Қоғам
ІІМ басшысы ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитетінің директорымен кездесті 21.02.2025
ІІМ-де Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры Ұларбек Шаршеевпен кездесті. Кездесуде ШЫҰ ӨТҚҚ шеңберінде экстремизм мен терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың басым мәселелері талқыланды.Тараптар заманауи сын-қатерлерге қарсы іс-қимылда күш біріктіруге ниет білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/942401
Қазақстан СІМ-де ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша келіссөздер өтті 21.02.2025
Астана, 2025 жылғы 20 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (ӨТҚҚ) Атқару комитетінің жаңадан тағайындалған директоры Уларбек Шаршеевпен кездесті.Тараптар өңірдегі қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ахуалдың дамуы жөнінде пікір алмасып, 2024 жылғы 4 шілдеде өткен ШЫҰ Астана саммитінің қорытындыларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.А.Рахметуллин ӨТҚҚ-нің терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимылда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін үйлестіру жөніндегі қызметін жоғары бағалады. Қазақстанның Атқару комитетімен практикалық әріптестігінің озық деңгейін атап өтіп, бірлескен жұмысқа, оның ішінде ШЫҰ-ны жетілдіру мәселелеріне қолдау білдірді.Сондай-ақ тараптар өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ӨТҚҚ қызметінің одан әрі даму перспективаларын талқылады.Кездесу соңында А.Рахметуллин У.Шаршеевті тағайындалуымен құттықтап, осы лауазымда табысты жұмыс тіледі.Анықтама: ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті – терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күресте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына жәрдемдесу, үйлестіру және өзара іс-қимыл жасауға Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/942454
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2024 жылғы бюджеттік бағдарламаларын іске асыру туралы есептерді жария талқылаудың басталуы туралы хабарландыру 21.02.2025
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі 2025 жылғы 20 ақпанда «Ашық бюджеттер» интернет-порталында (https://budget.egov.kz) жария талқылау үшін Әділет министрлігінің 2024 жылғы бюджеттік бағдарламаларын іске асыру туралы есептер орналастырылғанын хабарлайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/942417
Биыл облыс орталығы Талдықорғанның бюджеті 33 % ұлғайтылып, қаланы дамытудың басым бағыттары белгіленді 21.02.2025
Талдықорғанды жуық жылдарда қауіпсіз, жайлы, жасыл қала ретінде дамыту міндеті қойылған. Оны іске асыру үшін 2025-2026 жылдардың нақты жоспарлары жасалып, қала бюджеті 33 пайызға ұлғайтылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың журналистерге берген сұхбаты барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Өңір басшысы өз сөзінде облыс орталығын дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Бұл ретте қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі алдыңғы орында тұр. Осы мақсатта қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 585 бейнекамера және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 136 «Сергек» камерасын орнату межеленген. «Смарт Сити» форматы бойынша қаланың тіршілігін тәулік бойы бақылай алатын ситуациялық орталықты іске қосу жоспарда бар. Оған қоса көшелерді жарықтандыру да қолға алынады. Бүгінгі күні қаладағы 640 көшенің 420-сында ғана, яғни, 65 пайызына жарық орнатылған. Осыған орай жергілікті бюджеттен биыл көшелерді жарықтандыруға 3,5 млрд теңге бөлініп отыр. Соның арқасында бірқатар саяжайларда және «Хутор», «Шығыс» және басқа да аудандарда көшелер жарықтандырылады.Сонымен қатар қаланың өмір сүруге жайлы болуына да назар аударылады. Яғни халық баспанамен, жылумен, электрмен, сумен, газбен қамтамасыз етілуі керек. Мәселен, өткен жылы Талдықорғанда 1283 отбасыға баспана берілсе, биыл тұрғын үйге ие болатындардың саны 1500-ге жуықтайды деп жоспарланып отыр.Шаһардың көркі абаттандыруға тікелей байланысты. Сондықтан аулаларға воркаут алаңдарын салу, көп қабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жаңарту, арықтар мен арналарды қалпына келтіру жалғастырылады. Былтыр 28 көпқабатты үйдің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көппәтерлі 10 үйдің қасбеті жасалды. Биыл тағы 30 көпқабатты үйдің шатыры мен 32 үйдің қасбеті жөнделеді.- Қаладағы «Ұлан» ықшам ауданына отыз жылдан астам уақыт жөндеу жүргізілмеген. Ауданды абаттандыру мәселесін ұзақ талқылап, сараптама жасап барып, шешім қабылдадық. Сол арқылы тәжірибе қалыптасты. Енді кешенді түрде жұмыс істейміз. Былтыр алдымен 25 көп пәтерлі үйдің 5 ауласын жөндедік, қалған аулаларды биыл бітіреміз. Сондай-ақ «Ұлан» ықшам ауданындағы жөндеуді қажет ететін көп қабатты үйлердің шатырын жөндейміз. Содан соң «Жетісу» және «Жұлдыз» ықшам аудандарына ауысып, кешенді тәртіппен көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, алдымен қаланың назардан тыс қалған шеткі аудандарын қамтимыз, - деді Б. Исабаев. Көгалдандыру жайына келсек, Талдықорғанда өткен жылы 10 мыңдай ағаш отырғызылса, биыл 12 мыңнан астам көшет егу көзделген. Қаланың «Құлагер» шағын ауданында аумағы 1,2 гектар болатын жаңа саябақ салу жоспарда бар. Ал «Бірлік» шағын ауданда жаңа сквер пайда болады. Сол сияқты ағаштар мен көгалдарды суару жүйесін реттеу қолға алынған. Бүгінге дейін шамамен 10 шақырымдай арық жүйесіне жөндеу жүргізілді, бұл жұмыс биыл да жалғасады. Оған қоса Орталық және «Жастар» саябақтарына ағымдағы жөндеу жасалады.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев, сол сияқты бірқатар фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің арихивінен алынды Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/942232
