Қоғам
Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайдағы ірі қоқыс өңдеу зауытының жұмысымен танысты 24.02.2025
Алматы әкімі Ерболат Досаев ҚХР-ға жұмыс сапары барысында Цзясин қаласында (Шанхай маңында) орналасқан SUS Environment тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауытына барды.Shanghai SUS Environment – экология және энергетика саласындағы кешенді қызметтерді ұсынатын әлемдік жетекші компания. Ол қалдықтарды энергияға айналдыру бойынша әлемдік нарықта көш бастап тұр. 2008 жылы негізі қаланған компанияның Қытай, Вьетнам, Бангладеш, Тайланд, Малайзия, Индонезия, Филиппин және Өзбекстан елдерінде қоқыс өңдеу зауыттары бар. Бүгінде компанияда 3,5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, 10 халықаралық басқару орталығы мен 1 жаһандық өндірістік орталыққа ие.SUS Environment зауыттарының басты ерекшелігі – заманауи дыбыс оқшаулау және ауа сүзгілеу жүйелерімен жабдықталуы. Бұл технология шу деңгейін барынша азайтып, жағымсыз иістерді жояды.Сонымен қатар, зауыттардың айналасында жасыл аймақтар, көгалдар және ағаштар отырғызылып, жергілікті тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастырады.Компанияның тең құрылтайшысы әрі операциялық директоры Чжу Сяопин Алматы әкімі Ерболат Досаевқа SUS Environment қалдықтарды өңдеу станцияларының энергия өндіру тиімділігі 26%-ға жеткенін айтты. Бұл орташа салалық көрсеткіштерден жоғары және Қытай мен Еуропаның экологиялық стандарттарына сәйкес келеді.SUS Environment – қалдықтарды энергияға айналдыру технологиялары мен жабдықтарын жеткізуші №1 компания. Ол 287 қоқыс өңдеу зауытына қолданылатын 273 патентке ие. Сонымен қатар, эко-индустриалды парктерді дамытуға инвестиция салатын әлемдегі ең ірі үш компанияның бірі. Бүгінде компания 84 жобаны іске асырып, күніне 110 мың тонна қалдық өңдеу қуатына және жылына 18 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіруге қол жеткізді. Бұл энергия 2,65 млн шаршы метр аумақты жылытуға мүмкіндік береді.Қазіргі уақытта компания SUS 4.0 жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бастама қалдықтарды энергияға айналдыру кезінде көміртек шығарындыларын ақылды басқару және жылуды тиімді пайдалану технологияларын қамтиды. Сондай-ақ, онлайн мониторинг жүйесі, көміртекті ұстау технологиясы және интеллектуалды басқару жүйесі енгізілмек.Кездесу соңында тараптар екіжақты серіктестікті дамыту және өзара ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/942513
21 ақпанда Алматыда «Almaty Tech Cup – 2025» – ең ірі халықаралық инженерия және робототехника чемпионаты басталады 24.02.2025
21 ақпанда Алматыда қала әкімі кубогына арналған «Almaty Tech Cup - 2025» халықаралық инженерия және робототехника чемпионаты басталады, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында «Алматы Дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Каримғажы.Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды турнир, оған 3 мыңнан астам қатысушы, соның ішінде Қазақстан, Үндістан, Түркия, Моңғолия, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 20 шетелдік команда қатысады.«Бұл беделді жарыс жас инженерлер, бағдарламашылар және өнертапқыштар үшін аса маңызды шара. Қатысушылар тек сайысқа түсіп қана қоймай, түрлі интерактивті іс-шараларға, инженерлік квесттерге қатысып, жүлделер мен естелік сыйлықтарға ие бола алады», – деді ол.Оның айтуынша, чемпионат 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде қатысушы командалар саны 20-дан 400-ге дейін артқан. Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мысалы, АҚШ-та өткен чемпионатта Алматы құрамасы 80 команданың ішінен үздік 10-дыққа енді. Сонымен қатар, 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурда, 2024 жылы Афинада Қазақстанның жас инженерлері әлемдік алтын жүлдеге ие болды.2025 жылғы чемпионат робототехника, инженерия және дрон жарыстарын қамтиды, олардың ішінде Aspan Cyber Race, Aspan Drone Competition, Aspan Whoop Race және Aspan Drone Race бар. Қатысушылар First Lego League (4-16 жас) және First Tech Challenge (16-18 жас) бағыттары бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.Бас жүлде – Алматы қаласы әкімінің кубогы, ол барлық байқауларда ең көп ұпай жинаған үздік командаға табысталады. Жеңімпаздар тек кубокпен ғана шектелмей, еліміздің үздік университеттерінен білім гранттарына да ие бола алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/942544
