Қоғам
«Азаматтық қорғау туралы» заңын жетілдіру 24.12.2024
Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2024 жылы «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы шеңберінде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жедел ден қою (қадағалау) шараларын қолдану тәртібі айқындалды («Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 38,39-баптары және жаңа 38-1-бабы). Ішінара адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіретін өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде субъектілердің қызметі немесе жекелеген қызмет түрі тоқтатылады немесе тыйым салынады. Өзгерістер адал бизнес субъектілерінің қызметіне әсер етпейтінін атап өткен жөн. Жедел ден қою шаралары бойынша түзетулерді қабылдау азаматтар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің, оның ішінде ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар субъектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендету мақсатында бейнетіркегіштерді пайдалану құзыреті көзделген. Сонымен қатар заңға азаматтық қорғаныс саласында тексерулер жүргізу тәртібі бойынша жаңа 37-1-бап енгізілді. ТЖМ ондаған жылдар бойы қолданыста болған заңға алғаш рет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу арқылы азаматтық қорғау саласындағы нормаларды жетілдіру бөлігінде заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасады. Заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінде қаралуда, жұмыс топтарының 17 отырысы өткізілді. Заң жобасында бұрын қолданыста болған нормалар төтенше жағдайлар саласындағы заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге сәйкестікке келтірілген, сондай-ақ азаматтар мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар жаңа тәсілдері көзделген. Заң жобасымен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резерв, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мен басқа да мәселелер бойынша азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды іске асыру ұсынылады. Заңды іске асыру кезінде азаматтық қорғау саласындағы заңға тәуелді нормативтік-құқықтық база қайта өңделіп, азаматтық қорғау саласындағы құқықтық реттеудің сапасы мен деңгейін арттыруда оң нәтиже беретін азаматтық қорғау жүйесі құрылатын болады. 2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша құқықтық актілердің 468 жобасына заң сараптамасы жүргізілді және қабылданды: ҚР Үкіметінің 27 қаулысы, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 441 бұйрығы, оның ішінде 31 бұйрық ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/908259
Студенттер Астанада сыйлық шығаратын шағын фабрика жасап шығарды 24.12.2024
ASTANA Polytechnic жоғары колледжінің студенттері Жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар өндіру желісін әзірледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Колледж студенттері мехатроника және мобильді робототехника сияқты бағыттарды зерттеу үстінде. Оқу кезінде студенттер тұрақты негізде өндірістік желілерді әзірлеумен айналысады.«Колледж базасында біз кез келген өндірісте жұмыс істей алатын мамандарды, яғни сүт бөтелкесін жасаудан бастап, көлік жасауға дейін мүмкіндігі болатын мамандарды оқытып шығарамыз. Студенттеріміз зауытта жұмыс істеуге дайындалып жүр. Алайда біз оқу орны болғандықтан, зауытты өзімізге орната алмаймыз, өйткені оның көлемі біздің колледж алаңынан 10 есе үлкен болуы мүмкін. Сондықтан біз өндіріс желілерінің нақты көшірмелерін кішірейтілген масштабта қолданамыз. Бұл оқу мақсаттары үшін пайдаланылатын нақты өндіріс», – деді Astana Polytechnic жоғары колледжі директорының Ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Самир Керімов.Жаңа жыл қарсаңында төрт адамнан тұратын студенттер тобына мерекелік тақырыпта өндірістік желі құру – жаңа жылдық сыйлықтар шығару міндеті қойылды. Колледж оқушылары миниатюралық автоматтандырылған желіні жинап, жаңа жылдық кейіпкерлермен креативті бейне түсірді.Шағын зауыт құру үшін бір апта қажет болды. Бұл қондырғыны өндіру үшін студенттерге электрика, механика, пневматика және бағдарламалау туралы білім қажет болды.Айта кетейік, өндірістік желіні әзірлеп жатқан студенттер мехатроникадан WorldSkills чемпионатының республикалық кезеңінің жеңімпаздары болып саналады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/908256
