Enbekshi QazaQ

Қоғам

Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық жүйесі пилоттық режимде 2025 жылдың 2 тоқсанында іске қосылады. 24.12.2024
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық жүйесі арқылы экспорттық бақылау саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы бірлескен бұйрық жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда бірлескен бұйрық Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге бағытталған. Пилоттық жобаны 2025 жылдың 2 тоқсанының басында «электрондық үкімет» операторының инфрақұрылымында іске қосу жоспарлануда.Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық жүйесін құру кезіндегі маңызды аспект әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдету арқылы бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға арналған. Пилоттық жоба шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау есебінен экспорттық бақылау саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға өтінімдерді толтыруды жеңілдететін функционал сынақтан өткізілетін болады.Бұл пайдаланушылар үшін уақыт пен шығындарды азайтуға, сонымен қатар ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өтінімдерде форматтық-логикалық бақылауларды пайдалану есебінен бас тарту саны азаяды деп күтілуде. Бұдан басқа, Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық жүйесі функционалында алдын ала бас тарту нәтижелері бойынша тыңдаулар өткізу көзделеді.Осылайша, пилоттық жобаны іске асыру қызметті алушылар үшін мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға ықпал ететін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/907084
Мерейтойдың шарықтау шегі: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығының салтанатты финалы 24.12.2024
20 желтоқсанда Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың гранд-финалы өтті.Кеште музыка өнерінің палитрасы мен жоғары орындаушылық шеберлік көрсеткен консерваторияның ең үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Симфониялық оркестр, этно-фольклорлық және камералық ансамбльдер, хор және консерваторияның дарынды солистері қазақ композиторларының шығармаларын, әлемдік классика шедеврлерін және біргей ұлттық туындыларды орындады. Мерейтойлық марафон аясында 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өнерсүйер қауымға 35-тен астам іс-шара ұсынылды. Атап айтқанда, концерттер, шеберлік сыныптары, шығармашылық кездесулер, халықаралық конференциялар мен көрмелер өтті. Оған Қазақстанның және шетелдің жетекші музыканттары, сонымен бірге Қазақстанның халық артисі Айман Мұсаходжаева, ресейлік скрипкашы Назар Кожухарь, дирижерлер Алан Бөрібаев және Абзал Мухитдинов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измайлов және басқалар қатысты. 3 желтоқсан күні өткен Гала-концертте Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері мен түлектері қазіргі заманғы қазақстандық композиторлардың премьералары мен сирек кездесетін классикалық туындыларын ұсынды. Бірегей іс-шараларды 10 мыңнан астам адам тамашалады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/907090
Ақтөбе облысындағы ауылдардың бірінде ұлттық жоба аясында медпункт ашылды 24.12.2024
Облыс әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданына жұмыс сапары аясында Байторысай ауылында ашылған жаңа медициналық пункт жұмысымен танысты.«Стройком+Сервис» ЖШС медициналық мекеме ғимаратын қазанайында тапсырған.Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрсейіт Кішкентаев жаңа медициналық мекемеде фельдшер және санитар жұмыс істейтінін айтты. Мұнда қабылдау, емдеу, сүзгі және физиотерапия бөлмелері жұмыс істейді. Пункт күніне 20 тұрғынды қабылдауға қауқарлы.Биыл Аққайың ауылында да жаңа медициналық пункт ашылды және алдағыуақытта осындай медициналық мекемені Сарыжарда пайдалануға беружоспарлануда.«413 адам тұратын Байторысайда жаңа медициналық пункттің ашылуы тұрғындар үшін маңызды оқиға, өйткені бұрыннан бар медициналық мекеме заманауи стандарттарға сәйкес келмеді. Енді ауыл тұрғындары, соның ішінде мектеп оқушылары, зейнеткерлер, жүкті әйелдер мен кішкентай балалар үйдің жанында сапалы медициналық көмек ала алады. Жыл сайын ауылда 7-8 бала өмірге келеді және жаңа медициналық пункт әрбір отбасына уақытылы медициналық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Нұрсейіт Кішкентаев.Медициналық пунктте фельдшер болып жұмыс істейтін Дастан Әлжан 2005 жылы медколледжді бітіріп, Мәртөкауданына жас маман ретінде келген. Шамамен он жыл бойы Мәртөк аудандық ауруханасында, содан кейін басқа ауылдарда қызмет етті. Қазір Байторысайдағы медициналық пунктте.«Бүгінде ауылдарда флюрография және скринингтің әртүрлі түрлері жүргізілуде. Халықты медициналық тексерудің ауқымы кеңейтілді. Бұл жерде жүкті әйелдерге, жас балаларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Медициналық мекемелер үшін заманауи жабдықтар сатып алынады. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының медициналық көмекалуын айтарлықтай жеңілдетеді және халықтың денсаулығын нығайтады», - дейді Дастан Әлжан.