ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ НЕГІЗІНДЕ ЕЛДІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУДА
11.12.2024 21:14:24 2421ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ НЕГІЗІНДЕ ЕЛДІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУДА
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы көрнекті ғалым, белгілі академик, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ғылымды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев алғы сөзінде академияның ғылым саласындағы өзіндік орны мен маңыздылығын атап өтті: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемдегі 20 жетекші академияның тәжірибелерін талдай отырып, біз академияның миссиясын, пайымдауын және алдағы 10 жылға (2035 жылға дейінгі) даму стратегиясын нақты индикаторлармен айқындадық. Бұдан басқа, халықаралық тәжірибе негізінде академия жұмысының нақты моделі жасалды. Әлемдегі жетекші академиялардың даму құпиясы – ситуациялық-болжамды талдаудың дұрыс құрылған жүйесі, бұл – Ғылым академиялары жұмысының негізгі арқауы. Егер біз осы заманауи ақпараттық базаны қолданысқа енгізе алсақ – академия ғылым саласындағы орын алған барлық жүйелік олқылықтарды анықтап, ғылымның басымдықтарын дұрыс негіздей алады».
Академия Президенті осы жылы атқарылған жұмыстар бойынша ауқымды баяндама жасады. Баяндама барысында алғаш рет ғылымды дамытудың басымдықтарын анықтау бойынша ауқымды форсайт-зерттеулер жүргізілгенін, отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалау үшін арнайы талдау орталығы құрылғанын, ол орталықтың нақты жұмыстарының нәтижелерін келтірді.
Дөңгелек үстел барысында барлық қатысушылар еліміздің алдында тұрған ғылыми-технологиялық даму саласындағы міндеттерді шешу тәсілдерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс атқару туралы шешімдер қабылдап, тың ұсыныстарын берді. Іс-шара нәтижесінде ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлескен қызмет туралы қоғамдық, салалық академиялар мен еліміздің ғылыми бірлестіктері арасында екіжақты меморандумдарға сәйкес жүйелі түрде отандық ғылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/900732