттарды тасымалдау және жою мәселелері қарастырылды.

– Командирлердің даярлығы минадан тазарту міндеттерін орындау кезінде бөлімшелердің іс-қимыл үйлесімділігіне тікелей әсер етеді. Әрбір командирдің сауатты шешім қабылдауға және түрлі жағдайларда жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуы маңызды, – деді оқу-жаттығу жиысының жетекшісі майор Асылбек Қуатбеков.

Жиын соңында әскери қызметшілер өткен тақырыптар бойынша сынақ тапсырды. Оқу қорытындысы бойынша олардың кәсіби даярлық деңгейін арттырғанын растайтын сертификаттар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1279390?lang=ru