Семейде Президенттің жаңа жылдық шыршасы өтті 24.12.2024
Жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты Президент шыршасы өтеді. Семейде бұл мерекеге облысымыздың 200 оқушысы қатысып, ерекше көңіл-күйге бөленді.Дәстүрлі Президент шыршасына 9-13 жас аралығындағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен оқу, спорт, шығармашылық, қоғамдық шараларда жетістікке жеткен дарынды оқушылар шақырылды.Шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев балаларды мерекемен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық лебізін жеткізді.Балаларға театрландырылған қойылым сахналанып, аниматорлар мен балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақардың келуімен шарада ерекше атмосфера орнады.Шыршаға қатысқан әр балаға ел Президенті атынан 120 000 теңгенің сертификаты, сондай-ақ тәттілер мен ойыншықтар жиынтығы тарту етілді.Сонымен қатар, облыстың бес оқушысы «Қазмедиа орталығы» ғимаратындағы «Жаңа жыл Республика төрінде» атты президенттік шыршасына қатысуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/908276
Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілік арттыру курстарынан өтеді 24.12.2024
Келесі жылы «Қазсушар» мекемесінің 105 маманы ҚХР-да біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қытайлық Power China компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен кездесу барысында тиісті келісімге қол жеткізді.Арнайы курстар тоқсан сайын өтеді. Сәуір айында Қытайға 30 маман барады. Содан кейін 25 адамнан жасақталатын топтар әр үш ай сайын біліктілік арттыру бағдарламасына қатысады. Жақын арада тараптар оқу бағдарламаларының тақырыбы мен бағыт-бағдарын айқындайтын болады.«Шетелдік компаниялармен және өзге мемлекеттермен келіссөздер барысында міндетті тақырыптың бірі – бірлесіп кадр даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру. Біздің мамандар Қытайда мол тәжірибе жинайтынына сенімдімін. Биыл министрлік су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысын белсенді жүргізді. Мысалы, жыл басынан бері 500-ден астам адам мамандандырылған орталықтарда курстан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға артық», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.Сондай-ақ, министр қытайлық кәсіпкерлермен Power China компаниясының елімізде су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына қатысу мәселесін талқылады. Шетелдік делегаттар Қазақстанда жаңа су шаруашылығы инфрақұрылымына инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/908102
СҚО әкімдігі жанынан Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды 24.12.2024
Бүгін облыс әкімдігі жанынан Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Жаңа орталық «Тыңдаушы мемлекет» жобасын іске асыру және Президенттің халықпен жұмысты қайта форматтау тапсырмасын орындау аясында құрылды.Жаңа фронт-офисте келушілер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған, цифрлы стандарттар енгізілген, барлық процестер автоматтандырылған. Орталықта күту және өтініш беру аймағы, электронды кезек пен жеке қабылдау кабинеттері бар. Азаматтар мемлекеттік органдарға өтініш беріп, басшыларға қабылдауға жазылып, кеңес ала алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қабылдау үшін арнайы кабинет бар. Орталық азаматтармен байланыстың бірыңғай экожүйесін қалыптастырып, қоғамның сұранысын дәлірек анықтайды. Өтініштерді талдау азаматтардың қажеттіліктерін тереңірек түсініп, биліктің жұмысын жоспарлауға және бюджетті анықтауға негіз болады. Осылайша, халықтың пікірі шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде ескеріледі. Жаңа орталықта мемлекеттік органдардың басшылары қабылдау жүргізді. Ешбір өтініш назардан тыс қалмайды. Мемлекеттің міндеті – мәселені тыңдап, оны шешудің оңтайлы жолын табу. Бірыңғай диалог алаңы мемлекеттік құрылымдар мен халық арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтпақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/908244
ТҮРКІСТАНДА САЛЫНАТЫН ҒИМАРАТТАРДЫҢ СӘУЛЕТІ ТАЛҚЫЛАНД 24.12.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеті кезекті рет талқыланды. Сәулеттік кеңеске жауапты басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және сәулет, құрылыс саласының өкілдері қатысты.
Өңір басшысы әрбір жобаны терең зерделегеннен кейін ғана кеңес отырысына ұсыну керектігін ескертті.
