Enbekshi QazaQ

Жаңалықтар

Маңғыстау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан әкімдігімен бірлесіп салық төлеушілерге арналған семинар ұйымдастырды 19.05.2026
Маңғыстау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан әкімдігімен бірлесіп салық төлеушілерге арналған семинар ұйымдастырды.Іс-шарада салық заңнамасының өзгерістері, салықтық есептілікті дұрыс толтыру тәртібі, электрондық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктері мен салықтық жеңілдіктер туралы толық ақпарат берілді.Семинарға кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары және жеке тұлғалар қатысты. Мамандар салық төлеушілердің сауалдарына жауап беріп, практикалық ұсыныстар ұсынды.Мақсаты – салық мәдениетін арттыру, заң бұзушылықтардың алдын алу және бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету.Мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдері мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1223273?lang=kk
Түпқараған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеушілерге арналған «Ашық есік күні» акциясы өткізілді 19.05.2026
Түпқараған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеушілерге арналған «Ашық есік күні» акциясы өткізілді.Іс-шара барысында тұрғындар мен кәсіпкерлер салық заңнамасының өзекті мәселелері бойынша толық ақпарат алып, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін, электронды салық есептілігін жүргізу ережелерін, жеңілдіктер мен жеңілдіктерді енгізу мүмкіндіктерін нақты білді.Басқарма мамандары әрбір салық төлеушіге жеке-дара кеңес берді, туындаған сұрақтарға жауап берді және практикалық көмек көрсетті. Акцияның мақсаты – салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету, халық пен бизнес арасындағы ашықтықты арттыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін көрсету болды.Қатысушылар акцияны жоғары бағалап, мұндай кездесулерді тұрақты өткізуді сұрады.Мемлекеттік кірістер басқармасы салық төлеушілерге ыңғайлы жағдай жасауды және сапалы қызмет көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра беретінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1223276?lang=kk
Қазақстанда термосезімтал жүктерді тасымалдауға қойылатын бақылау күшейтілді 19.05.2026
Қазақстан Президентінің тапсырмасы аясында елде термосезімтал жүктерді тасымалдауға арналған жаңа стандарт бекітілді. Бұл температуралық режимді тасымалдаудың барлық кезеңінде, соның ішінде аралық тиеу-түсіру мен сақтау барысында қатаң сақтауды талап ететін өнімдерді жеткізуге қатысты.Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі №22-НҚ бұйрығымен СТ РК ISO 23412-2026 «Температуралық бақылаумен рефрижераторлық жүктерді жеткізу бойынша жанама қызметтер. Аралық тиеу-түсіру арқылы жүзеге асырылатын жерүсті жүк тасымалы» стандарты қабылданды. Құжат 2026 жылғы 10 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді.Жаңа стандарт термосезімтал жүктерді жерүсті көлігімен тасымалдауға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды. Олардың қатарына азық-түлік өнімдері мен жеткізу кезінде тұрақты температуралық режимді сақтауды қажет ететін өзге де тауарлар жатады. Құжат жүк тасымалының жүкті қабылдау, тасымалдау, сақтау, аралық тиеу-түсіру және температуралық режимді тұрақты бақылау сияқты барлық кезеңін қамтиды. Сонымен қатар стандарт рефрижераторлық жеткізу қызметін көрсетушілер мен тапсырыс берушілер арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін де реттейді. Мамандардың пікірінше, СТ РК ISO 23412-2026 стандартын енгізу өнімнің бүліну қаупін азайтып, «суық тізбектің» үзілуіне жол бермейді әрі логистикалық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Құжат Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде әзірленген.Осы уақытқа дейін Қазақстанда аралық тиеу-түсіруді қамтитын рефрижераторлық жеткізу қызметтеріне қатысты бірыңғай талаптар болмаған. Жаңа стандарт жүк тасымалының сенімділігін арттырып, температуралық режимнің сақталуына бақылауды күшейтуге және рефрижераторлық логистика саласына деген тұтынушылар сенімін нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti-ktrm/press/news/details/1223277?lang=kk