Облыс әкімі салынған нысанның сапасын бағалап, мұндай медициналық пункттердің ашылуы ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымынжақсартуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.«Байторысайдағы медициналық пункттің құрылысы Мемлекет басшысыбастамашылық еткен «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілді. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Оның аясында облыс бойынша 11 медициналық пункт ашылды. Алдағы үш жыл ішінде ауылдарда тағы 21 медициналық пункт салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда аудандағы медициналық мекемелер заманауи жабдықтармен жабдықталған: жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, кардиотокографтар, лапароскопиялық аппараттар, кольпоскоптар және тағы басқа құралдар бар. Биыл көшпелі қызметтерді қамтамасыз ету үшін екі медициналық автокөлік алынды. Денсаулық сақтауды дамыту ауылдың инфрақұрылымын жақсартумен қатар жүруде: жолдар салужәне газбен жабдықтау мәселелері шешілуде, ауылдық жерлерде өмірді жайлы ететін жағдайлар жасалуда», - деп атап өтті өңір басшысы.Сондай-ақ, әкім ауылда медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанына тоқталды. Жас мамандарды қолдау мақсатында олардың біліктілігін арттыру және оқыту үшін гранттық бағдарламалар қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/907083
Ақтөбе облысында жаңа учаскелік полиция пункті мен кірістер басқармасының ғимараты пайдалануға берілді 24.12.2024
Мәртөк ауданына жұмыс сапарыбарысында облыс әкімі Асхат Шахаров пен полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов Сарыжар ауылындағы жаңа учаскелік полиция пунктіне барды.Сарыжардағы полицияның жаңа учаскелік пункті – азаматтар үшін қолайлы заманауи ғимарат. Нысанның жалпы ауданы 140 шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілерді қабылдауға арналған екі жұмыс бөлмесі, ас үй, демалыс бөлмесі және балаларға ойын бөлмесі қарастырылған. Қазіргі уақытта алты мыңнан астам тұрғыны бар Сарыжар ауылында екі учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді.Ғимаратты аралау барысында Асхат Шахаров азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, құқықбұзушылықтардың саныназайту үшін осындай сервистік объектілерді құрудың маңыздылығын атап өтті. Ол жаңа учаскелік пункт полицияның жұмысын жақсартуға оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құқыққорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі, елдегі тұрақтылықтың басты кепілідеген болатын. Елдің амандығы мен тұрақтылығы – мемлекетіміздің басты құндылығы. Сол себепті құқыққорғау саласын дамыту және оны заманауи талаптарға сай жетілдіру – біздің ортақ міндетіміз.Жаңа учаскелік полиция пунктінің жұмысымен танысып шықтық. Бұл –ауылдағы өмір сүру жағдайын жақсартудағы маңызды қадам. Мұндай пункттерді ашу ең алдымен жергілікті халықтың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады. Әр ауданда осындай жағдай істеуге тырысамыз. Сонымен қатар, полиция бекеттерін жабдықтауды жалғастырамыз. Бұл мақсатқа келер жылы да қаражат қарастырылған», - деп атап өтті облыс әкімі.Полковник Абай Жүсіпов жергілікті билік қолдауымен бой көтерген заманауи УПП құрылысы азаматтарға полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам екенін алға тартты.Айта кетейік, биыл облыс әкімдігінің қолдауымен әрбір аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімдеріне жаңа қызметтік автокөліктер берілді.Сондай-ақ, биылғы жылы Мәртөк ауылында мемлекеттік кірістер басқармасының жаңа ғимараты ашылды. Мұнда жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетіледі.Әкімшілік ғимаратта мәжіліс залы, мұрағат, сервер бөлмесі, кеңселер және күзет бөлмесі кіреді. Бұл – Мәртөк ауылында орналасқан облыстағы алғашқы мамандандырылған мекеме, ол жергілікті тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/907086
Жетісуда ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды 24.12.2024
Бүгін Жетісу облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала мамандарына құрмет көрсетіліп, марапаттар берілді. Үздіктерге Трактор техникасы және ақшалай сыйлықтар табысталды - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиын барысында фойеге ауыл шаруашылығы көрмесі қойылып, әр аудан-қаланың жетістіктері паш етілді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен аталған көрмені аралап көрді. Мұнан соң жиында құттықтау сөз сөйлеп, атаулы мереке қарсаңында Мемлекет басшысының қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өткізілгенін, оған облысымыздан 40-тан аса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқанын атап өтті. Сол сияқты өңірдегі аграрлық саланы дамытудағы жетістіктер жайынан қысқаша хабардар етіп, соның ішінде су шаруашылығы, ветеринария, жер пайдалану, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқтала келе:- Биыл облыс диханшыларының қажырлы еңбегінің арқасында 510 мың гектардан 2,1 млн.