Қазақстан мен Өзбекстанның көлік ведомстволары Самарқандта халықаралық автомобиль тасымалдарының өзекті мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Өзбекстанның көлік ведомстволары Самарқандта халықаралық автомобиль тасымалдарының өзекті мәселелерін талқылады

14.09.2026 19:20:45 189

2026 жылғы 13 қыркүйекте Самарқанд қаласында Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Мақсат Қалиакпаров пен Өзбекстан Республикасының көлік министрінің бірінші орынбасары Маманбий Омаровтың тең төрағалығымен халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов те қатысты.

Отырыс барысында Тараптар екі мемлекет арасындағы халықаралық көлік қатынасын одан әрі дамыту, жүк және жолаушылар тасымалы көлемін ұлғайту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, көлік рәсімдерін цифрландыру, транзиттік әлеуетті дамыту, сондай-ақ рұқсат бланкілерімен лимитсіз алмасуға көшу және «кедергісіз» көлік-логистикалық жүйені қалыптастыру перспективаларын талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша қол қойылған хаттамада Тараптардың қол жеткізген уағдаластықтары бекітіліп, әріптестікті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары айқындалды. Кездесудің негізгі практикалық нәтижелерінің бірі 2026 жылы халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсат бланкілерімен қосымша алмасу мәселелерін шешу болды.

Самарқандта өткен келіссөздер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық және тату көршілік ынтымақтастықтың жоғары деңгейін тағы да растады. Кездесу сындарлы, іскерлік және достық атмосферада өтті.

Жалпы, Аралас комиссияның жұмысы әкімшілік кедергілерді азайтуға, рәсімдердің ашықтығын арттыруға және екі мемлекет арасындағы жүк ағындарының тұрақты өсуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-samarkand/press/news/details/1291510?lang=ru