Самар ауданында Васильев өткеліндегі навигациялық маусымның салтанатты ашылуы өтті

Самар ауданында Васильев өткеліндегі навигациялық маусымның салтанатты ашылуы өтті

19.05.2026 09:55:13 223

Самар ауданында Васильев паром өткелінің жұмысы салтанатты түрде ашылды. Жаңа навигациялық маусымның басталуымен «Одесса» теплоходының экипажын аудан әкімі Серік Жеңісов құттықтады.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл өткел аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл нысан туристер мен өңір қонақтары үшін одан әрі тартымды бола түспек.

Мерекелік шараны Самар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірлесіп ұйымдастырды. Самар – Катонқарағай бағыты бойынша қатынайтын «Одесса» паромының экипажы мен жолаушыларына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Екі сағат бойы көрермендерге ән-күй мен түрлі шығармашылық қойылымдар тарту етілді. Қонақтар самарлық өнерпаздардың таланты мен сахна мәдениетіне жоғары баға беріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, Васильев өткелі өңірдегі туризмді дамытуға серпін беретін бірегей нысандардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда мұндай паромдық өткел облыста жалғыз болғандықтан, аймақтың ерекше туристік орындарының біріне айналып отыр.

Паромда жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Мұнда кафе жұмыс істейді, сондай-ақ тегін жоғары жылдамдықты Starlink интернеті қолжетімді.

Кеме иесі Евгений Филиппов бастаған кәсіби команда күн сайын таңғы сағат 7:00-ден кешке дейін өткелдің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындар мен туристерге жайлы жағдай жасауда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1223013?lang=kk