Қостанай облысында құрылыс, ТКШ және көлік салаларының 2024 жылғы даму қорытындылары шығарылып, 2025 жылға арналған жоспарлар белгіленді
10.02.2025 02:37:42 1056
Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының алқасы өтті. Жиында 2024 жылдың қорытындылары шығарылып, 2025 жылға арналған басым бағыттар белгіленді.
Құрылыс саласы: өсім мен жаңа тәсілдер
Құрылыс саласы өңір экономикасының негізгі секторларының бірі болып қала береді. 2024 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 25%-ға артып, 315,3 млрд теңгені құрады. 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5 мың отбасы баспаналы болды.
Құрылыс индустриясының дамуы жергілікті материалдарды пайдаланумен тығыз байланысты. Облыста құрылыс материалдары өндірісі 51,6 млрд теңгені құрап, 3,6%-ға өсті.
Бюджеттік тұрғын үй құрылысына жаңа сәулеттік және дизайндық шешімдер енгізілуде. Көшелерді абаттандыруға ерекше назар аударылады. Құрылыс компаниялары үшін міндетті болатын абаттандыру стандарттары әзірленді.
Облыс тұрғындары үшін қолжетімді баспана
• “Қостанай жастары” бағдарламасы – үш жыл ішінде 250 жас отбасы баспаналы болды, бағдарлама 2025 жылы жалғасады.
• Ипотекалық несие беру – берілген несиелер көлемі 17%-ға өсіп, Отбасы банк салымшыларының саны 85,4 мың адамға жетті.
• Жалдамалы тұрғын үй – 2024 жылы оған 18 млрд теңге бөлініп, 940 пәтер сатып алынды. 2025 жылы бұл мақсатқа 20 млрд теңге қарастырылып, 1 000 кезекте тұрған азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ 250 несиеге берілетін пәтер ұсынылады.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту
2024 жылы жол саласының бюджеті 27%-ға артып, 93,5 млрд теңгені құрады. Бұл қаражат есебінен:
• 1 300 км автожол және 103 елді мекендегі 382 көше жөнделді.
• Ауылдарға апаратын 80 кіреберіс жол жаңартылып, 38 млрд теңге бөлінді.
Үш жыл бұрын облыста бар болғаны 20 кіреберіс жол жөнделсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш төрт есеге жуық өсті.
Ауыл жолдарына ерекше назар аударылды:
• Ашутасты ауылы (Арқалық) – 13 көшенің 11-і жөнделді (85%).
• Үлкен Чураковка ауылы (Алтынсарин ауданы) – екі жылда 18 көшенің 8-і жаңартылды (44%).
• Федоровка ауылы (Ұзынкөл ауданы) – 13 көшенің 8-і жөнделді (47%), қалғаны жоспарға енгізілді.
Республикалық трассаларды қайта құру:
• Арқалық – Ұлытау облысы шекарасы тас жолының жөндеу жұмыстары аяқталуда. Бұл жолдың ашылуы арқылы Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан Ресейге дейінгі қашықтық 400 км-ге қысқарады.
• Сарыкөл – СҚО шекарасы және Ұзынкөл – Троебратное бағытындағы жолдар жаңартылуда.
• 2024 жылы Бестөбе – Ақтөбе облысы шекарасы жолының жөндеу жұмыстары басталады.
Арқалық әуежайын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жаңғыртудан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыға дейін артады, Қостанай мен Астанаға әуе қатынасын қайта жандандыру жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы: желілерді жаңғырту және жаңа жобалар
2025 жылға жоспарланған:
• 6 млрд теңгеге 39 коммуналдық желіні жаңғырту жобасы.
• 76 жобаны жүзеге асыру үшін 55 млрд теңгеге өтінімдер берілді.
• 2029 жылға дейін жылу желілерінің тозуы 40%-ға дейін төмендетілмек (қазір 45,4%), бұл апаттық жағдайлардың санын 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Сумен жабдықтау
• 2024 жылы су жобаларына 7,7 млрд теңге бөлініп, 40 жоба іске асырылуда.
• 2025 жылы 42 млрд теңгеге 59 жоба қаржыландырылады (өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп).
• Орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған ауыл тұрғындарының үлесі 61,5%-дан 68,9%-ға дейін артты.
• Мемлекет су тарифінің 96%-ын субсидиялайды, нәтижесінде тұрғындар 1 текше метр суды 1 342 теңге орнына 55 теңгеге тұтынады.
Газдандыру
• Қостанай – Боровское газ құбырының жобасы басталды, ол 24 мың тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.
• 2024 жылы 5 жоба іске асырылып, 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыстар облыстың газдандыру деңгейін 60,4%-ға дейін арттырады.
Көше жарығы
2024 жылы елді мекендерде 15 мың жарық шамы мен 4,3 мың тірек орнатылады. Бұл 992 км жолды жарықтандыруға мүмкіндік береді.
Жаңартылатын энергетика
Өңірде жалпы қуаты 1 ГВт болатын 580 млрд теңгеге 5 ірі ЖЭК жобасы жүзеге асырылуда:
• 1 күн электр станциясы
• 1 газ-поршеньді станция
• 3 жел электр станциясы
Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін аймақтың электр қуатын өндіру көлемі 10 есе артып, облыстың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
2024 жылы қалалар мен ауылдарды абаттандыруға 14,7 млрд теңге бөлінді (2023 жылмен салыстырғанда 34%-ға көп). Қаражат саябақтарды, балалар алаңдарын, көше жарығын, қасбеттерді жаңартуға және апатты үйлерді бұзуға бағытталды.
Тұрақты даму бағыты
Мемлекет басшысы энергиямен толық өзін-өзі қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру міндеттерін қойды. Қостанай облысы бұл мәселелерді шешу үшін ТКШ жаңғыртуға, жол желісін жақсартуға, қолжетімді тұрғын үй салуға және жаңартылатын энергия көздерін енгізуге ресурстар бағыттауда.
Бұл жұмыстар 2025 жылы қаржыландыру көлемін арттыра отырып және инвестиция тарту арқылы жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/934034