Көлік министрлігінде кезекті құқықтық жалпыға бірдей оқыту шеңберінде семинар өтті 24.02.2025
Бүгін Көлік министрлігінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі Ғ. Әлиханованың қатысуымен кезекті құқықтық жалпыға бірдей оқыту шеңберінде семинар өтті.Семинарда заңнаманың салалары (кіші салалары) бойынша құқықтық мониторинг жүргізу қағидаларының нормалары мен талаптары түсіндірілді.Жалпыға бірдей оқыту қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлеріне заңнамалық және заңға тәуелді құқықтық актілерге мониторинг жүргізу сапасын арттыруға бағытталған тиісті ұсынымдар берілді, сондай-ақ қабылданған нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық нормаларын айқындауға және оларды болжау жолымен жетілдіру және қабылданған нормативтік құқықтық актілерді іске асырудың тиімділігін талдау, бағалау, әзірлеуге байланысты проблематика талқыланды.Жалпы, семинарды өткізу құқықтық мониторинг саласындағы практикалық білімді кеңейтуге мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/942721
КҮН САНЫ 24.02.2025
КҮН САНЫ Елімізде суармалы жерді қалпына келтіру және жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқан жердің көлемі 700мың гектардан астамАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/940766
Костанай облысында бөлшек сауда көлемі 2024 жылы 700 млрд теңгеге жуық өсті 22.02.2025
Біздің өңір – экономикалық және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі.2024 жылдың қорытындысы бойынша, Костанай облысында бөлшек сауда көлемі 11,7%-ға өсіп, 691,2 млрд теңгені құрады, ал көтерме сауда 10,4%-ға артып, 1 165,8 млрд теңгеге жетті. Ішкі сауда көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп, 12,0%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгеден асты (2023 жылы – 1,6 трлн теңге).Өңірдің сыртқы сауда айналымы 4,7 млрд АҚШ долларын құрады. Тауар айналымының құрылымында экспорттың үлесі 33,8%, импорттың үлесі 66,2% құрайды. Бұл ретте, облыстың экспорты 1,6 млрд АҚШ долларына, ал импорты 3,1 млрд АҚШ долларына тең болды. Облыста шетелдік қатысуы бар 1 175 кәсіпорын жұмыс істейді.Өңір экономикасы тұрақты өсімді көрсетуде және оның әрі қарай дамуын қамтамасыз ету мақсатында ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Өткен жылы өңірдің өнеркәсіптік секторында жалпы инвестиция көлемі 136 млрд теңге болатын 9 ірі жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен салаларын қамтиды.Мысалы, өнеркәсіптік кооперация аясында автокөлік өндірісінде (ЖШС «СарыарқаАвтоПром») Чехияның SKODA, Қытай Халық Республикасының HONGQI, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының «Узавтосаноат» өнеркәсіптік концерндерімен серіктестік орнатылды. Жалпы инвестиция көлемі 38,7 млрд теңгені құрап, зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 мың автомобильді құрайды, сонымен қатар 650 жаңа жұмыс орны ашылды.2025 жылы жалпы инвестиция көлемі 286,8 млрд теңге болатын және 3,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 9 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Аталған жобалардың ішіндегі ең ірілері өңір үшін басым саналатын машина жасау және металлургия салаларында жүзеге асырылады.Мәселен, өңірде толық циклді KIA автокөлік өндіру зауытын салу жобасы іске асырылады. Бұл жоба өңірдің экономикалық дамуына оң әсер етіп, экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Жобаның жалпы инвестициясы 90 млрд теңгені құрап, зауыттың өндірістік қуаты жылына 70 мың автомобильді құрайды және 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.Автокөлік өндірісі саласындағы тағы бір маңызды жоба – автокомпоненттер өндіретін Локализациялық орталықтың (ЖШС «TEHNOPARK KZ») құрылысы. Бұл жоба негізінен қазақстандық автозауыттарға өнім жеткізуді қамтамасыз етеді, оның ішінде KIA зауытына да. Жоба шағын өнеркәсіп аймақтарын құру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, оның ерекшелігі – алаңда отандық шағын және орта бизнес субъектілерінің өндірістерін орналастыру. Бұл жоба импортты алмастыру және өндірісті терең локализациялау мақсатында іске қосылуда.