тонна ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Өңірде 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Сонымен бірге дәндік жүгері, майбұршақ бойынша мол өнім алынды. Бұл - соңғы 25 жылда алынбаған рекордтық өнім. Облыста төрт түлік малдың саны 13,7%-ға өсіп, 2,5 млн. басқа жетті, ет және сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайды. Агроөнеркәсіптік саласындағы барлық жетістіктерге бірінші кезекте, Сіздердің қажырлы және табысты еңбектеріңіздің нәтижесінде жеттік деп айта аламын. Сіздерге облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіріп, ерен еңбек пен төккен тердің жемісін көруге тілектеспін! – деді Б. Исабаев.Бұдан әрі өңір басшысы сала мамандарын марапаттап, бірқатар жетісулықтарға «Еңбек ардагері» медалін, ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатын, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ дәстүрлі түрде өтетін «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясының жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтқанда, шаруа қожалықтары арасынан Ақсу ауданындағы «Қыдырәлі» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Махашевқа, заңды тұлғалардан Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігінің басшысы Александр Хильниченкоға 1-ші дәрежелі диплом мен Трактор сыйға тартылса, «Ақсу қант зауыты» ЖШС басшысы Самат Надирбаевқа 1-ші дәрежелі диплом мен 700 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Сол сияқты талдықорғандық «Жер Ана» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі, сарқандық «Сайранбек Агро» ЖШС, Қаратал ауданынан «Ерғазин», Алакөл ауданынан «Самет Агро», Кербұлақ ауданынан «Дәурен» шаруа қожалықтары, Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал- сірне зауыты» ЖШС, Көксу ауданындағы «Көксу Компани» ЖШС-ның еңбектері аталып өтіліп, арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.Осы салтанатты шарада құрметке ие болып, шаруа қожалықтары арасында үздік ауыл шаруашылық тауар өндірушісі атанған ақсулық «Қыдырәлі» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Махашев өз ризашылығын білдірді:– Халқымызда: «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» деген нақыл бар. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен жаңа техникаларға қол жеткізіп жатырмыз. Бұл жұмысты жеңілдетіп, шаруамызды ілгерілетуге септеседі. Ал осы реткі салтанатты шарада еңбегім еленіп, трактор көлігін ұтып алғаныма қуаныштымын. Әрине, тағы бір жаңа техникаға қол жеткіздім деп емес, ең бастысы ел келешегіне қосып жатқан үлесіміздің бағаланғанына ризамын. Бұл біздің алдағы жұмыстарға белсене кірісуге дем береді, – дейді ол.«Еңбек ардагері» медалінің иегері атанған зейнеткер, «Қалманбетов» шаруа қожалығының басшысы Зейнеқабыл Қалманбетов те қуанышын жасырған жоқ: - Зейнетке шықтым деп қарап отырмай, шаруа қожалығын әлі де жүргізіп келемін. Шамамыз жеткенше әлі де еңбек ете береміз. Өйткені еңбек – өмірдің мәні. Биыл 30 га жерге сепкен қант қызылшасының шығымы гектарына 600 центнерден айналды. Келесі жылы алқапты кеңейтіп, 60 га жеткіземіз деп отырмыз. Сояның да егістігін ұлғайтамыз. Мемлекеттен беріліп отырған көмектің арқасында жақсы өнім алуға мүмкіндігіміз мол, - деді ол.Атап өтсек, осы күні Талдықорған қаласында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың 2 қаласы мен 8 ауданынан 18 түрлі азық-түлік өнімдері әкелініп, саудаланды. Атап айтқанда 90 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, соның ішінде ет, балық, сүт өнімдері, картоп, көкөніс өнімдері, жеміс-жидектер т.б. бар. Еске салсақ, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 103,7% өсіммен 405,3 млрд. теңгеге жетті. Жылдың қорытындысында 102,5%-ға, яғни 518,2 млрд. теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий ЕрофеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/907082
«Таза Қазақстан»: еріктілер қарт тұрғындардың ауласының қарын күреді 24.12.2024
«Таза Қазақстан» кең ауқымды экологиялық акциясы аясында еріктілер елорданың Байқоңыр ауданында тұратын қарттардың үйінің ауласын қардан тазартты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.Іс-шараны Байқоңыр ауданының әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.Сондай-ақ, іс-шара барысында ұйымдастырушылар қарт тұрғындарға жаңа жылға арналған азық-түлік себетін табыс етті.«Бұл дәстүрлі жыл сайынғы іс-шара. Біз осындай қайырымдылық шараға қатысып, өз үлесімізді қосқанымызға қуанамыз», – деп атап өтті «Астана жастары» еріктісі Данияр Сүлейменов.Айта кетейік, «Астана жастары» белсенділері қаланы тәулік бойы қардан тазартатын коммуналдық қызмет мамандарына да көмектесіп жүр. Елорда үшін маңызды жұмысы кезінде еріктілер тұрақты негізде ыстық шай мен бауырсақ тарату акцияларын өткізеді.Қыс мезгілінде елорданың барлық ауданында жалғыз тұратын қарттар мен көп балалы аналардың жеке үйлерінің аулаларында қар тазалау бойынша акциялар өткізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/907066
Астанада қалың қар жауды: 2600-ден астам коммуналдық қызметкер қар тазалауға шықты 24.12.2024
Астанада екінші күн қар жауып тұр. Коммуналдық қызметтер ауа райының қолайсыздығына қарамастан тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.20-ынан 21 желтоқсанға қараған түнде коммуналдық қызметтер Астанадан 2357 жүк көлігі немесе 30 мың текше метр қар шығарды.21 желтоқсан күні таңертең қар тазалау жұмыстарына 2600-ден астам жол жұмысшысы мен 1500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.Қыс мезгілінің басынан бері полигондарға қаладан 99 829 рейспен 1,2 млн текше метрден астам қар шығарылды.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде "112" телефонына хабарласыңыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/907069
