Отбасы күніне орай «Отбасылық дәстүрлер және ұлттық құндылықтар» атты танымдық сағат өтті
10.09.2026 10:31:08 72Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында №4 мектептің 8-сынып оқушыларының қатысуымен отбасы күніне орай «Отбасылық дәстүрлер және ұлттық құндылықтар» атты танымдық сағат өтті.
Шара барысында №4 мектеп ұстазы Искакова Дания Самидинова отбасы құндылықтары, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, ұлттық салт-дәстүр мен рухани-адамгершілік тәрбие туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ қатысушылар назарына «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кітап көрмесі ұсынылып, отбасы тәрбиесіне арналған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
«Ұлы тұлғаны қалыптастырған отбасы» сұрақ-жауап кезеңінде оқушылар отбасының тұлға болып қалыптасуындағы рөлі туралы ой бөліссе, «Даналықтың дариясы – мақал-мәтел» ойынында отбасы, бірлік, ынтымақ және тәрбиеге қатысты мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, халық даналығының тәрбиелік мәнін ашты.
Шараның әсерлі сәті – «Отбасыма жүрекжарды тілегім» атты жақындарына деген ақ тілектері мен ыстық ықыластарын ұялы телефон арқылы жеткізіп, отбасының адам өміріндегі ең қымбат қазына екенін сезінді.
Танымдық сағат барысында отбасы – мейірім мен махаббаттың, тәрбие мен татулықтың алтын бесігі екені кеңінен насихатталды. Іс-шара оқушылардың отбасылық және ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, мазмұнды әрі әсерлі өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1288895?lang=ru