Сонымен қатар, биыл металлургия саласында екі ірі жобаны (ЖШС «KamLit KZ») іске қосу жоспарлануда:жетекші белдік редукторларын шығару,жүк көліктеріне арналған белдік арқалықтарын тереңдетілген локализациямен өндіру.Өндірістік қуаты:74 мың редуктор,90 мың белдік арқалық,жалпы инвестиция көлемі – 160,5 млрд теңге,650 жаңа жұмыс орны ашылады.Бұл жобалар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, шығарылатын өнім түрлерінің кеңеюіне ықпал етеді.Сонымен қатар, алдағы жылдары өңірде үш перспективті жоба жүзеге асырылмақ. Олар – металды терең өңдеу және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған.Атап айтқанда:Ыстық брикеттелген темір өндіру зауытының (АҚ «ССГПО») құрылысы – өндірістік қуаты 4 млн тонна, жобаның құны – 920 млрд теңге, 1,1 мың жаңа жұмыс орны ашылады.Болат құю зауытының (ЖШС «CASPIAN STEEL QZ») құрылысы – өндірістік қуаты жылына 1 млн тонна, жоба құны – 308 млрд теңге, 600 жұмыс орны құрылады.Бұл жобалар шикізатты өндіруден бастап, оны өңдеу және дайын өнімді шығару бойынша толық технологиялық циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді.Өндіріс көлемінің артуы мен жаңа өнім түрлерінің шығуы логистикалық инфрақұрылымның дамуын қажет етеді. Осыған байланысты, Қостанай қаласында жалпы құны 37 млрд теңге болатын «құрғақ порт» көлік-логистикалық кешенін салу жоспарланған. Жобаның қуаты – жылына 400 мың контейнер, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Өңірдің тиімді экономикалық-географиялық орналасуын ескере отырып, бұл жоба халықаралық логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді.Жалпы, облыс бойынша жалпы инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеден асатын 45 инвестициялық жоба іске асырылуда, нәтижесінде 10,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.Қостанай облысы – түрлі экономикалық салаларға инвестиция салуға қолайлы өңір. Өңірдің географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы, бай табиғи ресурстары және қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп секторы инвесторлар үшін тартымды мүмкіндіктер ұсынады. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Әбенов А.Т.-ның "Костанайские новости" газетіне берген сұхбатыРедакцияның фотосыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/943128
Үкіметте «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» жол картасының орындалу барысы қаралды 21.02.2025
Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысы өтті. Жол картасы азаматтардың әл-ауқатын экономикалық және әлеуметтік дамытудың 10 бағытынан тұратын 205 шараны қамтиды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин атап өткендей, 2024 жылы макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде 1,3 трлн теңгеге 180 инвестициялық жоба іске асырылып, бұл сектордың 6%-ға өсуін қамтамасыз етті. 11 айдың дерегіне қарағанда, тауар айналымы көлемі қазақстандық тауар экспортының 2,8%-ға ($73,9 млрд) өсуімен $127,5 млрд құрады. Инфляция қарқыны 2023 жылғы 9,8%-дан 8,6%-ға дейін бәсеңдеді. 12 айдағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,4 трлн теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда, 7,5%-ға артық. Азамат Әмрин қол жеткізілген оң нәтижелер Жол картасын жүйелі іске асырудың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.Азаматтарға әлеуметтік қамқорлық бағыты бойынша былтыр әскери және медицина қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға, мәдениет және мұрағат ісі қызметкерлеріне 20%-ға, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорны саласында 80%-ға, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына 71%-ға өсті. Базалық зейнетақы төлемі мен жәрдемақыны 7%-ға, ынтымақты зейнетақыны 9%-ға индекстеу жүргізілді. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ынан 105%-ға дейін ұлғайтылды. Мектепке дейінгі 78 мың орындық 641 ұйым ашылып, 375 мың орындық 254 мектеп пайдалануға берілді. Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 000 мектепті жаңғырту аяқталды. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамту үшін 2 инсульт орталығы мен 4 коронарлық араласу орталығы ашылды. «Өз баспанасы және жайлы инфрақұрылымның болуы» төртінші бағыты шеңберінде сапалы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін шамамен 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Ауылда тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 6,5 млрд теңге сомасындағы 580 шағын кредит беріліп, 744 жұмыс орны құрылды. «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде 500 ауылдық елді мекенде 200 млрд теңге сомасындағы 1,4 мың жоба іске асырылды.