Сығанақ көшесінен Қорғалжын тасжолына дейінгі учаскеде автобус жолақтарымен жүруге уақытша рұқсат етілді 21.02.2025
Қонаев көшесінде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жанындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін қайта жаңғыртуға байланысты осы жылдың 19 ақпанынан бастап жол қозғалысын ұйымдастыруға уақытша өзгеріс енгізілді.Тұран даңғылының Сығанақ көшесінен Қорғалжын тас жолына дейінгі аралығында көлік жүктемесін азайту үшін Bus Lane, яғни автобус жолағымен жүруге уақытша рұқсат етіледі.Қала тұрғындары мен қонақтары елорда жолдарындағы өзгерістерге түсіністікпен қарап, назарға алуды сұраймыз.Жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы аяқталғаннан кейін жол белгілері қайта қалпына келтіріледі. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі ресми дереккөздерде қосымша жарияланатын болады.Автокөлік жүргізушілерінен жылдамдық режимін сақтауды және Қонаев көшесінің жабық учаскесін назарға алып, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Естеріңізге сала кетейік, Астана ПД әкімшілік полиция басқармасының келісімі бойынша биыл 19 ақпаннан 30 қазанға дейін Қонаев көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Тұран даңғылына дейінгі жол бөлігі жабылады. Бұл ретте көлік қозғалысы іргелес Достық және Сарайшық көшелерімен қамтамасыз етілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/942212
Астанада вандалдар салған жазулар мен граффитилерді жою бойынша арнайы акция өтті 21.02.2025
Астанада «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде вандалдар салған жазулар мен граффитилерді жою бойынша арнайы акция өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Нұра ауданы әкімдігінің бастамасымен аудандық полиция басқармасы және «Астана жастары» еріктілері қолдауымен өткен акция қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға бағытталды.«Бұл көпір қаладағы көрнекті орындардың бірі болып саналады. Сондықтан да біз көпірді тыйым салынған жарнамалардан тазарту бойынша үнемі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Жалпы аудан бойынша вандализм актілерін анықтау және оның жолын кесу үшін адамдар көп жиналатын жерлерде жүйелі түрде акциялар мен мониторинг ұйымдастырып отырамыз», - дейді Нұра ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Руслан Сәбитов.Елордалық еріктілер мұндай шараларға тұрақты түрде қатысып тұрады.«Елордада туристер қызығушылық білдіретін көрікті жерлер көп. Бірақ вандализм әрекеттері мұндай жерлерде де кездесіп жатады. Бүгін біз арнайы тазалау құралдары арқылы көпірдегі жарнамалар мен суреттерді өшірдік. Мұндай акциялар қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деп атап өтті «Астана жастары» орталығының волонтері Милат Әлімбекова. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/942305
Астанада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 22-23 ақпанда өтеді 21.02.2025
Елордада 22 және 23 ақпанда кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Жәрмеңкеде Қазақстанның түрлі өңірлерінен жергілікті фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөністер мен жемістерді, ет, ұн және сүт өнімдерін, кондитерлік өнімдерді, табиғи шырындарды және т.б. сатып ала алады.Іс-шара 22 және 23 ақпанда сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12а мекенжайындағы «Koktal» сауда-ойын-сауық орталығында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/942317
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында университет жанынан алғашқы эко-хаб ашылды 21.02.2025
2025 жылғы 20 ақпанда Алматыда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Satbayev University базасында эко-хаб техникалық іске қосылды. Жоба студенттерді қалдықтарды бөлек жинау мәселесіне тартуға және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Осындай эко-хабтарды әрбір оқу орнында іске қосу жоспарланып отыр, осылайша жоба қалалық деңгейге дейін кеңейеді.Эко-хабта студенттер пластикті қайта өңдеп, оны түрлі заттарға айналдыра алады: сағаттар, жануарлар мүсіндері, кілтсөздер және т.б. Сонымен қатар, мамандар шеберлік дәрістерін өткізіп, гринвошинг мәселесі туралы ақпарат береді.