Алматы облысында алғаш рет MitraClip әдісімен бірегей жүрек отасы жасалды 19.05.2026
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында мекеме тарихында алғаш рет және Алматы облысында тұңғыш рет MitraClip жоғары технологиялық эндоваскулярлық отасы сәтті жүргізілді. Бұл — ауыр митралды жеткіліксіздікті емдеуге арналған заманауи аз инвазивті әдіс. Бірегей медициналық араласу өңірдегі кардиохирургия қызметінің дамуына серпін беріп, жүректің күрделі патологиялары бар науқастарға көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтті.Ота айқын митралды регургитациясы бар және ашық хирургиялық араласу жасау аса жоғары қауіппен байланысты болған науқасқа жасалды. MitraClip технологиясының арқасында дәрігерлер кеуде қуысын кеспей және жасанды қанайналым аппаратына қоспай-ақ, тамыр арқылы митралды қақпақшаны түзетуге мүмкіндік алды.Процедура сәтті өтті. Отаға кардиохирургтар, интервенциялық кардиологтар, анестезиологтар және эхокардиография мамандары қатысты. Мұндай күрделі араласудың сәтті жүзеге асуы — мамандардың кәсіби дайындығының, көпсалалы командалық жұмыстың және әлемдік озық технологияларды АМКБ тәжірибесіне енгізудің нәтижесі.Жаңа технологияны енгізу аясында ауруханада бейінді мамандардың қатысуымен шеберлік сабағы да ұйымдастырылды. Оның барысында жүрек қақпақшалары ақауларын аз инвазивті тәсілмен емдеудің заманауи әдістері көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, MitraClip технологиясы әсіресе жасы ұлғайған, қосымша аурулары бар немесе хирургиялық тәуекелі жоғары болғандықтан ашық ота жасауға болмайтын пациенттер үшін аса маңызды.Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының эндоваскулярлық хирургы Арман Садыков мұндай технологияларды енгізу клиниканы дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.«Бұл біз үшін жай ғана алғашқы жоғары деңгейлі ота емес. Бұл — өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуының жаңа кезеңі. Бүгінде біздің мамандар таяу уақытқа дейін тек ірі шетелдік орталықтарда ғана қолжетімді болған емдеу әдістерін меңгеріп, тәжірибеге енгізуде. Ең бастысы — енді Алматы облысының тұрғындары мұндай көмекті өңірден шықпай-ақ ала алады», — деді Арман Садыков.АМКБ-да интервенциялық кардиология мен кардиохирургияны дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жақын кезеңде клиника жоғары технологиялық оталардың түрлерін кеңейтіп, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудің озық әдістерін енгізуді жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1223291?lang=kk
Қорғаныс министрлігінің Алматы өңіріндегі патриоттық акциясына үш жарым мыңнан астам оқушы қатысты 19.05.2026
Қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобы Алматы, Қонаев және Талғар қалаларында кең ауқымды патриоттық акция өткізіп, оқушылармен кездесті.Ақпараттық-түсіндіру тобының жастармен алғашқы кездесуі Алматы қаласында өтті. Кездесулер Бауыржан Момышұлы атындағы№ 131 мектеп-лицейі мен № 48 мектеп-лицейде және Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматы филиалында ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық білім басқармасының өкілдері, Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, ұстаздар және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.Жиын барысында Қорғаныс министрлігінің өкілдері оқушыларға әскери қызметтің шарттары, мерзімді қызметтің ерекшеліктері, әскери оқу орындарына түсу тәртібі және әскери мансап мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ақпараттық-түсіндіру тобының басшысы полковник Дәулет Бейсеков әскери қызмет жастарға кәсіби және тұлғалық даму үшін кең мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, мерзімді қызметтен өткендерге жоғары оқу орындарына түсу кезінде берілетін жеңілдіктер мен үздік сарбаздарға мемлекеттік грант арқылы тегін білім алу мүмкіндігі түсіндірілді.Акция аясында № 131 мектеп-лицейіндегі Бауыржан Момышұлы музейі таныстырылып, робототехника бағытындағы оқу жұмыстары көрсетілді.