Отырыста атап өтілгендей, соңғы екі жылда Үкімет пен «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында әлеуметтік-экономикалық дамуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға елеулі ықпал еткен 143 іс-шара іске асырылды. Дегенмен іс-шараның бір бөлігі былтырғы су тасқыны, бюджет тапшылығы және басқа да объективті себептердің салдарын жоюға байланысты орындалған жоқ. Отырыста барлық орындалмаған іс-шараны іске асырудың мүмкіндігі егжей-тегжейлі талданды. Жиынды қорытындылай келе, вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға осы іс-шараларды бақылауға алып, оларды тиімді шешу жолын айқындауды тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/942389
Ұлы Жеңіске 80 жыл: Астанада әскери музейдің көшпелі көрмесі жұмысын жалғастыруда 21.02.2025
Іс-шараны ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттықорталығының (ҰӘПО) Әскери-тарихи музейі ұйымдастырып отыр.Оған музей қызметкерлері, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының және ардагерлер ұйымдарының өкілдері атсалысуда.ҰӘПО бастығының орынбасары – Әскери-тарихи музейдің бастығы майор Дәулет Қадыров атап өткендей, қаңтар айының басынан бастап мекеме қызметкерлері Қадыр Мырза Әли атындағы Binom School, Зерде, № 30, № 2, М. Шоқай атындағы № 51 мектеп-гимназияларында, № 105 және № 20 орта мектептерде болды. Онда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының, Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың, Кеңес Одағының Батыры, бірінші Қорғаныс министрі Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың, Халық қаһармандары Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың жеке заттары, мұрағат құжаттары, фотосуреттері, ұрыс алаңдарынан табылған снарядтар сынықтары мен сарбаз медальондары қойылған.– Басты мақсатымыз – оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын ояту, Ұлы Отан соғысы майданында соғысқан қазақстандық жауынгерлер туралы әңгімелеу. Олардың ерліктеріне тағзым ету, – деді Дәулет Қадыров. Жақын арада Әскери-тарихи музейдің ұжымы елорданың жоғары оқу орындарында да тарихи жәдігерлерді көрсетпек. Көшпелі көрменің жұмысы биылғы жылдың мамыр айына дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/941990
Медальдар мен мерзімінен бұрын атақтар: Қорғаныс министрі UAE SWAT Challenge-2025 қатысушыларын марапаттады 21.02.2025
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Біріккен Араб Әмірліктеріндегі арнайы мақсаттағы бөлімшелер жарыстарына алғаш рет қатысқан Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілерін құттықтады.Ол мұндай жарыс әскерилердің жауынгерлік қабілетін арттыруға, тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.– Арнайы операциялар күштерінің "Жаубасар" командасы алғаш рет элиталық бөлімшелердің жарыстарына қатысты. Жарыс бағдарламасы арнайы полиция күштеріне арналған. Дегенмен, жақсы нәтиже көрсеттіңдер. Алда Иорданиядағы әскери арнайы мақсаттағы бөлімшелердің және Ұлыбританиядағы "Кембрий патрулі" жарыстары өтеді. Олардың нәтижелерінен сендердің кәсіби даярлықтарыңды көре аламыз, – деді генерал-полковник Р. Жақсылықов.Халықаралық жарыстардың қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мерзімінен бұрын әскери атағын алды. Сонымен қатар, бірқатар офицерлерге Қорғаныс министрі "Ел қорғаны" медалін, Арнайы операциялар күштерінің белгісін және алғыс хаттарды табыс етті.Естеріңізге сала кетсек, Дубайда өткен UAE SWAT Challenge-2025 жарысы әлемнің 80-нен астам елінен 106 команданың басын қосты. Сайысқа еліміздің күш құрылымдарының 12 командасы қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/942247
Каспий маңы елдерінің энергетикалық интеграциясы: Қазақстанның негізгі бастамалары 21.02.2025