– Біз Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуына қарсы емеспіз. Қолдау көрсетіледі. Бірақ ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыруға мән беріңіздер. Кәсіпкерлер нысан саларда нарықты зерттеп барып, іске кірісулері керек. Бізге өзін-өзі ақтайтын және елге қызмет ететін нысандар қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында Түркістан қаласынан автосалон ашу, мектеп, балабақша, диагностикалық орталық ашу туралы ұсыныстар қаралды. Сонымен бірге Сауран қалашығына жақын жердегі жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталық, қонақ үй ашу мәселелері де талқыланды. Филармония ғимаратының сыртқы сәулеті, ескек есу каналы маңын туристік орталыққа айналдыру, жастардың басын қосатын орталық ашу және өзге де жобалар қаралды. Тиісті тапсырмалар беріліп, мәселелер бақылауға алынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/908218
«Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды 24.12.2024
Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлының төрағалығымен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, тиісті салалық басқарма басшылары қатысқан жиын өтіп, «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды.Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанындағы құрамында құқық қорғау органдары бар жұмысшы тобы «Артспорт» бағдарламасымен жұмыс жасайтын өнім берушілерді тексеруде.Бүгінде жұмысшы топ 19 субъектінің жұмысын саралап, 127,2 млн.теңге қаражатты заңсыз иемдену фактілерін анықтаған. Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн. теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн.теңгесі спорт саласына тиесілі.Тиісті басқармалармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелгендер арасынан ата-аналары 5740 баланың шын мәнінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр.Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 731 бала тізімнен алынып тасталған.Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов осы бағыттағы жұмысты тиісті мамандарды жұмылдырып күшейтуді және жеделдетуді тапсырды.Айта кету керек, мәдениет және спорт басқармалары зерделеу қорытындысы шыққан соң, 125 кәсіпкермен келісім-шартты біржақты бұзған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазір 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражатын өз еркімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жүруде.Облыс әкімінің тапсырмасымен жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы облыс әкімдігінде апта сайын тұрақты қаралатын болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/908041
Қарағандылық конькимен жүгіру командасы Қазақстан чемпионатында үшінші орын алды 24.12.2024
Қарағандылық спортшылар конькимен жүгіру спортынан ҚР чемпионатында әйелдер арасындағы командалық жарыста қола жүлдеге ие болды. Надежда Егорова, Ирина Гутман және Евгения Габдульбарова жақсы нәтиже көрсетті.Жарыста еліміздің ең мықты спортшылары өнер көрсетті. Қарағанды облысынан қатысуға 11 адам жіберілді. Нәтижесінде әйелдер арасындағы командалық жарыста жерлестеріміз қола иеленді.– Қарсыластарымыз өте байсаоды болды. Астана мен Алматыда спортшылардың жағдайы жақсы. Өкінішке орай, бізде жаттығуға арналған мұз айдыны жоқ. Біз негізінен жиындарда болған кезде дайындаламыз. Қалай болғанда да, бұл жақсы нәтиже. Қыздар да спорт шебері нормативін орындады, – дейді Қарағанды облысының конькимен жүгіру спортынан аға жаттықтырушысы Дмитрий Лазарев.Бұған дейін жасөспірімдер арасында конькимен жүгіру спортынан Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Мұнда да қарағандылықтар медаль жеңіп алды. Командалық спринтте Павел Мананков, Михаил Бровко, Иван Дроздов және Иван Ширидзянов өнер көрсеткен топ үшінші орын иеленді. Командалық жарыста да қола жүлдегер атанды. Иван Дроздов, Михаил Бровко, Ерасыл Бақтиярұлы, Иван Ширидзянов ерекшеленді.Сонымен қатар, қарағандылық Павел Мананков 1500 м қашықтықта жеке есепте күміс жеңіп алып, спорт шебері нормативін орындады.Қаңтар айында конькимен жүгірушілер үшін маусым жалғасады. Алда ересектер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаттары, ҚР Кубогының финалы, төрт жылда бір рет өткізілетін ҚР ересектер арасындағы спартакиада болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/907981