«Біз студенттер экологиялық мәдениетті қалыптастыруда негізгі күш бола алады деп сенеміз және дұрыс басқару арқылы бізбен бірлесіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасының көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді. Жақын арада Алматының басқа университеттері де біздің «Жасыл университет»бағдарламамызға қатысуға өтінім береді деп сенеміз», – деді эко-хабтың негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.4-курс студенті Манахабек Мерейбек университеттің экологиялық бастамаларды белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. «Біз мұндай бастамаларға атсалысқанымызға қуаныштымыз және еліміздегі басқа да университеттер экологиялық жобаларды қолдайтынына сенімдіміз», – деді.Айта кетейік, бағдарлама серіктестері қатарында алғашқы университеттердің бірі болып ҚазБСҚА аталды, сондай-ақ қаладағы тағы бірнеше университеттер эко-хаб ашуға дайындалуда. Бұл білім беру мекемелерінің өз қызметін «жасылдандыруға» деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.Еске сала кетейік, Алматыдағы алғашқы эко-хаб республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылды және қазіргі уақытта пластик қалдықтарын қайта өңдеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Пластикті ұсақтауға арналған велошредерлер орнатылып, оны түрлі бұйымға айналдыруға мүмкіндік беретін экструдерлер жұмыс істеп тұр. Бұл жоба экологиялық мәдениетті дамытудағы маңызды қадамға айналды және өзінің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда. Болашақта барлық әзірлемені біріктіріп, қаланы аралайтын эко-трэк құру жоспарлануда.Бұл шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/942238
Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері 21.02.2025
Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілді. Шарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.Қазақстанның Су дипломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан астам өзендер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.2024 жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 6-шы отырысын өткізу маңызды болды. Саммит қорытындысы бойынша «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025-2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.Бұдан басқа Қазақстан қақтығыстарды реттеуде делдал бола отырып, халықаралық дипломатияда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Астана процесі аясында біз Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер алаңын ұсындық. Қазақстан негізгі қатысушыларды біріктіреді және ымыралық шешімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ ел өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы ұсыныс жасады, бұл профилактикалық дипломатия механизмдерін дамытудағы маңызды қадам болады.Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.Соңғы жаңалықтар19 ақпан 2025Қазақстан мен Мысыр арасындағы саяси консультациялардың тоғызыншы раунды туралы19 ақпан 2025Алматы ЮНЕСКО-ның алғашқы Жаһандық жастар форумының алаңына айналды18 ақпан 2025Дипломатиялық корпусқа визалардың жаңа санаттары таныстырылды18 ақпан 2025Қытайдың «East Hope Group» компаниясы Қазақстанда металлургия саласындағы ең ірі жобаларының бірін іске қоспақ17 ақпан 2025Қазақстан мен Мажарстан: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиектеріАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/941913
«Ашық диалог» порталында интернет-конференция өткізу туралы хабарлама 21.02.2025
Шығыс Қазақстан облысы «Мемлекеттік қызмет және білім берудегі цифрлық инновациялар» атты тақырыпта интернет-конференция өткізу бастағанын хабарлайды.https://dialog.egov.kz/conference/4102 сілтемесі бойынша аталған интернет-конференция қолжетімді.Осы конференцияға қатысуларыңызды сұраймыз.Сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/941995
Грузия мен Қытайға жаңа әуе рейстері ашылады 21.02.2025
Көлік министрлігінің жаңа халықаралық рейстерді ашу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы шеңберінде қазақстандық әуекомпаниялар Грузия мен Қытай бағыттары бойынша жаңа рейстерді іске қосады.Мәселен, ағымдағы жылдың 27 мамырынан бастап "Air Astana" әуекомпаниясы Атыраудан Тбилисиге тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 3 рет сейсенбі, жұма және жексенбі күндері Airbus типті әуе кемелерімен орындалады. Бүгінгі таңда Тбилисиге рейстер Алматы және Ақтау қалаларынан орындалады.Ағымдағы жылдың 28 мамырынан бастап "SCAT" әуекомпаниясы Шымкент қаласынан Сианға тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Қазіргі уақытта Сианьға тікелей рейстерді Қытай әуекомпаниялары Алматы мен Астанадан орындайды.Жаңа бағыттардың ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/942033
Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде тәуелсіз сарапшылар институты пайда болды 21.02.2025