2025 жылғы 18 ақпанда Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында 3-ші Каспий экономикалық форумы аясында «Каспий маңы елдерінің энергетикалық ынтымақтастығы» тақырыптық сессиясы өтті, оған Қазақстаннан ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов қатысты.Ол өз баяндамасында «Лукойл» ЖАҚ-мен серіктестігімен жүзеге асырылып жатқан Каспий теңізінің акваториясында «Қаламқас-Хазар» жобасының іске асырылу барысы туралы айтты.Сонымен қатар Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы бағыттарды дамыта отырып, мұнай жеткізу бағыттарын белсенді түрде әртараптандыруда. Сондай-ақ, сессияда Әлібек Жамауов Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне қатысты мәселелерді көтеріп, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өңірдегі экологиялық тәуекелдердің алдын алу және басқару жөніндегі бастамаларына тоқталды.«Қазақстан мен Каспий өңірінің барлық елдері үшін үйлестірілген энергетикалық саясатты құру өте маңызды. Бұл бізге өзіміздің технологиялық құзыреттерімізді арттыруға және әлеуметтік-экономикалық дамуда бәсекелестік артықшылықтарға ие болуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов.Сарапшылар Каспий маңы өңірі елдерінің энергетика саласындағы бірлескен күш-жігері өңірдің экономикасы мен экологиясының тұрақты дамуы үшін сенімді негіз бола алатынына сенімді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/940294
Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жобасын талқылау жалғасуда 21.02.2025
QazIndustry платформасында Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің жобасын талқылау мақсатында онлайн кездесу өтті. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған кездесуге еліміздің әртүрлі аймақтарынан 200-ге жуық бизнес өкілдері, сондай-ақ өндірістік ассоциациялардың мүшелері қатысты.Бұл реестр жобасын талқылау аясындағы Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұйымдастырған үшінші кездесу.Талқылау барысында бизнес өкілдерінің өндірісті бағалау және Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі аясындағы салалық комиссияның қызметі туралы ұсыныстары мен пікірлері тыңдалып, бағалау критерийлері, рәсімдердің ашықтығы, шешім қабылдау әдістері және реестрге қосылу тәртібін жетілдіру мүмкіндіктері ерекше назарға алынды.Еске сала кетейік, Қазақстанда тауар өндірушілер реестрін жүргізу ережелері жобасын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Реестрдің іске қосылуы 2025 жылға жоспарланған. Жаңа цифрлық платформа қазіргі уақытта қолданылып жүрген СТ-KZ және Индустриалды сертификаттарды алмастырып, кәсіпкерлер үшін бюрократиялық және қаржылық шығындарды азайтып, рәсімдерді жеңілдетеді.Кездесудің модераторлары айтылған барлық ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, келесі кездесулерде де талқыланатынын атап өтті.Жақын арада өтінімдерді реестрге қосу үшін цифрлық верификациялау мәселелері бойынша кезекті онлайн кездесулерді өткізу жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/938927
Таразда «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» тақырыбында форум өтті 21.02.2025
Таразда «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумы өтті. Жамбыл облысы әкімдігі, полиция департаменті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, құзырлы орган өкілдері мен белсенді жастар, еріктілер қатысты.Тағылымды шара қоғамдағы өткір де өзекті мәселелер суреттелген сахналық қойылыммен ашылды. Бұдан соң, есімі елге белгілі өнер майталмандары ұлт зиялыларының рөлін сомдап, жастардың санасына сәуле түсірді. Әртістердің шеберлігі мен таланты көрермендерді таңғалдырып, залды ерекше эмоцияға бөледі.Облыс әкімі жастарды шынайылыққа тәрбиелеп, туған жеріне қызмет етуге баулу – басты назарда екенін атап өтіп, ізгі лебізін берілді.- Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді.Қазіргі жастар Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген сөзін берік ұстануы керек. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – Сіздерсіздер.Қайратты жастарымыз көп болса, мемлекетіміздің болашағы баянды болмақ. Қазақстанның ертеңі – саналы әрі талапты жастардың қолында. Сіздер еңбек пен білімді, ар мен намысты, Отан алдындағы парызды ту етіп ұстасаңыздар – алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Жастық жігерлеріңіз жалындай берсін! – деді облыс әкімі.Айта кетейік, өткен жылы өңірде 25 400 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.Сонымен бірге «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 224 жас маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жалпы 1,8 млрд. теңге бюджеттік несие берілді. 