Армия үйінде оқушылар үшін әскери киімдер мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, Жауынгерлік даңқ музейіне экскурсия өткізілді. Іс-шара соңында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Алматы филиалы шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды.Келесі кезең Қонаев қаласында жалғасты. Кездесулер қазақ мектеп-лицейінде, № 3 орта мектепте және қалалық Мәдениет үйінде өтті. Іс-шараларға білім беру саласының өкілдері, әскери ардагерлер, ұстаздар және «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері қатысты.Бұл кезеңде Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері подполковник Олжас Баукен әскери оқу орындарына түсу тәртібі, әскерге шақыру шарттары және мерзімді қызметтегі сарбаздарға берілетін мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, «Срочники 2.0» бағдарламасы арқылы мерзімді қызмет өткерген азаматтарға ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылатыны айтылды. «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев патриоттық тәрбиенің маңызы мен «Айбын» әскери-патриоттық жиынының жастарды қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Кездесу барысында Жауынгерлік даңқ музейінің көшпелі көрмесі мен әскери тақырыптағы фильмдер көрсетілді.Соңғы кезең Талғар қаласында өтті. Мұнда ақпараттық-түсіндіру тобы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 7 жалпы білім беретін орта мектепте, Абай атындағы № 3 орта мектепте және қалалық мәдениет үйінде оқушылармен кездесті. Бұл кездесулерде де әскери қызметтің мүмкіндіктері мен патриоттық тәрбиенің маңызы түсіндірілді.Кездесулер барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне, білім беру ұйымдарының басшылары мен оқытушыларына жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табысталды. Осылайша, үш қалада өткен патриоттық акция жастарды отансүйгіштікке баулу, әскери қызмет туралы ақпараттандыру және әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында ұйымдастырылып, ауқымды мазмұнмен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1223257?lang=kk
Астана мен ЮНЕСКО мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 19.05.2026
Астана, 2026 жылғы 19 мамыр – «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының директоры, ЮНЕСКО-ның Мәдениет мәселелері жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Лазар Элундо Ассомомен кездесті.Министр сұхбаттасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесі шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықтың қағидаттары мен тәжірибесіне ерекше мән беретіндігі туралы хабардар етті. Осы жүйеде ЮНЕСКО гуманитарлық салалардағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі тетігі ретінде дәстүрлі түрде айрықша орын алады.Сыртқы саяси ведомствоның басшысы Алтын Орда тарихының қазақ халқының, сондай-ақ Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның бірқатар өзге де халықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарған мемлекет ретіндегі тарихи маңызын атап өтті. Осы тұрғыда ол 2026 жылғы 19-20 мамыр күндері Астанада өтіп жатқан ірі халықаралық симпозиумға патронаж көрсету туралы шешімі үшін ЮНЕСКО-ға шынайы ризашылығын білдірді.Өз кезегінде Л.Элундо Ассомо Қазақстан тарапына шақыру үшін алғыс айтып, ғылыми іс-шараның ұйымдастырылу және мазмұндық деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЮНЕСКО Қазақстанмен ынтымақтастықты, соның ішінде еліміздің Дүниежүзілік мұра комитетіндегі қазіргі мүшелігі аясында, жоғары бағалайды және мәдени, табиғи, құжаттық әрі материалдық емес мұраны қорғау, сондай-ақ осы саладағы қазақстандық сарапшылардың біліктілігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын.Кездесу соңында тараптар ЮНЕСКО мандаты шеңберіндегі сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1223258?lang=kk
Қоғамдық топтасу: әлеуметтік сауалнама Президент саясатына ауқымды қолдауды айқындады 19.05.2026