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға (бұдан әрі – МӘС) сырттай проактивті форматта жіберетін азаматтарды куәландыру жөніндегі тәуелсіз сарапшылар институты енгізілді.Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға тартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ МӘС қызметін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге ықпал етеді, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тәуекелдерін азайтады және мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады.Осы институтты тиімді енгізу мақсатында 2024 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптамаға тәуелсіз сарапшыларды тарту тетігі сыналды. Пилоттық жобаға 18 дәрігер қатысып, МӘС-тің 7 532 актісі қаралды.Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.Қазіргі уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізіліміне енгізу үшін үміткерлердің құжаттарын қабылдауда. Өтініштер Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы беріледі, бұл ретте үміткерлер дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді.Бұрын хабарланғандай, бүгінде сырттай куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. 2025 жылдың басынан бері осы форматта Қазақстанның барлық өңірлерінен МӘС-ке түскен 8,5 мыңнан астам өтінім қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/941907
Астанада сарапшылар әлеуметтік әділеттілік мәселелерін талқылады 21.02.2025
Елордада елімізде бірінші рет атап өтілгелі отырған Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні қарсаңында «Әлеуметтік әділеттілік және лайықты еңбек: заманауи сын-тез бен инновациялар» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Сарапшылар Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция» бастамасын іске асыру барысын, Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын, ҚР қауіпсіз еңбек пен ҚР еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларының әсерін, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылының шеңберінде көзделген іс-шараларды кеңінен талқылады.Бұл іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) қолдауымен ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ), мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың, ҚР Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының, Кәсіподақтар федерациясының және т. б. ұйымдар өкілдері қатысты.ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов отырысты аша отырып, Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы тығыз ынтымақтастықтың, ХЕҰ конвенцияларын ратификациялаудың еңбек саласындағы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілетуге зор ықпалы бар екенін атап өтті.«ХЕҰ болжамдары бойынша әлеуметтік-еңбек саласын, атап айтқанда еңбек нарығын дамытудың мынадай трендтері мен сценарийлері өзектілігін сақтайды: «Жасыл» жұмыс орындары; күтім экономикасы – әлеуметтік жұмыс және арнаулы әлеуметтік қызметтер; «гиг-экономика» – икемді, платформалық жұмыспен қамту; жаһандық жеткізу тізбегі – трансұлттық жаһандық желілер; роботтар дәуірі – өндірісті автоматтандыру қарқынын жеделдету, өнеркәсіптік роботтарға сұраныстың артуы», – деді А.Сарбасов.Оның айтуынша, жасанды интеллектті дамыту және цифрландырудың жаһандық трендтері, оның ішінде әлеуметтік-еңбек саласында да шешуші рөл атқарады.«Осылайша, Министрлік еңбек жағдайларын бағалау процесін цифрландыру үшін инновациялық шешімдер, Бірыңғай оқу-әдістемелік орталықтың онлайн-платформасын, «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматты ақпараттық жүйесін, Кәсіпорындардың цифрлық картасын әзірлеп, енгізеді, сондай-ақ қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы, Электрондық еңбек биржасы, Әлеуметтік қызметтер порталы және т.б. жүйелер жемісті жұмыс істейді», – деді вице-министр.Бұл ретте Ақмәди Сарбасов қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарамастан, жұмысшы кәсіптер қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін атап өтті.«Цифрлық технологияларды, кәсіптік дағдыларды және әлеуметтік қолдауды біріктіретін жұмысшы кәсіптер жылын өткізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру жұмысшы кәсіптердің беделін арттырып қана қоймай, азаматтардың әл-ауқатының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.Спикер алдағы жылдарға арналған әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу жоспарларымен бөлісті.«Бірінші міндет – халықты әлеуметтік қорғаудың қолданыстағы тетігі шеңберінде жоғары өмір сүру деңгейіне, табыстарды әділ бөлуге және азаматтардың теңсіздігін айтарлықтай қысқартуға қол жеткізу.Екінші міндет – «Қарапайым заттар экономикасынан» «Күрделі экономикаға» – күрделі және технологиялық жағынан дамыған тауарлар, қызметтер мен өндірістерді құру үшін өнімді білім алуға және пайдалануға негізделген экономикаға көшуді аяқтау», – деп қорытындылады Ақмәди Сарбасов.Дөңгелек үстелге қатысушылар ХЕҰ-ның «Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция» бастамасының іске асырылу барысын, ҚР-да лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын, ҚР қауіпсіз еңбек және ҚР еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларының әсерін, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде көзделген іс-шараларды талқылады.ХЕҰ, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының өкілдері өз баяндамаларында әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асырудағы бірқатар негізгі бағыттарға басымдық берді. Сондай-ақ Қазақстан мен ХЕҰ ынтымақтастығының тарихы мен перспективалары, БҰҰ-ның жұмыспен қамту мәселелеріндегі даму бағдарламасының тәжірибесі, еңбекті қорғаудың рөлі және басқа да мәселелер егжей-тегжейлі қаралды.Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін БҰҰ 2007 жылы тағайындаған болатын және жыл сайын әлемдегі әлеуметтік әділеттіліктің қажеттілігіне назар аударудың басты мүмкіндігі ретінде атап өтілетінін айтқан жөн. 2025 жылы әлемдік қауымдастық ХЕҰ-ның 300-ден астам серіктестері қосылған «Жаһандық әлеуметтік әділеттілік коалициясы» бастамасының арқасында бұл күнге ерекше мән береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/942236