487 жас маманға 180 млн. теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді.«Ауыл аманаты» жобасына 582 жас қатысып, олар жеке кәсіптерін дамытуға 2,5 пайызбен жалпы 3,7 млрд. теңге жеңілдетілген несие алды.«Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы арқылы 140-қа жуық жасқа баспаналы болу бақыты бұйырды.Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы орамды ойларын ортаға салды. Өзге де қонақтар жастардың таным-түсінігін, көңіл көкжиегіне кеңейту мақсатында сөз алды.- Айналайын, жастар! Мемлекет сендерге үлкен үміт артады. Армандарың асқақ, мақсаттарың биік, ойларың ұшқыр болсын! – деп тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы аналық ақ тілегін жеткізді.Форумда ұлттық дәстүрге негізделген патриоттық әндер шырқалып, жиналғандарға тамаша әсер сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/938817
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады 21.02.2025
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті рет азаматтарды қабылдады.Қабылдауға жазылған 16 тұрғын ерекше қажеттіліктері бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үй бағдарламалары, суармалы жерлерді ұлғайту және тағы басқа мәселелерді көтерді.Бірқатар өтініш иелеріне қолданыстағы заңнаманың нормалары түсіндірілді.Қабылдау қорытындысы бойынша облыс әкімі азаматтардың мәселелерін жіті зерделеудің маңыздылығына тоқталып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.Қосымша уақытты қажет ететін түйткілдерді облыс әкімі жеке бақылауына алатынын жеткізді.Еске сала кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау алдын ала жазылу бойынша тұрақты негізде жүзеге асырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/938860
Сыр өңіріндегі қалалар ауыз сумен 100 пайыз қамтылған 21.02.2025
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен қалалар мен ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған кеңес өтті. Басқосуда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Сыр өңіріндегі қалалар түгелдей 100 пайыз ауыз сумен қамтылғанын, ал облыстың ауыз сумен қамту көрсеткіші 98,6 пайызға жеткенін айтты.Кеңеске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Облыс аумағында 4 қала және 223 ауылдық елді мекен бар. Өткен жылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 27 елді мекеннің екеуіне су тұщытқыш қондырғы орнатылды. Екі ауылдан елді мекен статусы алынып, оңтайландырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалған 23 елді мекенге жыл соңына дейін сапалы ауыз су жеткізу үшін арнайы Жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілуде.Биыл «Ерімбетжаға», «Тастүбек», Шәкен, «Шилі», «Сарбұлақ», «Шитүбек» елді мекендеріне таза ауыз су қосу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары басталуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/937282
Облыс аумағындағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда 21.02.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен республикалық кеңес өтті. Күн тәртібінде су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды.Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, аймақтағы су шаруашылығының жағдайын, су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы баяндады.«Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберілсе, оның 150 текше метрін Көксарай су реттегіші алады. Облыс аумағына секундына 469 текше метр су келіп түсуде (12.02.2024 жылы секундына 242 текше метр).«2024-2025 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзенінен үлкен көлемдегі суды қауіпсіз өткізу жоспары» бекітілді. Су деңгейін төмендету үшін магистральды каналдар мен көлдердің су алу кестесі әзірленді. Мұздан тазарған соң секундына 1 000 текше метрге дейін су қабылдауға болады.Су басу қаупі бар 29 аймаққа арнайы техника, күш-құралдары жеткілікті 135 жауапты мекеме бекітілді. Оларда 410 арнайы техника және 1 234 адам күші бар. Су тасқынына қарсы қолданылатын 129,7 тонна жанармай, 95 110 дана қап және басқа да материалдар қоры толық жасақталған. 61 эвакуациялық жинақтау және 71 қабылдау пункті бар. Облыс аумағындағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда, қауіп жоқ», – деді Н. Нәлібаев.Айта кету керек, тиісті сала мамандары («Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары) Сырдария өзені арнасындағы 10 бекет мен 4 тораптағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілікте.Арнайы мамандандырылған мекемемен мұз жару бойынша да келісім-шарт жасалды.Өткен жылы 3 нысандағы қорғаныс бөгеттерін жөндеу-қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, бюджеттен тыс көздер есебінен 20 нысанда да осындай жұмыстар атқарылды.Облыс аумағында 37 гидротехникалық құрылыс бар, коммуналдық меншіктегі 3 су қоймасына тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы рәсімделді. Биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/938078