Қарағанды облысында 300-ден астам ерекше бала тегін арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау алды 24.12.2024
Ерекше балалардың ата-аналары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті.Биылғы соңғы, төртінші кездесуде мүгедек балаларға білім беру, медициналық көмек, жұмысқа орналасу, мәдени демалыс және спортпен шұғылдану мәселелері көтерілді. Талқылауға облыстық басқармалардың басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артып келеді. Егер 2023 жылдың желтоқсанында мұндай балалар шамамен 15 мың болса, бүгінде олардың саны 20 мыңға жуық.Жақында Балқашта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және Қарағандыда қосымша ПМПК ашылды. 10 арнайы білім беру ұйымдарында "Қазақстан Халқына" қоры бейімделген спорттық және балалар ойын алаңдарын орнатты.– Биыл өңірде алғаш рет ерекше балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы іске асырылды. 300 адам қамтылды, – дейді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова. – Шахтинск және Теміртау жалпы білім беретін мектептерінде екі қолдау кабинеті ашылды. Қарағанды қаласының № 5 жалпы білім беретін мектепте сенсорлық интеграция бөлмесі жабдықталған.Теміртауда аутизм орталығын ашу, Қарағандыда оңалту орталығын кеңейту мәселесі қаралуда.2025 жылы барлық қалалар мен аудандарда инватакси 18 жастан асқан психикалық ауытқулары бар адамдарға қол жетімді болуы керек.Жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт секцияларының саны артып келеді. Келесі жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қалалар мен аудандарда 600-ге жуық адамды спортпен қамту жоспарлануда.Ата-аналардан БДШ-ны дене шынықтыру мұғалімдерін дайындайтын Қарағанды ЖОО-ның міндетті бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс түсті. Білім басқармасы бұл мәселені қарастыруға уәде берді.Биыл Қарағандыда мүгедек балаларға арналған жаңа ойын аймақтары орнатылды. Әзірге олар тек Орталық саябақта және Майқұдықта орналасқан. Келесі жылы дәл осындай алаңдар қаланың басқа аудандарында пайда болуы керек. Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне өз елді мекендерінде осындай ойын кеңістігін ұйымдастыруды тапсырды.– Әкімдер мен басқарма басшылары ерекше балалардың ата-аналарымен үнемі кездесіп, олардың қажеттіліктерін білуі тиіс. Мен ата-аналарға белсенді қатысқаны үшін және әріптестеріме алғыс айтқым келеді, бірақ мен оларды жиі сынаймын. Біз бүгін көтерілген барлық мәселелермен айналысуымыз керек. Қоғамда бәрі тең деген сана қалыптасуы керек. Ерекше балалар мен ересектер қоғамдық орындарда еркін жүріп, жайлы өмір сүруі керек, – деп атап өтті өңір басшысы."Батыл жүрек" қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Оксана Югай облыс әкімімен кездесулер ата-аналардың мәселелерін шешуге көмектесетінін атап өтті.– Нақты нәтиже байқалады, – дейді ол. – Қалалар мен аудандар қосылды. Сұрақтар азая түсті, бірақ олар әлі де бар. Қарағандыда ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп қажет. Интернаттарда тьюторлар өте қажет, бірақ бұл министрлікке қатысты мәселе. Ең бастысы – билік бізге құлақ түреді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/908063
2024 жылы Қазақстандағы су қоймаларына 75 млрд текше метрден астам су жиналды. Оның 12 млрд текше метрден астамы тасқын су 24.12.2024
Каспий теңізіне 17 млрд текше метр, Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр және Солтүстік Аралға 2,5 млрд текше метр су жіберілді.Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады.Жыл басынан бері Қызылорда облысының көлдер жүйесіне 4,7 млрд текше метрден астам, Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді.Алғаш рет Ұлытау облысынан Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне 839 млн текше метр су келді.Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация МинистрлігіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/908087
Қарағандыдағы учаскелік және кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар слетінде өткен жылдың қорытындысы шығарылды 24.12.2024