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) 2026 жылғы сәуір-мамырда жүргізген сауалнамасының деректері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне сенім деңгейі тұрақты жоғары көрсеткішті сақтай отырып, 86,7% -ды құрады.Ең жоғары деңгей жастар арасында (91,4%), сонымен бірге қала тұрғындары (86,9%) және ауыл халқы (86,7%) арасында салыстырмалы түрде жоғары деңгейде қалып отыр.Талдау сенiмнiң тұрақты сипатқа ие екенiн және кiрiс деңгейiнiң артуына қарай өсiп, әлеуметтiк-экономикалық жағдайды бағалаумен үйлесетiнiн көрсетедi.Осылайша, зерттеу нәтижелері елді дамыту және жаңғырту бағытын кеңінен қоғамдық қолдауды көрсетеді.📌 Сауалнаманы ҚСЗИ 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізді. Іріктеме - Астана, Алматы және Шымкентті қоса алғанда, Қазақстанның барлық өңірлерінен 8000 респондент.https://kisi.kz/kogamdyk-toptasu-aleumettik-saualnama-prezident-sayasatyna-aukymdy-koldaudy-ajkyndady/ Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-erevan/press/news/details/1223219?lang=kk
Қауіпсіз демалыс: суда қиындыққа тап болмау үшін не істеу керек? 19.05.2026
Жаз - көптен күткен демалыс уақыты, бірақ дәл осы уақытта балаларды жасырын қауіптер күтіп тұр, олардың бастысы — су. Оқушыларға су айдындарында жүріс-тұрыс ережелерін еске салу үшін «Örken» КММ ШҚО білім басқармасының қолдауымен профилактикалық сабақтар ұйымдастырды. Сабақтар екі тілде тікелей сұхбат форматында өтті.Іс-шараның қонағы ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Манапова Айсұлу Санақбекқызы болды. Қол жетімді және диалог түрінде спикер әр баланы демалыс алдында толғандыратын негізгі сұрақтарға жауап берді.Неліктен ересектерсіз шомылуға болмайды? Бұл бірінші және ең маңызды ереже. Айсұлу Санақбекқызының айтуынша, бала жүзе алса да, суда күтпеген жағдайлар болуы мүмкін: қатты ағым, құрысулар немесе шаршау. Жақын жерде ересек адам құтқарушыларды тез шақыра алады.Маман балаларды бейтаныс жерлерде жүзуден және сүңгуден сақтандырды. «Су астында тастар немесе қоқыстар болуы мүмкін, қатты соғуға болады», — деп түсіндірді инженер. Сонымен қатар, ол судың жанында жүгіруге (тайғақ жағалауға байланысты) және жарақатпен аяқталуы мүмкін қауіпті доп ойындарын ойнауға тыйым салды.Құтқару кеудешелеріне ерекше назар аударылды. Оларды кию ғана емес, сонымен қатар дұрыс бекіту керек, әсіресе катерлер мен қайықтарда. Найзағай кезінде басты ереже — дереу жағаға шығу: найзағай суда жүргендердің барлығына қауіпті.Егер досың суға батып бара жатса не істеу керек? Ересек құтқарушылар нақты әрекет тәртібін түсіндірді: үрейге беріліп, дайындықсыз суға секіруге болмайды. Көмекке қатты дауыстап шақырып, батып бара жатқан адамға құтқару шеңберін немесе арқан лақтыру керек.Сабақ соңында Айсұлу Манапова балаларға қауіпсіз демалыс тіледі. «Örken» орталығының қызметкерлері мұндай әңгімелер ең құнды — өңірдің жас тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесетініне сенімді. Есіңізде болсын: су - бұл қауіп емес, демалыс орны!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1223188?lang=kk
Қазақстан мен Армения ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуда 19.05.2026
Қазақстан мен Армения сыртқы саяси ведомстволары арасындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Аппарат басшысы Амангелді Саиновтің Ереванға жұмыс сапары өтті.Армения Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Давид Карапетянмен өткен кездесуде тараптар сыртқы саяси ведомстволардың ұйымдастырушылық дамуының өзекті мәселелерін талқылап, адами ресурстарды басқару саласындағы практикалық тәжірибе алмасты және бейінді бөлімшелер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын қарастырды.Кездесу қорытындысы бойынша кәсіби байланыстарды нығайтуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға өзара мүдделілік расталды.Сонымен қатар, сапар аясында консулдық округі Армавир облысын қамтитын Қазақстанның Армениядағы Құрметті консулдығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға сыртқы саяси ведомство басшылығы мен Арменияның Армавир облысы әкімшілігінің өкілдері қатысты.Құрметті консулдықтың ашылуы өңіраралық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ гуманитарлық және іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал ететіні аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1223202?lang=kk