Қарағандыда ТЖМ XIV қысқы спартакиадасы басталды 21.02.2025
Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің XIV қысқы спартакиадасы өтуде. Жарыс шеңберінде ТЖМ құрылымдық бөлімшелерінің командалары волейбол және арқан тарту сияқты спорт түрлеріндегі біріншілік үшін сайысатын болады. Спартакиадаға волейболдан 25 команда және арқан тартудан 21 команда қатысады. Бүгін «Жастар» спорт кешенінде жарыстың салтанатты ашылуы өтті. Ашылу салтанатына ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов, ТЖМ «Вatyr team» спорт клубының атқарушы директоры Әділет Қайрбаев, Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев, шақырылған қонақтар қатысты. Спартакиада жарқын және тартысты өтеді деп күтілуде, қатысушылардың күші, төзімділігі мен командалық рухын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/942284
Ерікті зейнетақы жарналары – зейнетақы капиталын толықтырудың тиімді тәсілі 21.02.2025
Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберінде жарналардың келесі түрлері жүзеге асырылады: міндетті (жұмыс берушінің жұмыскердің жалақысынан ай сайын аударатын 10%), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (жұмыс берушінің өз бюджеті есебінен төлейтін зиянды және қауіпті кәсіптерде еңбек ететін жұмыскерлер кірістерінің 5%), сондай-ақ, 2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ). Жарнаның бұл түрі 1975 жылы және одан кейін туған барлық жұмысшылар үшін (2024 жылы 1,5%-дан басталып, 2028 жылы 5%-ға дейін біртіндеп көтеріледі, ал 2025 жылы - 2,5%) төленеді. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалар аудара алатын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ). Жеке тұлғалар өздері және (немесе) жақындары үшін өз табысы есебінен, ал заңды тұлғалар – қызметкерлерінің және (немесе) үшінші тұлғалардың пайдасына қаражат аудара алады. Бұл жарналардың осы түріне тән артықшылықтардың бірі ғана. Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банктер арқылы, сондай-ақ, жұмыс берушіге өтініш беру жолымен аударуға болады. Жұмыс беруші ерікті зейнетақы жарнасын БЖЗҚ-ға сол өтініштің негізінде мәлімделген тұлғаның пайдасына аударады. ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібін БЖЗҚ-ның зейнетақы ережелеріне сәйкес алушы дербес айқындайды. Шарт жасасу және ЕЗЖ бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ, зейнетақы жарналарының басқа түрлері сияқты ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ автоматты түрде ашылады. ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын өтінішсіз ашу тәртібі мынадай негізде жүзеге асырылады: - БЖЗҚ-ға агенттер ЕЗЖ аудару кезінде ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері; - БЖЗҚ ға жеке тұлғадан өз пайдасына немесе ЕЗЖ аудару кезінде үшінші тұлғаның пайдасына түскен бастапқы жарнаның үлесі.Пайдасына зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аударған кездегі төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректердің (ТАӘ, ЖСН, туған күні) көмегімен жүзеге асырылады. БЖЗҚ азаматтың жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжатының деректемелері, тұрғылықты тұратын жері және өзге де барлық қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары салықтық артықшылықтарға ие. Мысалы, жұмыс берушінің өз қызметкерінің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды. Жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеруге жатады. Яғни, бұл жағдайда жұмыс беруші салық салу кезінде жеңілдіктер алады.Ерікті зейнетақы жарналары да, міндетті зейнетақы жарналарының барлық түрлері сияқты инвестицияланып, салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарады. Десек те, салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аударуға құқылы. Олар кірістілік пен тәуекелдің түрлі деңгейлеріне ие сан алуан инвестициялық стратегияларды ұсынады. Егер ИПБ-ға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50% дейінгі мөлшерін аударуға рұқсат етілсе, ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде сеніп тапсыруға болады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ-ға аудару салымшының өтініші бойынша жүргізіледі. Оны Қор сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ-ның кез келген филиалында электрондық форматта беруге болады. Инвестициялау нәтижелері бойынша басқарушы компанияны өзгертуге болады, бірақ мұндай мүмкіндік жылына бір рет қана беріледі. Осылайша, зейнетақы активтерін басқаруға қатысу - ЕЗЖ-нің тағы бір артықшылығы.ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін – 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да ЕЗЖ есебінен төлем алу құқығы беріледі.БЖЗҚ-ға ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен төлемдер алу туралы өтінішті enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасындағы жеке кабинетте онлайн-форматта, сондай-ақ, Қордың кез келген бөлімшесінде беруге болады.