Жезқазған қаласын газдандыру шеңберінде 3 кезектен 2 кезек аяқталып, пайдалануға берілді
11.12.2024 22:16:04 2682
2024 жылдың 11 желтоқсанында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, облыстың отын-энергетика кешеніндегі ағымдағы жағдайына тоқталып, Жезқазған қаласын газдандыру барысымен танысты.
Ұлытау облысын газдандырудың аймақтық схемасына сәйкес 2030 жылға дейін 9 елді мекенді (Жезқазған, Атасу, Жәйрем, Қаражал, Кеңгір, Сәтбаев, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай) газдандыру жоспарланған.
Бұл бірқатар өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық нысандарды табиғи газға көшіруге, сондай-ақ оны тұрғын үй секторында жылыту және тамақ дайындау үшін пайдалануға мүмкіндік беріп, жекелеген аудандарда және тұтастай облыста отын-энергетикалық теңгерімді және экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартады.
Жезқазған қаласын газдандыру жобасы 3 кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады, жобаның құны 14,3 млрд. теңге. Ұзындығы 199,8 км. Ағымдағы жылы 2 кезек аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта газға қосылған 1493 үй, техникалық шарттар 1705 үйге берілді.
Қаражал қаласы, Жәйрем кенті және Кеңгір ауылындағы газификация бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынды.
«Облысты газдандырудың өңірлік схемасын іске асыру халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдай туғызады деп күтілуде», - деп айтты вице-министр.
Сонымен қатар Бақытжан Ильяс өңірде энергия өндірісі жаңартылатын көздер технологияларын қолдана отырып, белсенді дамып келетінін атап өтті.
Бүгінгі таңда Ұлытау облысында қуаты 10 МВт болатын қолданыстағы бір күн электр станциясының объектісі бар.
Сонымен қатар қуаты 100 МВт жел электр станциясының жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Өңірдің тұрғындарымен кездесу барысында азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толық жауаптарын алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/901109