«Резиденттік сертификатын беру тәртібі» мемлекеттік қызметі Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 224-бабымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы № 689 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер қағидаларымен реттеледі. 19.05.2026
🌍 Аталған мемлекеттік қызмет салықтық әкімшілендірудің маңызды бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қызмет жүзеге асыратын немесе шетелдік көздерден табыс алатын азаматтар мен ұйымдар үшін ерекше маңызға ие.✅ Резиденттік сертификаты халықаралық келісімдер шеңберінде қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу мақсатында қажет.📄 Бұл құжат Қазақстан Республикасының салық резиденті мәртебесін растауға және халықаралық шарттарда көзделген салықтық жеңілдіктерді қолдануға мүмкіндік береді.📌 Қазақстан Республикасында резиденттікті растау: кімге қажет және қалай алуға болады? 📌 Резиденттікті растау дегеніміз не және ол не үшін қажет?толығырақ https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/1?lang=ruАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/details/1223092?lang=kk
Коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру кезінде салық режимін қолдану туралы 19.05.2026
Коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру кезінде салық режимін қолдану туралыҚазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге келесіні хабарлайды.Жеке кәсіпкер (ЖК) оңайлатылған салық режимін қолдана отырып, меншігіндегі коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларды заңды тұлғаға (ЖШС) жалға беруі мүмкін.Алайда, самозанятыйларға арналған арнайы салық режимін қолдану мүмкіндігіне қатысты түсіндірме беріледі.Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 718-бабына сәйкес, самозанятый режимін тек жеке тұлғалар (жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген) белгілі бір шарттарды сақтаған жағдайда қолдана алады. Оның ішінде рұқсат етілген қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тізіммен айқындалады.Аталған тізімге тек тұрғын үйді жалға беру және басқару қызметі енгізілген.Коммерциялық (тұрғын емес) жылжымайтын мүлікті жалға беру қызметі бұл тізімге кірмейді.Қорытынды:Коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде самозанятыйларға арналған арнайы салық режимін қолдану мүмкін емесАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-kostanay/press/news/details/1223036?lang=kk
Самар ауданында Васильев өткеліндегі навигациялық маусымның салтанатты ашылуы өтті 19.05.2026
Самар ауданында Васильев паром өткелінің жұмысы салтанатты түрде ашылды. Жаңа навигациялық маусымның басталуымен «Одесса» теплоходының экипажын аудан әкімі Серік Жеңісов құттықтады.Аудан әкімінің айтуынша, биыл өткел аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл нысан туристер мен өңір қонақтары үшін одан әрі тартымды бола түспек.Мерекелік шараны Самар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірлесіп ұйымдастырды. Самар – Катонқарағай бағыты бойынша қатынайтын «Одесса» паромының экипажы мен жолаушыларына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.Екі сағат бойы көрермендерге ән-күй мен түрлі шығармашылық қойылымдар тарту етілді. Қонақтар самарлық өнерпаздардың таланты мен сахна мәдениетіне жоғары баға беріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін алғыстарын жеткізді.Айта кетейік, Васильев өткелі өңірдегі туризмді дамытуға серпін беретін бірегей нысандардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда мұндай паромдық өткел облыста жалғыз болғандықтан, аймақтың ерекше туристік орындарының біріне айналып отыр.Паромда жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Мұнда кафе жұмыс істейді, сондай-ақ тегін жоғары жылдамдықты Starlink интернеті қолжетімді.Кеме иесі Евгений Филиппов бастаған кәсіби команда күн сайын таңғы сағат 7:00-ден кешке дейін өткелдің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындар мен туристерге жайлы жағдай жасауда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1223013?lang=kk
