Аспаздан тіс дәрігеріне дейін: Шахтинскідегі оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға қалай көмектеседі

Аспаздан тіс дәрігеріне дейін: Шахтинскідегі оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға қалай көмектеседі

09.02.2025 13:59:11 671

Шахтинскіде жасөспірімдер өздерін түрлі мамандықтарда сынап көрулері үшін бірқатар жобалар іске асырылуда.
2021 жылдан бастап Оқушылар сарайының базасында Кәсіптік құзыреттілік және Мансап орталығы жұмыс істейді. Бұл тек тестілеу және тренингтерден өтіп қана қоймай, болашақта немен айналысқың келетінін жақсы түсіну үшін мамандық өкілдерімен әңгімелесуге, оқу орындары мен кәсіпорындарға баруға мүмкіндік сыйлайтын орын.
– Біз балалардың болашақ кәсібі туралы көбірек біліп қана қоймай, өздерін сынап көруіне жағдай жасауға тырысамыз. Кәсіптік бағдарлау жұмысы диагностикадан, психологтармен әңгімелесуден, кәсіби сынақтардан және сарапшылармен кездесуден тұрады, – дейді орталықтың меңгерушісі Мария Морозова.
«Болашақты таңдау» жобасы аясында 10–11 сынып оқушылары «Авто дәрістер», «Шаштараз-визажист», «Тамақ дайындау технологиясы», «Медициналық білім негіздері» және басқа да бағыттармен айналыса отырып, өздерінің кәсіби қызығушылықтары мен дағдыларын дамыта алады.
Екі жыл бойы оқушылар теориялық білім алып қана қоймай, шеберлік сабақтарына, кәсіпорындарға экскурсияларға да қатысады. Шахтинск қаласының 600-ден астам оқушысы осы үйірмелерде оқиды.
– Курстың арқасында мамандығымды анықтадым. Мектепті бітіргеннен кейін мейрамхана ісі мен қонақ үй бизнесін үйренгім келеді. Өзімнің грузин асханамды ашуды армандаймын, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Виктор Протасенко. – Екі жыл ішінде мұнда аспаздық істің негізін меңгердім.
Орталықтағы сабақтардан басқа, жоғары сынып оқушылары Қарағандының жетекші оқу орындарымен бірлесіп ұйымдастырылған бейіндік үйірмелерге өз қалаулары бойынша қатысады. Қарағанды медициналық университетімен бірлесіп, «Стоматология негіздері», «Жалпы хирургия» және «Жас криминалист» үйірмелері, ал Қарағанды политехникалық университетімен бірлесіп, «Сәулет және дизайн» үйірмелері ашылды.
Шахтинск оқушылары арасында «Медициналық сынып» және «Педагогикалық сынып» жобалары ерекше танымал. Олар медицина мен педагогика саласында базалық білім алуға ғана емес, сонымен қатар практикалық дайындықтан өтуге, экскурсияларға қатысуға, тіпті білім беру блогтарын жүргізуге де мүмкіндік береді.
– Практикалық оқыту балаларға мамандық туралы естіп қана қоймай, өзін сынап көруге көмектеседі. Бұл олардың мамандық таңдауына деген сенімін арттырады және жоғары оқу орнына немесе колледжге түсу кезінде бейімделуді жеңілдетеді, – дейді Шахтинск қаласының Білім беру бөлімінің басшысы Николай Онсович. – Мысалы, өткен жылы біздің 15 түлегіміз Қарағанды медицина университетінің базасында грант алды.
Сондай-ақ, Оқушылар сарайында цифрлық және тұрмыстық техниканы жөндеу, аяқ киім ісі, автомеханика сияқты жаңа бағыттарды ашу жоспарланған.
Шахтинск қаласының Оқушылар сарайында барлығы 11 бағыт бойынша 145 үйірме жұмыс істейді, оларға 4 пен 18 жас аралығындағы екі мыңнан астам бала қатысады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/930408