Заң және тәртіп: елордада есірткіге қарсы драмалық қойылымның премьерасы өтті 24.12.2024
Астанада Музыкалық жас көрермен театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған жазушы, драматург Мәдина Омарованың «S.O.S» атты драма жанрындағы қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана – есірткісіз қала» акциясын іске асыру шеңберінде ұсынылды.Премьераға Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, композитор, продюсер Ринат Гайсин, сондай-ақ мектеп оқушылары және студенттер қатысты.«Қойылымда бір отбасының басынан өткен жағдай баяндалады. Басты рөлдегі Айбар жұмыс таба алмай жүреді. Қиналып жүргенде есірткі сататын жігіттерге жолығып, жеңіл ақшаның соңынан кетеді. Соңында ұйып отырған бір отбасының шаңырағы ортасына түседі», - деді спектакльдің қоюшы режиссері, мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров.Спектакльде басты кейіпкер Айбар рөлінде Бибол Байғараев, Абзал Арапов болса, Айбарша рөлін Аружан Бағзат пен Арелана Амангелдиева сомдады. Ал анасының рөлін «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат орындады.«Бүгінгі спектакльде басты кейіпкерлердің бірі – Айбаршаның рөлін сомдадым. Ол – Айбардың қарындасы. Айбарша ағасының жасаған қателігін жуып-шаю үшін есірткі қабылдауға мәжбүр болады.Жалпы біз Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, мектеп оқушылары, студенттер көп келеді. Сондықтан жастар арасындағы лудомания, есірткіге қарсы қойылған қойылымда зиянды әдеттердің зардабы көрсетілді», - деді актриса Аружан Бағзат.Драмада әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті – нашақорлық баяндалады. Оң мен солын танымаған жасөспірім өзіне лайық орта іздейді. Театр ұжымы тағдыр тәлкегіне түсу әп-сәтте, адамзат тарихындағы қасіреттерді көбейтуші, зұлымдықтарды тудырушы, адамды аздырушы – апиын екендігін көрерменге жеткізе білді.«Маған премьера қатты ой салды. Зиянды әдеттерден аулақ болуға тырысамын. Қойылымды көре отырып, әкенің, ананың, жалпы адамзаттың қадірін түсіндім», - деді мектеп оқушысы Қалдыбай Нұрғиса.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/907078
Астанада Қорғаныс министрлігі басшылығының IT-компаниялардың өкілдерімен кездесуі өтті 24.12.2024
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев IT-компаниялардың менеджерлерімен Қарулы күштерді цифрлық трансформациялау мәселелерін талқылады.Кездесуге әр түрлі IT-қауымдастықтардың инженерлері ғана емес, сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің Ақпараттық технологиялар, Байланыс, Мемлекеттік құпияларды қорғау, Ұшқышсыз әуе жүйелерін дамыту және қолдану департаменттерінің өкілдері қатысты. – Біз дәстүрді бұзбауға, IT-компаниялар біздің жобаларымызды іске асыруға қосылуға дайын болуы үшін келесі жылға арналған жоспарларымызды сіздермен бөлісуге шешім қабылдадық, – деді министрдің орынбасары. Қорғаныс ведомствосының өкілдері жиналғандарға Қорғаныс министрлігінің 2025 жылға арналған IT-жобаларын іске асыру жоспарлары мен тәртібі туралы хабарлады.Қорғаныс министрінің орынбасары Д. Ахмедиев Қорғаныс ведомствосын цифрландырудың басым бағыты 2025 жылы әскерлерді басқару жүйелерін (АБЖ) автоматтандыруды атады. Әуе қорғанысы күштерінің АБЖ-ны дамыту, оны Әскери-теңіз күштері мен Құрлық әскерлерінде құру және енгізу көзделген. Қарулы күштер түрлерінің командалық пункттерін, әскер тектерін және әскери бөлімдерді жарақтандыру үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым құрылатын болады.Бұл мәселелерді шешу ақпараттық жүйелерді дамытуды, Қарулы күштер түрлерінің, әскерлер мен әскери бөлімдердің командалық пунктерінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына техникалық қызмет көрсетуді және сүйемелдеуді көздейді. Мобильді деректер орталықтарын салу және жарақтандыру жүзеге асырылады, есептеу және перифериялық техника сатып алынады.Осылайша, қорғаныс ведомствосы IT-шешімдерді әзірлеумен және енгізумен айналысатын сала өкілдерін ынталандыруға дайын, ал отандық фирмалар, талқылау көрсеткендей, жаңа бағдарламалық өнімдерді жасау бойынша өз әзірлемелерімен бөлісе алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/907051
Италия Елшісіне Қазақстандағы сәтті миссиясы үшін алғыс айтылды 24.12.2024