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Кипрдегі БҰҰ-ның Ізгі қызметтер кеңсесіне барды 19.05.2026
Никосия, 2026 жылғы 18 мамыр – Кипр Республикасына жасаған сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев БҰҰ Бас хатшысының Кипрдегі Ізгі қызметтер кеңсесінің қызметімен танысты.Қазақстандық делегацияға БҰҰ-ның Ізгі қызметтер миссиясының ағымдағы қызметі, тараптар арасындағы диалогқа жәрдемдесу бағытындағы күш-жігері, сондай-ақ, арал қауымдастықтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды ілгерілету мақсатында БҰҰ аясында құрылған екіжақты техникалық комитеттердің жұмысы туралы ақпарат ұсынылды.Сенім шараларын нығайту, гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және аралдағы тұрақтылықты қолдау бағытында іске асырылып жатқан шараларға ерекше назар аударылды.Кипр мәселесін тек бейбіт жолмен және БҰҰ аясында жан-жақты әрі орнықты реттеудің маңыздылығы атап өтілді.Қазақстан тарапы, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы мен оның Ізгі қызметтер кеңсесінің диалогты ілгерілетуге, өзара сенімді нығайтуға және келіссөздер үдерісін жалғастыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған күш-жігеріне қолдау білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nicosia/press/news/details/1223308?lang=kk
ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру 19.05.2026
Қазақстан Республикасы Қаржы Министрілігің Мемлекеттік кірістер комитеті, хабарлайды.      ҚҚС бойынша декларацияны (300.00 СЕН) алдын ала толтыру, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде жүзеге асырылады, оның ішінде электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесі, салық төлеушілердің салық түсімдері және тауарларға арналған декларациялар қамтылады.     Қызмет Т-1 принципі бойынша жұмыс істейді, яғни ол бір күндік кідіріспен жаңартылады. Егер бүгін ЭШФ жазылса немесе ҚҚС есепке жатқызу туралы хабарлау жіберілсе, олар ертең ғана көрініс табады.     Бұл ретте, алдын ала толтыру сервисі "расталған" мәртебесі бар ҚҚС есепке жатқызу туралы хабарлаудан алынған деректерді ғана есепке алатынына назар аударамыз, сондықтан хабарламаларды мұқият және дұрыс толтыру ұсынылады.    Сонымен қатар, алдын ала толтыру қызметі камералдық бақылау хабарламаларының санын азайтуға көмектеседі және декларацияны толтыру кезінде тексеру және хабарлау үшін пайдаланылады.    Бұл ретте, сервис салық төлеушілердің өздері ұсынатын деректерді пайдаланады. Мұндай деректер кейінірек өзгеруі немесе нақтылануы мүмкін болғандықтан, бұл камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама алуға әсер етуі мүмкін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1222992?lang=kk
Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды 19.05.2026
Алматыдағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына аттанатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, қызметтестер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты. Митингте сөз алған Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығына тоқталды.– Бітімгерлік сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі және Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікке қосқан маңызды үлесі болып табылады, – деп атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков. – Сіздер еліміздің абыройын асқақтатып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына қатысуға аттанғалы тұрсыздар. Бұл – мемлекеттің, халықаралық қауымдастық пен жақындарыңыздың алдындағы үлкен жауапкершілік. Өз кезегінде екінші бітімгерлік контингентінің әскери қызметшісі 3-сынып сержант Жандос Әубәкіровтің әкесі Ғұмар Маратұлы сөз алып, бітімгерлерге ақ жол тілеп, миссияны абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуларына тілектестік білдірді.Бұдан соң үшінші бітімгерлік контингенттің командирі подполковник Ілияс Алматов бастаған әскерилер плацта салтанатты саппен жүріп өтті. Осы мезеттен Қарулы күштердің 139 әскери қызметшісі екінші контингентті ауыстыру үшін Алматы халықаралық әуежайына жол тартып кетті.Қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына әскери бақылаушы, штабтық офицер және жеке дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр. Атап айтсақ, Ливанда, Сирияда, Батыс Сахарада, Оңтүстік Суданда, Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларында қазақстандық бітімгерлер бар.Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, тосқауыл бекеттерін күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайды. Ұлттық контингенттің бұған дейінгі екі құрамы Голан жоталарында қызмет еткен кезде қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1222979?lang=kk