Қарағанды облысының ПД-де учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар слетінде өткен жылдың қорытындысын шығарып, жаңа жылдық мерекелер қарсаңында құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударды, сондай-ақ үздік тәжірибені масштабтауды талқылады.– Сіздер, учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, құқық тәртібін қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтардың алдын алуда алдыңғы қатардасыз. Біздің азаматтардың қауіпсіздігі сіздің жұмысыңыздың тиімділігіне байланысты. Учаскелік қызметкерлер кәсіби деңгейін үнемі арттырып, халықпен байланыста болып, туындайтын қауіп-қатерлерге уақтылы ден қоюы қажет. Егер қызметкер сапалы жұмыс істесе, онда оның учаскесінде әрдайым тәртіп бар, – деп атап өтті полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов.Тек биыл бюджет есебінен полицейлер үшін 200 автокөлік сатып алынды, сондай-ақ Қарағандыда бірнеше мобильді полиция пункттері ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей айтты.Өңірдегі учаскелік инспекторлардың имиджін арттыру және қызметін ынталандыру үшін өткен жылдан бастап жыл сайынғы "Мамандық бойынша үздік" конкурсы өткізіліп келеді. Жеңімпаздарға 2 млн теңге көлемінде облыс әкімінің сыйлығы беріледі. Биыл Айдын Бұлкенов "Қалалық жердегі ең үздік учаскелік инспектор" атанды. Ол Қарағанды полициясының Оңтүстік-Шығыс бөлімінің учаскелік инспекторы болып жұмыс істейді. "Ауылдық жерлердегі үздік учаскелік инспектор" атағын Қарқаралы ауданының полиция бөлімінен Ернұр Әткенов иеленді.Сондай-ақ, полиция департаментінің грамоталарымен және ІІМ нышаны бар сағаттармен учаскелік инспекторлар, ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары арасында "Мамандығы бойынша үздік" облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды.Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/908153
Биылғы желтоқсан айында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне миллионға жуық адам келді 24.12.2024
Осы жылдың желтоқсан айының басынан бастап еліміздің өңірлерінде 250-ден астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, оған миллионға жуық азамат қатысты.Мұндай деректер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, жәрмеңкелерді өткізу тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болуда, әкелінетін өнім көлемі толығымен сатылып жатыр.«Ең көп картоп Қарағанды облысында сатылды – 110 тонна, Алматыда – 90 тонна, Шымкентте мерекелік демалыс күндері 45 тонна картоп сатылды», — деп атап өтті бірінші вице-министр.Жәрмеңкелермен қатар өңірлердегі сауда сөрелеріне тұрақтандыру қорындағы көкөністер шығарылуда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 19 желтоқсан күнгі мәліметке сәйкес тұрақтандыру қорындағы 9,2 тонна картоп, 2,6 тонна сәбіз, 2,8 тонна пияз бен 2,1 тонна қырыққабат сатылды. Сондай-ақ кеңесте әр өңірдің қажеттілігін ескере отырып, алдағы мамыр айына дейін қорлардағы көкөністерді сату кестесі ұсынылды.Өткен аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының орташа өсу индексі – 0,1%-ды, ал жыл басынан – 1,1%-ды құрады.Жиын соңында Серік Жұманғарин жәрмеңкелерді белсенді ұйымдастыруды және мереке қарсаңында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында сауда заңнамасына миемлекеттік бақылауды күшейтуді тапсырды.primeminister.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/908193
Астанада 2 600-ден астам жол жұмысшысы қар тазалау жұмыстарына шықты 24.12.2024
Қыс мезгілі басталғаннан бері елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Күн сайын мыңдаған жол жұмысшысы мен түрлі арнайы техникалар жұмыс жұмылдырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.23 желтоқсаннан 24 желтоқсанға қараған түні коммуналдық қызметтер елордадан 3 399 рейспен 46 мың текше метрге жуық қар шығарды.24 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 2 636 жол жұмысшысы және 1 608 арнайы техника жұмылдырылды.Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға қаладан 119 771 рейспен 1,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/908152
Астанада Қарулы Күштердің бас шыршасы жағылды 24.12.2024
Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың қатысуымен Қарулы күштердің басты шыршасы жағылған мерекелік іс-шара өтті.Жаңа жыл кешіне әскери қызметшілердің балалары, «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілері мен шығармашылық взвод сарбаздары қатысты.Қарулы күштердің бас шыршасын жағуға жиналған 180-ге жуық бала мен олардың ата-аналары көңілді кештің көркін ашып тұрған шыршаны айнала қоршап, жаңа жылдың жаршысына айналған Аяз ата мен Ақшақарды «Жаңа жыл» әнімен қошеметтеп ортаға шақырды. Аяз ата мен Ақшақармен бірге бүлдіршіндер жаңа жылдық әндер орындап, өлең оқып, мерекенің басты кейіпкерлерінен сыйлықтар алды.Қарулы күштер бас шыршасының шамын жаққан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев барша қауымды Қорғаныс министрінің атынан келе жатқан мерекемен құттықтады.– Құрметті менің кішкентай достарым, сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сендер жас та болсаңдар, белсенді және таланттысыңдар. Алдарыңда маңызды оқиғалар мен жарқын жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және амандық тілеймін, – деді министрдің орынбасары.Шырша шамы жағылып, ұжымдық суретке түскеннен кейін балалар концерт залына қарай ағылды. Мұнда олар Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводы сарбаздары сахналаған Жаңа жылдық ертегіні тамашалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/907618
Жыл қорытындысы: еліміздің Қарулы күштерінде 75 мыңнан астам жауынгерлік даярлық іс-шаралары өткізілді 24.12.2024
2024 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жоспарланған жауынгерлік даярлық іс-шараларының 99,9% орындады. Бұл әскерлерді дайындаудың жоғары деңгейін дәлелдейді. Барлығы 75 мыңнан астам оқу-жаттығу, оның ішінде 3 мыңнан астам жауынгерлік атыс, 1 мың тактикалық оқу-жаттығу, 35 мың практикалық атыс және 15 мың парашютпен секіру өткізілді.Жылдың ең маңызды аспектісі ретінде іс-шаралардың едәуір бөлігін құраған түнгі оқу-жаттығуларды айтуға болады. Бұл Қазақстан Қарулы күштерінің тәуліктің кез келген уақытында және кез келген жағдайда іс-қимылға дайындығын көрсетеді.Жауынгерлік дайындықтағы негізгі күш-жігер командирлер мен басқару органдарын жауынгерлік, арнайы әскери іс-қимылдарды шебер ұйымдастыруға және бағынысты бөлімдер мен бөлімшелерді мақсатына сәйкес басқаруға сапалы дайындауға бағытталды.Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінде ұшу құрамын дайындау жоғары қарқынға ие болды. Авиациялық зақымдау құралдарын 300-ден аса жауынгерлік қолдану арқылы 10 мыңның үстінде ұшу ауысымы орындалды. Жыл жетістіктерінің қатарында 300-ден аса экипаж командирлерін ұрыс қимылдарын жүргізуге, сондай-ақ алғаш рет өз бетінше ұшуға кіріскен 30-ға жуық ұшқыштың даярланғанын айтуға болады. Сонымен қатар, ұшақтар мен ұшқышсыз ұшақтардың жаңа түрлері сәтті игерілді. Түріктің «ANKA» барлау-соққы беретін ҰҰА-ны пайдаланудың басталуы және ұшқыштарды жаңа L-410 UVP E-20 ұшағын пайдалануға оқыту ерекше маңызға ие болды.Қазақстанның Әскери-теңіз күштері де 2024 жылы жоғары нәтижелер көрсетті. Теңізге 150-ден астам шығу жүргізілді. Сондай-ақ кемедегі жауынгерлік жаттығулардың қарқындылығы 61%-ға артты. Теңізде операциялар жүргізуге, теңіз шекараларын қорғауға және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға байланысты жауынгерлік тапсырмаларды пысықтауға ерекше назар аударылды. Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік дайындығын едәуір арттыруға ықпал еткен бұл оқу-жаттығулар Каспий өңіріндегі ұлттық мүдделерді қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/908084
Жыл қорытындысы: қазақстандық әскери қызметшілер биыл 31 халықаралық оқу-жаттығуға қатысты 24.12.2024