Астана, 2024 жылғы 21 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы аяқталған Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Марко Альбертиді қабылдады.Келіссөздер барысында министрдің орынбасары итальяндық елшіге Қазақстан-Италия стратегиялық әріптестігін нығайтуға жұмсаған күш-жігері үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Елшінің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға биылғы қаңтардағы ресми сапарын ұйымдастыруға және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті (тауар айналымы 2021 жылдан бастап 10 млрд АҚШ долларынан 17 млрд АҚШ долларына дейін өсті).Елшінің Италия Үкіметі мүшелерінің Қазақстанға сапарларының жүзеге асырылуы, Алматыда Италия мәдениет орталығының ашылуы, жоғары білім саласындағы белсенді диалогтың арттырылуы, Италия мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы сияқты және басқа да бірқатар маңызды бағыттардағы жемісті қызметтері де аталып өтті.М. Альберти қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі ҚР Президентінің алғысымен және «Барыс» төсбелгісімен марапатталды.Өз кезегінде итальяндық елші қазақ тарапына тұрақты қолдауы мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан-Италия стратегиялық әріптестігі одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.Кездесу соңында Р. Василенко сұхбаттасушысына алдағы қызметінде табыс пен жаңа биіктерге жетуін тіледі.Италия Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі болып табылады (2023 жылғы сыртқы сауда айналымындағы үлесі – 14,4%).2024 жылғы қаңтар-қазан айларында екіжақты тауар айналымы 17,4 млрд АҚШ долларына жетті (экспорт – 16,4 млрд., импорт – 1 млрд.).2005 жылдан бері Италиядан Қазақстанға 7,6 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция құйылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/907076
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды 24.12.2024
Бүгін ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы, балық өнеркәсібі өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кеңес өткізді. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жергілікті өндірушілерді қолдау және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері талқыланды.Жұмыс бағдарламасы аясында вице-министр Ақтаудағы жаңа көтерме-тарату орталығын аралады. Орталықта жалпы сыйымдылығы 40 мың тонна болатын төрт қойма бар. Құны 4 млрд теңге болатын жобаны іске асыру өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған.Аманғали Бердалин сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген Каспий албырт балығын қоса алғанда, Каспий теңізін жасанды жолмен балықтандыру жүргізілетін инкубациялық цехтың жұмысымен танысты. Жобаны «Қазақстанның қолданбалы экология агенттігі» ЖШС Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Сұлтан Агро» ЖШС жылыжай кешені базасында іске асыруда.Ақтауда арқан балықтардың аналық табынын және инкубациялық цех құру жоспарлануда. Жоба сондай-ақ кәсіпкерлерге Каспий теңізінің белгілі бір учаскелерінде балық өсіруге мүмкіндік береді. Осы бағытты іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жабайы Каспий албырсын аналық мал басы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін Үкімет қаулысын әзірлеуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/907056
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ұлытау облысына іс-сапармен барды 24.12.2024
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Ұлытау облысының шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу өткізді.Кездесуге сондай-ақ ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының, «Ұлытау» ӘКК» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының өкілдері қатысты.Кездесу барысында проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.«Ұлытау облысы тарихи тұрғыда мал шаруашылығына маманданған және бұл бағыт өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі саласы болып қала береді. Өңірлік жалпы өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 5%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет», – деді Ермек Кенжеханұлы.Сондай-ақ вице-министр ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын еске салды. Бұрынғы жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған еді.«Келесі жылы егістік және жинау жұмыстарына қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл фермерлерді ауыл шаруашылығы циклының барлық кезеңінде – егістікке дайындықтан бастап, өнім жинауға дейін қолдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.2025 жылға Ұлытау облысы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 700 млн теңге қарастырылған.2024-2026 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Ұлытау облысында жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 2024 жылы 4 жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында 1,3 млрд теңгеге 2 өңдеу жобасы және 1,1 млрд теңгеге 2 құс фабрикасы жобасы бар.Қазіргі уақытта барлық жобалар пайдалануға берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/907065
Мәртөк ауданында тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны артуда 24.12.2024
Мәртөк ауданының орталығында 54 отбасы жаңа баспаналарына қоныстанды, ал жыл соңына дейін тағы 88 отбасы өз үйлерінің кілтін алады.Аудан әкімі Медет Ысқақов 54 пәтердің кілтін кезекте тұрған тұрғындарға табыстап, олардың қуанышына ортақтасты.Кеңсахара ауылында 8 пәтерлі 4 үй толықтай дайын, ал Мәртөк ауылында 78 пәтерлі 39 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ.Тұрғын үй кезегі:- Көпбалалы отбасылар – 117- Жетім балалар – 287- Әлеуметтік осал топтар – 200- Мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері – 65Барлығы – 671 адам. Бұл бастама – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.Бұрынғы нәтижелер:- 2019 жылы Мәртөк ауылында 8 үй (екі пәтерлі) пайдалануға беріліп, 14 отбасы қоныстанды.- 2020 жылы Құмсай ауылында көпбалалы отбасыларға 20 коммуналдық тұрғын үй берілді.- 2024 жылы тағы 8 үй сатып алынып, мұқтаж жандарға тапсырылды.2024 жылдың соңына дейін барлығы 150 үйдің кілті табысталады.Аудан әкімі басты мақсат – әр отбасының өз шаңырағында бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету дейді. Бұл бағытта Мәртөк ауданында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Халықтың әлеуметтік қолдау бағытында осындай игі істер жалғаса бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/907053