Бизнесті қолдау жалғасуда! 19.05.2026
2026 жылы микро және шағын бизнес субъектілері үшін салықтық әкімшілендіруді оңайлату шаралары сақталады.Мерзімді қолдану шарттары, сондай-ақ ерекшеліктері мен өсімпұлды есептеу тәртібі – карусельде.🤝 Қабылданған шара әкімшілік жүктемені азайтуға және мемлекет пен бизнес арасындағы сенім мен ашықтық қағидаттарына негізделген серіктестікті дамытуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1222968?lang=kk
Қазақстан мен Польша арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері Қазақстан СІМ-де талқыланды 19.05.2026
Астана, 2026 жылғы 18 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Польша Сеймінің депутаты, «Польша-Қазақстан» достық тобының төрайымы Барбара Бартущ жетекшілігіндегі топ мүшелерімен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар қазақ-поляк ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оның даму перспективаларын, оның ішінде, парламентаралық диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.А.Исетов екі ел парламенттері арасындағы байланыстарды жандандырудың өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мен бірлескен бастамаларды ілгерілету тұрғысынан маңыздылығын атап өтіп, орнатылған «белсенді саяси, мәдени-гуманитарлық және экономикалық диалогты» жоғары бағалады.Өз кезегінде, Б.Бартущ «Қазақстан Польша үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес болып табылатынына» назар аударып,  өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.Сұхбаттастар Астана мен Варшаваның өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін елеулі әлеуетке ие екеніне тоқталды. Осы тұста 2026 жылғы сәуірде Астана қаласында 10-шы отырысы өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның үйлестіруші рөліне назар аударды.Сонымен қатар елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар жөнінде пікір алмасылды. Поляк тарапы жүзеге асырылып жатқан өзгерістерді құптап, олардың мемлекеттің институционалдық дамуы үшін маңызын атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-поляк серіктестігін одан әрі тереңдетуге және сындарлы диалогты жалғастыруға дайындығын  растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1223283?lang=kk
2026 жылы Павлодар облысында кәсіпкерлікті дамытуға 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады 19.05.2026
18 мамыр күні Достық үйінде ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сагнаев Павлодар облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.Кездесу барысында Ерлан Сагнаев бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту және бизнес-климатты жақсарту бағытындағы жұмыстар туралы айтты.«Елімізде бизнес мәселелерін шешу үшін мемлекет пен кәсіпкерлердің жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін тұрақты диалог алаңдары жұмыс істейді», — деп атап өтті вице-министр.Агроөнеркәсіптік кешенді, сауданы, туризмді, логистиканы және өнеркәсіпті дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау құралдарының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Қазіргі таңда бизнесті қаржылық қолдау үш бағыт бойынша жүзеге асырылуда: пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары аясындағы жеңілдетілген қаржыландыру, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы кепілдіктер беру.Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылы Павлодар облысында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 13 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.Ашық диалог аясында бизнес өкілдері қаржыландыру, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, сауда, салықтық әкімшілендіру және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.Сондай-ақ Ерлан Сагнаев өңірдегі бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дидактикалық материалдар мен ойыншықтар шығаратын «Kutubu Sitta» ЖШС, тігін өндірісі мен полиграфиялық қызметтерге маманданған «Темирова» ЖК, сондай-ақ мектеп жиһаздарын өндіретін отандық ірі кәсіпорындардың бірі — «TROYA» ЖШС бар.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1222932?lang=kk