2024 жылы Қазақстан белсенді қатысқан халықаралық оқу-жаттығуларға басты назар аударылды. Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қарулы күштерімен бірге өткен «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы өңірлік қауіпсіздік пен өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды кезең болды. Дайындықтың маңызды бөлігі «Алтын қыран-2024» оқу-жаттығуы шеңберінде Әзербайжан арнайы бөлімшелерімен бірлескен тактикалық міндеттерді орындау, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Пәкістан, Катар Өзбекстан және т. б. Елдердің әскерлері қатысқан «Шекарасыз бауырластық-III» көпұлтты оқу-жаттығуында әуе барлауын жүргізу, елді мекенге шабуыл жасау және заңсыз қарулы құралымдарды жою жөніндегі операциялар болды. Бұл оқу-жаттығулар бірлескен операциялар мен жауынгерлік дағдылардың деңгейін едәуір арттырды.Қазақстан 2024 жылы өз аумағында 10 халықаралық оқу-жаттығу өткізді. Оның ішінде екіжақты да, көпұлтты да іс-шаралар болды. Олардың қатарында Орталық Азия елдерінің қатысуымен өткен «Бірлестік» оқу-жаттығуы, Ресеймен Каспий теңізінде әскери-теңіз оқу-жаттығуы және арнайы мақсаттағы күштердің бірлескен «Шекарасыз бауырластық» оқу-жаттығуы бар. Сондай-ақ, қазақстандық әскери қызметшілер Ұлыбритания, Үндістан, Қытай және АҚШ сияқты елдерді қоса алғанда, шетелде өткен 21 халықаралық оқу-жаттығуға қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/908099
Жыл қорытындысы: өткен жылы 6000-нан астам әскери қызметші арнайы тапсырмаларды орындады 24.12.2024
Қазақстанның Әскери-әуе күштері тұрақты оқу тапсырмаларын орындаудан бөлек, гуманитарлық және бітімгерлік операцияларға белсенді қатысты. Биылғы жылы Қазақстанның әскери авиациясы БҰҰ миссиясы шеңберінде бітімгерлік контингентті Голан жоталарына тасымалдауды қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Ауғанстанға бірқатар гуманитарлық рейстер жүзеге асырылып, онда Қазақстан Үкіметінің делегациясына көмек жеткізілді.
Айта кету керек, әскери авиация апат аймағынан бірнеше мыңдаған адамды эвакуациялауды қоса алғанда, су тасқыны салдарын жоюға да белсенді пайдаланылды. Барлығы 27 наурыз бен 29 сәуір аралығында су тасқынына қарсы операцияларға 6 мыңнан астам әскери қызметші, 255 автокөлік техникасы, 12 тікұшақ, 5 әскери-көліктік ұшақ және 3 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. 3475 жергілікті тұрғын эвакуацияланды, 1770 адам және 233 тоннадан астам жүк тасымалданды. Сонымен қатар, 2,1 миллионнан астам қап дайындалып, төселді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/908109
ЕАЭО аккредиттеу органдары басшыларының 25-ші отырысы өтті 24.12.2024
Армения Республикасының аккредиттеу жөніндегі органының төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшылары кеңесінің (АОБК) биылғы қорытынды 25-ші отырысы өтті. Ұлттық аккредиттеу орталығынан Бас директор Искандер Хамитов өкілдік етті.Қатысушылар төрт мәселені, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру тәртібін іске асыру туралы мәселені қарастырды; 2024 жылғы Басшылар кеңесінің жұмыс жоспарының орындалуы және 2025 жылға арналған АОБК жұмыс жоспарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар туралы; 2025 жылы АОБК-ға төрағалық ету туралы және басқалары.Күн тәртібін талқылау барысында, атап айтқанда, Қырғыз аккредиттеу орталығының 2024 жылы ЕАЭО мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының ҚАО қатысты өзара салыстырмалы бағалау нәтижелері бойынша қалыптастырылған ұсынымдардың орындалу барысы туралы ақпараты назарға алынды.Қазіргі уақытта қатысушылар Армения Республикасының аккредиттеу жөніндегі органының өзара салыстырмалы бағалау тобын құруға кірісті. Топ жетекшісі ретінде ҰАО Зертханаларды аккредиттеу департаментін басқаратын Жанара Сағымбаеваның кандидатурасы ұсынылды.Беларусь Республикасының аккредиттеу жөніндегі органы отырыс шеңберінде өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары сарапшыларының ескертулерін ескере отырып жетілдірілген, осы жылғы 17 желтоқсандағы жұмыс кеңесінде айтылған құжаттар нысандарының жобаларын ұсынды.ҰАО өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар нысандарын пысықтау бойынша Беларусь мемлекеттік аккредиттеу орталығының жұмысы туралы оң пікір білдірді және ЕАЭО аккредиттеу органдарының өзара салыстырмалы бағалауы бойынша топтарды таңдау және тағайындау туралы рәсімдік құжатты әзірлеу туралы бастама көтерді.Отырыс қорытындысы бойынша 2025 жылға арналған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдары басшыларының кеңесіне төрағалық ету Беларусь Республикасына ресми түрде берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/908030