ҚХР-мен төтенше жағдайлар саласындағы тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту 24.12.2024
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) қызметкерлері Қытай Халық Республикасының Бейжің және Шэньчжэнь қалаларында өткен «Төтенше жағдайлар қолбасшылығы-2024» оқу курсына қатысты. Курстарға Қазақстан Республикасының, Өзбекстанның, Қырғыз Республикасының шұғыл қызметтерінің өкілдері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығының қызметкерлері қатысты. Қазақстаннан оқу бағдарламасына: ТЖМ Төтенше жағдайлардың салдарын жою департаменті авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Азамат Қапышев, ТЖ алдын алу комитеті техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Болат Құсайынов, сондай-ақ Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Эльвира Төребекова қатысты. Курс бағдарламасы екі кезеңнен тұрды. Олардың біріншісінде ҚХР азаматтық қорғау жүйесін ұйымдастыруды, өндіріс қауіпсіздігін бұзуға байланысты тәуекелдерді басқаруды, өрт-құтқару қолбасшылығы жүйесін, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы заманауи технологияларды қамтитын теориялық сабақтар өтті. Екінші кезең негізгі нысандарға баруды және олармен танысуды көздеді: Жер сілкінісі кезіндегі ұлттық апаттық-құтқару базасы, Қытайдың жер сілкінісіне қарсы күрес желілік орталығы, апаттардың алдын алу және оларға қарсы күрес ұлттық академиясы, сондай-ақ Шэньчжэнь апаттардың алдын алу және олардың салдарын азайту академиясы. «Біздің ынтымақтастығымыз табиғи апаттардың салдарын жою саласында халықаралық тәжірибе алмасуды дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Алынған білім мен дағдылар бізге төтенше жағдайларға, соның ішінде жер сілкіністеріне ден қоюға көмектеседі және азаматтық қорғау жүйемізді нығайтуға ықпал етеді», - деп Қазақстан ТЖМ авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Азамат Қапышев атап өтті. Бұл тәжірибе алмасудың мақсаты Орталық Азия мен Қытай елдерінің төтенше ведомстволары арасында дүлей зілзалалардың мониторингі, ерте ескерту және жедел жәрдем көрсету саласындағы ынтымақтастықты тереңдету болып табылады. Табиғи апаттар саласында оқыту курсынан өту және жер сілкінісін қоса алғанда, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу ҚХР жер сілкінісі кезіндегі ұлттық авариялық-құтқару базасында Қазақстан ТЖМ құтқарушыларын одан әрі оқытуға мүмкіндік туғызады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/906959
ҚР ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді 24.12.2024
Отырыс барысында Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін одан әрі жетілдіру шаралары талқыланды.ҚР ҰЭМ Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлішер Шаяхметов хабарлағандай, соңғы жылдары МЖӘ туралы заңнамаға тәуекелдер мен пайданы мемлекет пен инвестор арасында теңгерімді бөлуге, сондай-ақ жеке әріптесті ашық іріктеуді күшейтуге бағытталған түзетулер енгізілді.Оның айтуынша, жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Сенатта «МЖӘ туралы» және «Концессиялар туралы» заңдарды біріктіретін түзетулер қаралуда.«МЖӘ туралы заң жобасы концессияны қоса алғанда, МЖӘ-нің барлық түрлері үшін бірыңғай және түсінікті тәртіпті белгілейді», - деді Ә. Шаяхметов.ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау нәтижелері туралы баяндады.Ағымдағы жылғы 11 айда кредиттерді субсидиялау арқылы шамамен 840 млрд теңге кредит сомасына 14 мыңнан астам жоба жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылған. 241 млрд теңгеден астам сомаға 7,2 мың жоба бойынша кепілдік берілді.Қаржысыз қолдау шеңберінде кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 135 мың консультация берілді.Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Әйгерім Шорова, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 94 мемлекеттік бақылау саласының 66-сында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің іске қосылғаны туралы хабардар етті. Бұл ақпараттық платформалар арқылы адамдықатыстырмай тексерулер тағайындауға мүмкіндік береді.Сонымен қатар ол өзін-өзі басқару институтын дамыту туралы баяндады. 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда кәсіпкерлік және кәсіптік қызметтің 21 саласында 96 өзін-өзі реттейтін ұйым (ӨРҰ) жұмыс істейді. Оның 52-сі міндетті, 44-і ерікті негізде жұмыс істейді.Өзін-өзі реттеуді ынталандыру тетіктерінің бірі– Ерікті мүшеліктегі ӨРҰ жұмысының нәтижелерін тану туралы келісімдер. Олар ұйым мүшелеріне мемлекеттік бақылау кезіндегі тәуекел дәрежесін төмендетуге мүмкіндік береді.Бұл шаралар бизнестің жағдайын жақсартуға және тұтынушылардың, кәсіпкерлер мен мемлекетмүддесінің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/907060