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Кипрде келіссөздер жүргізді 19.05.2026
Никосия, 2026 жылғы 18 мамыр – Никосияға жасаған сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бакаев Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен келіссөздер өткізді.Тараптар өзара құрметке, сенімге және сындарлы саяси диалогқа негізделген қазақ-кипр қатынастарының дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті.Екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.Сондай-ақ, жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы іс-шараларға дайындық мәселелері талқыланды.Министр орынбасары Кипрдің Қазақстан үшін Еуропа Одағы мен Жерорта теңізі өңіріндегі маңызды серіктес екенін атап өтіп, Кипр Республикасының ЕО Кеңесіндегі төрағалығының табысты өтуін жоғары бағалады.Тараптар, сондай-ақ, халықаралық құқық қағидаттарына, оның ішінде мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы мәселелеріне қатысты мызғымас бейілділіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nicosia/press/news/details/1223306?lang=kk
Қажылық–2026: Қазақстаннан Сауд Арабиясына қажылардың келуі 19.05.2026
Жидда, 2026 жылғы 18 мамыр - Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда және Мәдина қалаларындағы халықаралық әуежайларына алғашқы қазақстандық қажылар тобы келіп жетті. Оларды Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консул Р.Коспановтың басшылығымен консулдықтың қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) қажылық миссиясы өкілдері қарсы алды.Сауд Арабиясы Үкіметі 2026 жылға Қазақстанға бөлген квотаға сәйкес, шамамен 4 мың қазақстандық азаматтың қажылық парызын өтеуі күтілуде. Үлкен қажылықтың негізгі рәсімдері биылғы жылдың 24-29 мамыр аралығына сәйкес келеді.Биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларды тасымалдауын Air Astana, SCAT, және FlyDeal (Сауд Арабиясы) әуе компаниялары жүзеге асыруда. 21 мамырға дейін қажылар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан Жидда мен Мәдинаға жеткізіледі және 31 мамыр - 9 маусым аралығында кері қайту рейстері жүзеге асырылады.Қажылық кезеңінде Бас консулдық ерекше жұмыс режимінде қызмет атқаруда. Қазақстандық қажыларды қарсы алу және шығарып салу консулдық қызметкерлері мен қажылық миссия өкілдерінің арнайы кезекшілік кестесіне сәйкес жүргізілуде.ҚР дипломатиялық миссиясының міндеттеріне қазақстандық азаматтардың Сауд Арабиясында болу кезеңінде жергілікті билік органдарымен үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отанына уақытылы оралуын ұйымдастыру кіреді. Осы мақсатта Сауд Арабиясының қажылық маусымына жауапты мемлекеттік және авиациялық органдарымен, сондай-ақ Қазақстан қажылық миссиясының қызметкерлерімен тұрақты байланыс орнатылған.Әуежайда қарсы алу кезінде консулдық дипломаттар қажыларға қабылдаушы елдің заңдарын сақтау, жергілікті салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға құрметпен қарау, сондай-ақ түрлі жұқпалы аурулардың  алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.ҚР қажылық миссиясының Мекке және Мәдина қалаларындағы орталық штабтарында тәулік бойы жұмыс істейтін тұрақты медициналық стационарлық пункттер ашылған, онда қазақстандық дәрігерлер қажыларға қажетті медициналық көмек көрсетеді.Биыл қажылық парызын өтейтіндердің жалпы саны шамамен 2–2,3 миллион адамға жетуі мүмкін деп күтілуде (САК Статистика жөніндегі Бас агенттігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылы қажылардың саны 1 млн. 673 мың адам құрады).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jeddah/press/news/details/1222945?lang=kk