Қанат Бозымбаев Алатау ауданын дамыту мәселелері бойынша Жобалау кеңсесінің отырысын өткізді және кәсіпкерлермен кездесті 21.02.2025
Бүгінгі таңда Алатауда туризм, логистика, өнеркәсіп, білім беру және бизнес салаларында 11 жоба әзірленуде. Қала аумағында ірі инвестициялық жобалар жоспарланған және оларды орналастыру бойынша алдын ала келісімдер инженерлік құрылыстар мен қорғаныс аймақтарын ескере отырып жасалған. Санитарлық аймақтарға, өндірістік алаңдарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаға әсер етуіне байланысты қаланың аумағын жоспарлауда түзетулер енгізу қарастырылған. Осыған байланысты, Вице-премьер бизнес өкілдерімен, жобалау институттарымен кездесіп, қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды тыңдады.«Жаңа Алатау қаласын салу ыңғайлы, қауіпсіз, технологиялық тұрғыда дамыған және экологиялық таза болуы керек. Алатау заманауи урбанистік орталықтың үлгісі бола алады. Қала құрылысының халықаралық стандарттарға негізделген заманауи болуын қамтамасыз ету қажет. Бір ай ішінде инвесторлармен жасалған келісімдерге сәйкес қала аумағында инвестициялық жобаларды орналастыру мәселелерін қайта қарауды тапсырдым. Барлық профильді министрліктер процесті жеделдетіп, мамыр айына дейін бас жоспарға өзгерістер енгізсін», - деді Қанат Бозымбаев.Одан кейін Алатауда Жоба кеңсесінің отырысы өтті, оған ұлттық экономика, әділет, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және инфрақұрылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері қатысты. Қатысушылар EPC шарттары мен құрылысты салуға кететін қаржыландыру құралдарын қолдану механизмдерін енгізу жұмыстары туралы есеп берді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, Алматы зообағын Алатау аумағына көшіру, сондай-ақ әуе таксиі үшін эксперименттік орта мен алаңды белгілеу мәселелері қарастырылды.Қаланы тартымды етіп жасау және кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында Алатау қаласы мамандары үшін ипотекалық кредит беру лимитін ұлғайту ұсынылды.Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ бірлесіп 35 жасқа дейінгі жастар үшін «Алматы Жастары» жеңілдетілген ипотекалық кредит беру бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарламаға өткен жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, тағы 500 млн теңге банк тарапынан қаржыландырылды. Бұл 55 отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 38 үміткер өз пәтерлерінің кілттерін алды.Өткен жобалау кеңсесінің қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев мемлекеттік органдарға атқарылатын жұмыстың көлемі туралы ескертіп, министрліктер мен әкімдіктердің лауазымды тұлғаларының тапсырмаларды уақытында орындамауына жеке жауапкершілік жүктейтінін еске салды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/938801
Абай мен Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойларына арналған премьералар, жаңа эксперименттер және рекордтық жетістіктер: «Алатау» дәстүрлі өнер театры көрермендерді несімен таңғалдырады 21.02.2025
«Алатау» дәстүрлі өнер театры көрермендерге жаңа қойылымдар дайындауда. Олардың қатарында ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған спектакльдер бар. Сондай-ақ, алдағы премьералардың бірі – мәңгілік махаббат туралы аңызға айналған оқиғаны баяндайтын «Естайдың Қорланы» музыкалық драмасы. Бұл қойылымдардың тұсаукесері 2025 жылдың күзіне жоспарланған.Қазіргі VIII маусымда театр репертуары төрт жаңа қойылыммен толықты: «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» саундрамасы, QULAN феериясы, Alatau FM radiosy музыкалық комедиясы және қазақтың әйгілі композиторы, ақыны, айтыс шебері Біржан сал Қожағұлұлының әндеріне негізделген «Теміртас» реквием-спектаклі.