«Терме – тәрбие, жыр – рух» атты республикалық жыршылар байқауы өтті 24.12.2024
Бүгін Қызылордада «Руханият жылы» аясында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің өнегелі өмір жолына, «Шаһнаманың» жарық көргеніне 90 жыл, «Терме» жинағының жарық көргеніне 100 жыл толуына арналған «Терме – тәрбие, жыр – рух» атты республикалық жыршылар байқауы өтті.Байқауға Астана, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан қалаларынан және аудандардан жыршылар қатысты.Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқып, жыршыларға сәттілік тіледі.«Темірбек Жүргенов есімі қазаққа ғана емес, күллі түркі жұртына құрметті, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданды. Алматыдағы бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетін, Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін ұйымдастырушылардың бірі болды.Ол қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетті. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев секілді қайраткерлердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады. Тұрмағамбет шайырды Алматыға арнайы алдырып, Фердоусидің «Шахнамасын» қазақ тіліне аудартты.Темірбек Қараұлы – өзіне өлмес, тозбас ескерткіш соғып кеткен тұғырлы тұлға. Біздің міндетіміз – оның есімін халық жадында жаңғыртып, өскелең ұрпаққа насихаттау. Халқымыздың дара перзенттерінің мұрасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар сөз маржанын жарқырата жырлап, жеңіс иесі болыңыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін!», – деді Ш.Байманов.Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова, қоғам қайраткері, «Т.Жүргенов атындағы қордың» төрағасы Сәби Аңсат төрелік етті.Қазылар алқасы жыршылардың орындаушылық шеберлігіне, мақам-саз үндестігіне, шығарманың мазмұнын көрерменге жеткізе білумен қатар, сахна мәдениетіне баса мән берді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/906569
Сенаторлар комитеттің көшпелі отырысы барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесін зерделеді 24.12.2024
Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Алматы облысында көшпелі отырыс өткізді. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тақырыбы – күн тәртібіндегі басты мәселе болды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында өткен шараға комитет депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындары мен агроөнеркәсіп кешендерінің басшылары қатысты.Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруды талқылау – отырыстың басты мақсаты болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттыру және Қазақстан Президенті қойған міндеттерді орындау, атап айтқанда, қайта өңделген өнімдер үлесін үш жыл ішінде 70%-ға қол жеткізу мәселелері басты назарға алынды.«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – бұл еліміздің экономикасын нығайтуға, импортқа тәуелді болуды азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін стратегиялық маңызды бағыт. Агроөнеркәсіп кешеніндегі айналым қаржысының жетіспеуі, шикізат сапасының төмендігі және өнім өндіру үдерісін автоматтандырудың жеткіліксіздігі сияқты проблемаларды шешу үшін қаржылай қолдау мен технологиялық инновация үйлесім тапқан кешенді шаралар қажет», - деп атап өтті комитет төрағасы Әли Бектаев.Отырыс барысында қайта өңдеу кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, шикізат сапасын жақсарту және өнімділікті арттыру үшін ірі агроөнеркәсіп холдингтерін құру туралы ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ агросекторда шағын және орта бизнеске жеңілдікті кредиттеу жүйесін әзірлеу мәселесі талқыланды.Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар топтамасы әзірленді. Ол ұсыныстар одан әрі қарау және іске асыру мақсатында Үкіметке жіберілетін болды. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелерінің шешімі мемлекеттік органдар, бизнес және ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы кешенді тәсілді және өзара тығыз іс-қимылды талап ететінін атап өтті.(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/906786
Алматы облысы: Энергетика саласындағы маңызды қадамдар 24.12.2024
Алматы облысында Энергетиктер күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл күн өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандар үшін маңызды оқиға.«Құрметті энергетика саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің еңбегіңіз тек миллиондаған адамның тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экономикасының тұрақты дамуына да бағытталған», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі», – деп, өздеріңіз еңбек ететін жүйенің маңыздылығын атап өтті.Ағымдағы жылы ел аумағында атом электр станциясын салу туралы республикалық референдум өткізіліп, облыс тұрғындары жоғары белсенділік танытты (Сайлаушылардың 68,5%-і қатысып, 72,5%-і оң шешімге дауыс берді). Жоба іске асқан жағдайда облыстың, жалпы еліміздің энергия тапшылығын жоюға септігін тигізетін болады. Қазіргі уақытта Алматы облысы 600 МВт электр энергиясын тұтынады, ал өзіндік өндірісі 300 МВт құрайды. Өңірдің дамуы мен жаңа инвестициялық жобаларды ескерсек, электр энергиясына деген қажеттілік 2050 жылға қарай 3000 МВт-қа жетеді.