Жарналардың барлық түрлері есебінен зейнетақы жинақтарының сомасын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте 24/7 режимінде қадағалап отыру да өте оңай.Атап кету керек, зейнетақы жинақтары, оның ішінде ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Нақтырақ айтқанда, зейнетақы жинақтарын мұраға беру өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет болмаған жағдайда немесе бүкіл мұраның тағдырын анықтай алмаған кезде, сондай-ақ, басқа жағдайларда заң бойынша мұрагерлік күшіне енеді.БЖЗҚ сайтында Қорға беру тәсіліне қарай төлемдерді алуға қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгісі орналастырылған. Қордың "Төлемге құжаттарды алдын ала тексеру" электрондық қызметін пайдалана отырып, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдеріне жіберілетін құжаттарды алдын ала тексеруге болады.БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Салымшының ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) аудару туралы дер кезінде қабылдаған шешімі зейнетақы капиталын едәуір толықтыруға және болашақта жоғары мөлшердегі төлемдер алуға көмектесетінін еске саламыз. Мәлімет үшін: 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар шамамен 7,94 млрд теңгеге жетті. Бір жыл ішінде өсім 50,3% көрсетті. Бұл жарналардың барлық түрлері бойынша жинақтардың көбею қарқыны жағынан ең жоғарғы көрсеткіш. ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ саны бір жылда 10,7% өсіп, 439 582 бірлік болды. БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, БЖЗҚ- ның Instagram, Facebook, ВКонтакте, X(Twitter), Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан алуға болады. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/941948
«БЖЗҚ» АҚ өз салымшылары үшін цифрлық форматта тағы бір жаңа қызмет енгізді 21.02.2025
"БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) өз салымшылары үшін жаңа цифрлық қызметтерді ұсынуын жалғастыруда. Жыл басынан бері әрбір салымшы мен алушының жинақтау тарихындағы негізгі оқиғалар туралы ақпарат беретін Push-хабарламалардың жаңа цифрлық қызметі сәтті іске асырылды. Қазіргі уақытта бұрын іске асырылған зейнетақы жарнасының түскендігі туралы хабарламаларды жіберумен қатар мынадай маңызды оқиғалар бойынша хабарламалар жолдана бастады:- жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қосылуы, яғни жеке зейнетақы шотының ашылғандығы;- 18 жасқа толуы;- зейнет жасына толуы, сәйкесінше, міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығының туындауы;- ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақы төлемін алу құқығының туындауы;- міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемін алу құқығының туындауы;- зейнетақы жинақтарының жеке жоспарын іске асыру мониторингі;- туған күнмен құттықтау Push-хабарламалар - Қор салымшыларына БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы және enpf.kz сайтындғы жеке кабинет арқылы жіберілетін қысқаша мәлімдеме. Ұсынылған сервистерді БЖЗҚ мамандары салымшылардың қалауы мен ең көп сұранысқа ие зейнетақы қызметтерін зерделеу негізінде әзірледі. Қордың меншікті сараптау жүйесі (ACRM) арқылы ауқымды көлемдегі деректерді талдау және өңдеу, алушыларды іріктеу, Push хабарламаларды қалыптастырып, жіберу жүзеге асырылады. Жыл басынан бері Қордың шамамен 223 мыңға жуық салымшысы маңызды оқиғалар туралы хабарлама алды. Хабарламаларды алу үшін салымшылар БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы немесе enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте "Push-хабарламалар" бөлімі арқылы жіберілімге жазылулары қажет. "БЖЗҚ" АҚ өз қызметі барысында салымшыларына қызмет көрсету сапасын жақсартуға әрдайым ұмтылады және цифрлық форматта ұсынылатын сервистер желісін үнемі кеңейтіп отырады. Қазіргі уақытта Қор зейнетақы қызметтерінің 90%-дан астамын онлайн-форматта ұсынады. Салымшылардың сайттағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетте өз шотынан кез келген кезең үшін үзінді көшірме алып, жеке деректемелерін өзгерту, болашақ зейнетақыларының болжамды мөлшерін есептеп, жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударып, Ұлттық Банктің басқаруына қайтару туралы өтініш беруге және тағы басқа да мүмкіндіктері бар.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/942104
Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері 21.02.2025