«Театр репертуарынан қызықты саундрамаларды, жарқын феерияларды, музыкалық комедияларды және реквием-спектакльдерді көруге болады. Бұл батыл эксперименттер біздің труппамызға жаңа көкжиектерді ашып, көрермендерге ерекше театрлық әсер сыйлайды, дәстүрлі театрдың шекарасын кеңейтеді. Айта кетерлігі, өткен жылы театр сахнасында 50-ден астам қойылым қойылып, көрермендер көбейіп, мазмұнды мәдени бағдарлама жасалды. Жалпы, 2024 жылы біздің спектакльдерімізді 62 мың адам тамашалады – бұл соңғы үш жылдағы рекордтық көрсеткіш», – деп мәлімдеді театр директоры Мақсат Нұралиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.«Алатау» театрының қойылымдары 20-дан астам ұлттық аспапта шебер ойнайтын «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің жанды сүйемелдеуімен өтеді. Труппа құрамында «Алатау» би ансамблі, ақындар, дәстүрлі ән орындаушылары мен талантты актерлер бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/938803
Владислав Киреев Азия ойындарында екінші медаль жеңіп алды 21.02.2025
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында биатлондағы соңғы марапаттар ойнатылды. Қазақстан ерлер командасы эстафетада Жапония құрамасына есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Күміс медальді Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Владислав Киреев құрамындағы біздің квартет жеңіп алды. Жарысқа жеті елдің командалары қатысты.Бұл қазақстандық биатлоншылардың IX қысқы Азия ойындарындағы төртінші медалі. Бұған дейін жеке жарыста Теміртау қаласының тұрғыны, Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілі Владислав Киреев чемпион атанса, Вадим Куралес күміс жүлдеге ие болды.Қазақстанның әйелдер құрамасы да эстафетада үздік үштікке енді.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасыФото: Нұрғали ЖұмағазыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/937296
Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында су шаруашылығы нысандарының жағдайы мен қар жамылғысының биіктігіне тексеріс жүргізді 21.02.2025
Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында су шаруашылығы нысандарының жағдайы мен қар жамылғысының биіктігіне тексеріс жүргізді. Бөгеттер мен гидротехникалық нысандардың кірме жолдары қардан тазартылды. 11 дана арнайы техника дайындалды: доңғалақты экскаватор, автокран, бульдозер, тракторлар, ассенизатор машинасы, манипулятор және т.б. Филиал наурыз айынан бастап тәуліктік кезекшілікке көшеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/942098
Су тасқынына дайындық аясында «Қазсушар» филиалдарына 84 жаңа техника берілді 21.02.2025
Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынына дайындық аясында «Қазсушар» филиалдарын 84 жаңа техникамен қамтамасыз етті. Оның ішінде 8 автокран, 14 самосвал, 7 трактор, 23 тиегіш және 32 газель көлігі бар.Арнайы техника паркін жаңарту су шаруашылығы нысандарын бақылауды күшейтуге және инфрақұрылымды үздіксіз пайдалануды қамтамасыз етуге, жұмыстардың жеделдігін және сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Министрліктің бұл бастамасы су шаруашылығы саласын жаңғырту бойынша кешенді жоспарының бір бөлігі ғана. Ведомство алдағы бірнеше жылда су шаруашылығы техникаларының 65-70%-ын жаңартуға ниетті.«Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарын жалпы саны 757 жаңа техника және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішінде шынжыр табанды техника, эксковаторлар, ауыр жүк көліктері мен тракторлар бар. Бұдан бөлек, жаңадан 8 жерснаряд алынады. Бұл су қоймасының түбін түрлі шөгінділерден тазартуға арналған кемелер. Арнайы техника су тасқыны қаупін азайтуға, каналдардың су өткізу қуатын арттыруға және қосымша бос орын есебінен су сақтау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/942116
«Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы су тасқынының алдын алу мақсатында Ассы өзеніндегі мұздың қалың қабаттарын арнайы техникамен тазартты 21.02.2025
«Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы су тасқынының алдын алу мақсатында Ассы өзеніндегі мұздың қалың қабаттарын арнайы техникамен тазартты. Бұл іс-шара өзен арнасын кеңейту және оның су өткізу қуатын арттыру үшін жасалады. Бұдан бөлек, Қорам магистралды каналында нығайту жұмыстары жүргізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/942125