Атом электр станциясын салу экологияға да оң әсер етеді, өйткені АЭС-тен шығатын ластаушы заттар күн электр станциясына қарағанда аз. Облыста 2024 жылы энергетика саласында бірқатар жұмыстар атқарылды.Қонаев қаласы өсіп, дамып келе жатқандықтан, 5 жаңа қосалқы станцияның құрылысы басталатын болады. Бұл нысандар облыс орталығының электрмен жабдықтау қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, бизнестің, тұрғын үй құрылысының және өнеркәсіптің дамуына да мүмкіндік береді.Алматы агломерациясы аумағында 7 жаңа қосалқы станцияның құрылысы қарқынды жүруде. Бұл станциялар халық тығыз орналасқан аудандардағы энергиямен қамтамасыз етуді тұрақтандырады. Сонымен қатар, индустриялық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, мұнда тағы 3 қосалқы станция салынуда. Бұл нысандар жаңа кәсіпорындарды тарту арқылы жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.Облыс аумағында жалпы қуаттылығы 325 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істейді, бұл - Республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.2024 жылы облыс әкімдігіне 20-ға жуық инвестордан қуаттылығы 1380 МВт асатын жаңа күн және жел электростанцияларын салу бойынша ұсыныс түсті. Инвесторлармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қуаттылығы 120 МВт болатын 2 күн электростанциясының құрылысы бойынша аукцион өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Одан бөлек, қытайлық инвесторлармен шалғай жатқан Кеген ауданында жалпы қуаттылығы 500 МВт-қа жуық 1 гидроэлектростанция және 2 күн электростанциясының құрылысы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Аталған жұмыстар іске асырылған жағдайда облыс энергетикалық балансын 90%-і жаңартылатын энергия көздері құрайтын болады.Алматы облысындағы энергетика саласы белсенді түрде дамып келеді, ал жаңа жобалардың табысты іске асуы өңірдің болашағына тікелей әсер етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/906948
Өнеркәсіптік балық аулау флоты Маңғыстауға қайта оралуда 24.12.2024
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Құрық ауылындағы Саржа портына барып, килька балығын аулауға арналған кемелердің алғашқы сапарға шығуына қатысты.Маңғыстау облысында өнеркәсіптік балық аулау 1991 жылға дейін кеңінен дамыған еді. Сол кезеңде «Маңғышлақ рыбхолодфлот» кәсіпорны жұмыс істеп, аймақты және басқа да елдерді балық өнімдерімен қамтамасыз етті.Үш онжылдықтан кейін Маңғыстау облысында өнеркәсіптік балық аулау дәстүрі қайта жанданып отыр. 30 жылдан астам уақыттан кейін Қазақстанның Каспий теңізіндегі аумағында балық аулауға арналған кемелер алғаш рет сапарға шықты.Бұл маңызды оқиға Президенттің балық шаруашылығын дамыту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде жүзеге асты.Алғашқы қадамдардың бірі ретінде «Aktau Balyk Company» ЖШС екі тралды кемені сатып алып, тіркеуден өткізді. Бұл кемелердің көмегімен компания жылына шамамен 10 мың тонна каспийлік килька аулап, елдің ішкі нарығын сапалы балықпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.Келесі жылы компания аулау көлемін 30 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсатында флотты кеңейтіп, тағы төрт заманауи тралды кеме сатып алуды жоспарлауда.«Aktau Balyk Company» ЖШС жобасы аймақтың балық шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл жоба жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіптік балық аулау саласында жергілікті мамандар санын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/906951
Елімізде қант қызылшасын жинау науқаны аяқталды 24.12.2024
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант қызылшасын жинау нәтижелері қарастырылды. Елімізде қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарынан 535,5 центнерді құрап, шамамен 1,3 млн тонна жиналды.20 желтоқсандағы жағдай бойынша қазақстандық қант зауыттары өңдеуге 988,6 мың тонна өнім қабылдады: «Ақсу қант» зауыты – 351,7 мың тонна (оның ішінде Жамбыл облысынан – 39,3 мың тонна); Көксу қант зауыты – 252,6 мың тонна; Меркі қант зауыты – 384,3 мың тонна. Қалған өнім өңдеуге дейін фермерлердің қант қызылшасы үйінділерінде сақтаулы.Жалпы өнімнің жартысы – 640 мың тонна Жамбыл облысында жиналды. Бұл аймақта қант қызылшасын тек Меркі қант зауыты өңдейді. Қолданыстағы қуаттылықтарға сәйкес, Меркі зауыты 450 мың тонна, Жетісу облысындағы Ақсу зауыты 100 мың тонна қабылдайды, ал қалған 90 мың тонна қант қызылшасы Қырғызстанның қант зауыттарына жөнелтіледі.Мұндай шешім жиналған өнімнің барлығын толық өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында қант қызылшасын үздіксіз қабылдау, өңдеу және дайын қантты кері жеткізу бойынша келісімдер бекітілген.Сонымен қатар фермерлерге қант қызылшасын қай зауытқа тапсырғанына қарамастан, қолданыстағы тәртіп бойынша әкімдіктер мен қант зауыттары тарапынан субсидиялар төленеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/906985