Қазақстан БҰҰ Жарғысына қатаң сәйкестікте кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін айқын көрсетіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді рөл атқаратынын атап өтті.2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті, бұл өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету барысында экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қоса алғанда, кең ауқымды тақырыптарды қамтитын 160-тан астам іс-шара өткізілді. Шарттық база қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысының континенттік белдеуін қалыптастыруға бағытталған Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды. Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен Астана саммиті болды.АӨСШК төрағалығының негізгі жетістігі институционалдық дамудың жаңа кезеңіне көшу болды. Трансформацияның жол картасы аясында Жарғы мен Рәсімдер ережелері әзірленді, Сенім шараларының каталогы жаңартылды, Даналар кеңесі, Талдау орталықтарының форумы және АӨСШК қоры құрылды. Қазақстан қатысушы елдердің өзара іс-қимылын цифрландыру бойынша бастама көтеріп, деректер мен талдамалық материалдармен алмасу платформасын іске қосты.Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық ету «TURKTIME!» ауқымды бағдарламаның іске қосылуымен ерекшеленді, сондай-ақ мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіпкерлік саласындағы жобалар іске асырылды. Тұрақты өкілдер механизмі құрылды, мемлекеттік рәміздер біріздендірілді, стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған Инвестициялық қор құрылды. Қатысушы елдер арасында 45 млрд АҚШ долларынан асқан өзара сауданың айтарлықтай өсуі экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын көрсетеді.ҰҚШҰ-ға төрағалық ету барысында Қазақстан трансшекаралық қылмыс, терроризм және есірткінің заңсыз айналымы сияқты өзекті қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бастамаларды ілгерілетуге назар аударды. Мемлекет басшыларының кездесулерін, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен әскери жаттығуларды қоса алғанда, 80-нен астам іс-шара өткізілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту бағдарламасы бойынша 10 жылдық жұмысты аяқтауға ерекше назар аударылды.Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қазақстандық төрағалықтың (2024-2026 жылдары) күш-жігері ХАҚҚ жетілдіру процесін аяқтауға, өңірдің су-энергетикалық ресурстарын басқарудың өзара тиімді механизмін әзірлеуге, экологиялық бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдарын еңсеру мақсатында келісілген шаралар қабылдауға шоғырланған.Қазақстанның Су дипломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді. Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы су алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен Ертіс және Іле сияқты 20-дан астам өзендер бойынша келіссөздер жүргізілуде. Еліміздің БҰҰ-дың Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенциясына қосылуы маңызды қадам болды.2024 жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.Әзербайжан Президенті, БҰҰ Бас хатшысының ОА жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысының қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің 6-шы отырысын өткізу маңызды болды. Саммит қорытындысы бойынша «ОА-2040» Өңірлік кооперацияны дамыту тұжырымдамасына, 2025-2027 жылдарға арналған Өңірлік ынтымақтастықтың жол картасына, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылды.Бұдан басқа Қазақстан қақтығыстарды реттеуде делдал бола отырып, халықаралық дипломатияда маңызды рөл атқаруды жалғастыруда. Астана процесі аясында біз Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер алаңын ұсындық. Қазақстан негізгі қатысушыларды біріктіреді және ымыралық шешімдерге қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ ел өңірлік қақтығыстарды шешу үшін халықаралық медиация орталығын құру туралы ұсыныс жасады, бұл профилактикалық дипломатия механизмдерін дамытудағы маңызды қадам болады.Қазақстан әлемдік саясатқа интеграцияның жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Еліміз энергетика, көлік, сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы ірі өңірлік жобаларға бастамашы болып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы ынтымақтастық және Еуразиялық экономикалық одаққа белсенді қатысу еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растайды. Жасыл технологиялар мен экономиканы декарбонизациялау жөніндегі бағдарламаларды енгізу Қазақстанның халықаралық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдерімен орнықты даму және энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды аспект болды.Қазақстан бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясат ұстануды жалғастырады. Ел Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. БҰҰ, ДСҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жаһандық бастамаларына қатысуды кеңейту, жетекші державалармен стратегиялық серіктестікті дамыту және экономикалық дипломатияны тереңдету елдің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/941854
ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ ТҮЙЕТАБАН ӨСІМДІГІНІҢ ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ҚАСИЕТТЕРІН ЗЕРТТЕП ЖАТЫР 21.02.2025
ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ ТҮЙЕТАБАН ӨСІМДІГІНІҢ ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ҚАСИЕТТЕРІН ЗЕРТТЕП ЖАТЫРӘл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қатерлі ісікке қарсы қолданылатын дәрілік препараттарды әзірлеу тәсілдерін жетілдірді. Университет мамандары Іле-Балқаш өңірінде өсетін бұршақтүсті түйетабан өсімдігін зерттеп, оның қатерлі ісік ауруына қарсы белсенділігін анықтады.Бұршақтүсті түйетабан ертеден халық медицинасында кеңінен қолданылған. Дегенмен аталған өсімдік ғылыми тұрғыда толық зерттелмеген. ҚазҰУ ғалымдары алғаш рет оның құрамындағы фитохимиялық және биологиялық белсенді заттарды анықтауға бағытталған ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта отандық фармацевтиканы дамытуға септігін тигізбек.«Жоба нәтижесінде бұршақтүсті түйетабан өсімдігінің биологиялық белсенділігі жоғары екені анықталды. Өсімдік сығындылары антиоксиданттық, антимикробтық және цитоуыттылық қасиеттерімен ерекшеленді. Мәселен, этанол сығындысы күшті антиоксиданттық белсенділік көрсетті, ал этил ацетаты сығындысы бактерияларға қарсы тиімділік танытты. Сондай-ақ өсімдіктің белгілі бір сығындылары лейкемия жасушаларына қарсы тұра алатыны дәлелденді. Мұны болашақта қатерлі ісік ауруына қарсы дайындалатын дәрілерге пайдалануға болады», – дейді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, докторант Гүлзат Қайранова.Ғылыми жоба бойынша қауымдастырылған профессор Әсем Мамурова, PhD доктор, Түркия профессоры Ахмет Бейатлы және ҚазҰУ докторанты Гүлзат Қайранова жұмыс істеуде. Болашақта мамандар патент алуды және жоғары рейтингтік ғылыми журналдарға мақала дайындауды жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/942014
ТҮРКІСТАН: ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ 21.02.2025
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өзі жетекшілік ететін салалар бойынша өңір тұрғындарын кезекті рет қабылдады. Жеке қабылдауға тиісті басқарманың орынбасарлары мен жауапты өкілдері қатысты.Қабылдауға келген тұрғындар денсаулық, жұмысқа орналасу, білім саласына қатысты мәселелерді көтерді. Бірі мүгедектікке шығу бойынша ықпал жасауын сұраса, енді бірі көпбалалы ана мәртебесін қарастыруды айтты. Төлебилік азамат мектептегі ақша жинау мәселесін айтып, мектеп директорының үстінен шағымданды. Сонымен қатар тұрғындардың бірі мектептегі әлімжеттік мәселесіне және мектеп директорының дөрекі әрекеттеріне наразылық білдірді. Мектепте мұғалімдердің білім сапасын көтеру жөнінде де ұсыныс берілді.Тұрғындарды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары әрбір мәселе заң аясында қаралатынын, ұсыныс пен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Жауапты басшыларға мәселелерді жан-жақты зерделеп, қысқа мерзімде шешуді тапсырды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/941972
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫНДА 13 МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ 21.02.2025
2025 жылғы 19 ақпан күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларға тоқталып өтті. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Құрмет грамотасын табыстады.Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.Күн тәртібінде 13 мәселе қаралды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Түркістан облысындағы кеден бекеттерінің жұмысы және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өзекті мәселелері туралы, облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндамалар жасалды.Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы мен Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы басшыларының есептері тыңдалды.Депутаттар пікірлерін білдіріп, шешім жобаларына өз ұсыныстарын енгізді.Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі «Түркістан облысының басқару схемасына» өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша шешім қабылданды. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.– Бүгінгі мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер облыстың дамуына оң әсерін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында стратегиялық жоспарлар жасау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту, агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді ұлғайту, салық-бюджет саясатын реформалау, денсаулық сақтау және білім беру саласын одан әрі дамытуды тапсырды. Бюджет қаражатын қатаң үнемдеп, нақты елге қажет жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Біз экономиканы әртараптандыру, кіріс көздерін ұлғайту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық беріп жатырмыз. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарын жандандырдық. Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Облыста атаулы жылды атап өту бойынша арнайы іс-шара жоспары әзірленді. Өңірдегі колледждер кәсіпорындармен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлауға белсене атсалысады. Облыста салынған зауыттар мен фабрикаларда өзіміздің жастар, тұрғындар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан өндіріске қажетті арнайы мамандарды, жұмысшыларды даярлау бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл бастамаға депутаттар да атсалысып, өз үлестерін қосуы керек. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы Мәжіліс пен Сенаттан қолдау тауып, Президентке қол қоюға ұсынылды. Бұл – Түркістан қаласын ғана емес, тұтас өңірді дамуға жетелейтін маңызды құжат. Түркістанды дамыту – тарихқа деген құрмет. Өңір дамуы үшін ел бастаған азаматтар ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі, ел мерекелі болады. Сондықтан алға қойған мақсаттар мен міндеттерді бірлесіп орындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/941978