Сот Әкімшілігінің қатысуымен 2024 жылдың қорытындысы бойынша семинар өтті 24.12.2024
Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ҚР Сот Әкімшілігімен бірлесіп Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін қолдану мәселелеріне арналған семинарда 2024 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарды.Министрліктің құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысқан іс-шараның негізгі спикерлері Сот Әкімшілігінің әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі Салтанат Шамшинурова және ӨҚМ Заң департаментінің директоры Данира Сураужанова болды.С.Шамшинурова өз сөзінде әкімшілік істермен жұмыс істеудің маңызды аспектілерін атап өтті. Негізгі мәселелердің қатарында мемлекеттік органдарға қатысты істер бойынша сот тәжірибесіне талдау жасау, шешімдерге шағымдану тәртібі, шағымдарды беру мерзімдері, сондай-ақ жоғары тұрған органдар басшыларының уәжді қызметтерін ұсыну мәселелері бар. ҚР ӘРПК-нің 138-бабы бойынша қайтарылған істерге ерекше назар аударылды, бұл заңнаманың ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік берді.Семинар белсенді пікір алмасу алаңына айналды, онда қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, Кодексті қолданудағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірледі. Іс-шараның нәтижелері Министрліктегі әкімшілік процестерді одан әрі жетілдіруге негіз болары анық. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/908026
Мектепке дейінгі ұйымдардағы ваучер қызметі: Астанада ата-аналар үшін ашық есік күні өтеді 24.12.2024
Елорданың алты ауданында ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері үшін мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесін түсіндіру бойынша «Ашық есік күндерін» өтеді. Бұл туралы елордалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.2025 жылдың қаңтарында Астанада мектепке дейінгі ұйымдар үшін ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатыр. 2024 жылдың қараша айынан бастап білім басқармасы дайындық іс-шараларын бастады, оның аясында басқарма қызметкерлері мен басшылығы тәжірибе алмасу үшін Шымкент пен Таразға жіберілді.Бүгінгі күні білім басқармасымен келісілген «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен бірлескен жол картасы бекітілді.«Осы жылдың 17 желтоқсанынан бастап білім басқармасы «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп мемлекеттік білім беру тапсырысын алу, ваучерлік қаржыландыруға көшу, әдістемелік және техникалық өзгерістер бойынша жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарды оқыту бойынша жоспарланған іс-шараларды өткізеді.«Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының ваучерлік қаржыландыруға көшуі» тақырыбындағы оқыту семинарына 600 басшы мен мектепке дейінгі ұйымдардың жауапты мамандары қатысты», - деді басқарма басшысы.Осылайша, «INDIGO» ақпараттық жүйесін жаңарту және санаттарға кезекті бөлу бойынша жұмыс осы жылдың 26-30 желтоқсаны аралығында жүргізілетін болады. Көрсетілген күндері жүйеде қызметтер қолжетімсіз болады.Сонымен қатар, 24-27 желтоқсан аралығында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қаланың 6 ауданында ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері үшін «Ашық есік күндері» өткізіледі:Алматы ауданы: әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы, Б. Момышұлы даңғылы, 5.Байқоңыр ауданы: № 8 мектеп-лицей, С. Сейфуллин көшесі, 50.Есіл ауданы: Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицей, Д.Қонаев көшесі, 33/1.Нұра ауданы: №79 мектеп-лицей, М.Нәрікбаев көшесі, 3.Сарыарқа ауданы: М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы, А. Мәмбетов көшесі, 1.Сарайшық ауданы: №93 мектеп-лицей, Ж.Нәжімеденов көшесі, 24.Сондай-ақ, ата-аналарға әдістемелік көмек алу үшін мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар жанындағы консультативтік пунктерге немесе туындаған сұрақтармен Астана қаласы білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөліміне: 55-68-64, 55-72-49, 55-68-74 телефондары арқылы жүгінуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/907632