Enbekshi QazaQ

Қоғам

Ескелді ауданы 2025 жылдың соңына дейін толық газдандырылады 04.12.2024
Жетісу облысының Ескелді ауданында соңғы екі жылда 39 мыңның астам тұрғынның көгілдір отынға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалған, яғни газдандырылуға жататын 21 елді мекеннің 12-сіне газ құбыры тартылды. Бұл туралы бүгін Ескелді ауданының халқымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.- Тағы 7 елді мекенде – Көкжазық, Теректі, Қаратал, Абай, Шымыр, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 5 елді мекеннің жұмыстары жылдың соңына дейін бітеді. Ал Көкжазық, Теректі ауылдарында келесі жылы аяқталады, - деді өңір басшысы Б. Исабаев.Оған қоса Қайнарлы мен Жалғызағаш ауылдарына газ тарту үшін республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Соның нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін жалпы саны 48 мың адам тұратын 21 елді мекен газға толық қол жеткізіледі. Осылайша 2025 жылы Ескелді ауданы толық газдандырылады.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фотограф: Жеңіс ЫсқабайАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/896010
Биыл Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады 04.12.2024
Биыл Жетісу облысының Ескелді ауданында 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Оның 5-і пайдалануға берілді, қалған 6-ын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.М. Мәметова атындағы және Қоңыр ауылындағы орта мектептер мен М. Баисов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті, ал Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қаблиса жырау атындағы және Қайнарлы ауылындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынды. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылды.- Халықтың өтінішін ескере келе, Ешкіөлмес және Жаңалық ауылдарында 180 және 120 орынды екі жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығады деп күтілуде. Ал Қарабұлақ ауылындағы орта мектеп пен Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бюджетті нақтылау кезінде бұл екі жобаға да тиісті қаражат қарастырылады. Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектеп бюджет қаражаты есебінен, ал Сырымбет ауылындағы Жақыпбаев атындағы мектеп демеуші көмегімен газға қосылды, - деп атап өтті Б. Исабаев.Денсаулық сақтау мәселесіне келсек, саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді және Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақешкі ауылында да іске қосылады. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салынады. Соның ішінде Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталса, осындай нысандар Жастар, Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарында келесі жылы салынады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы ауданның 8 ауылында жақсарады. Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Қаратал ауылында 100 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр және Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілді. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады. Спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізілуде, Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа беріледі.Жалпы, 2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд. теңге бөлінген.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотограф: Жеңіс ЫсқабайАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/896025
Жетісу облысында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жол құрылысы келесі жылы басталады 04.12.2024
Жетісу облысының ең негізгі табиғи әрі туристік көрнекті жерлерінің бірі – Бұрханбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы басталады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.- Ескелді ауданы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Осы жылдың 10 айында туристерді қабылдайтын нысандарда 41 мың адамға қызмет көрсетіліп, соның ішінде ақылы қызмет көрсету көлемі 25 млн. теңгеге жетті. Осы ретте Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 км автожолды жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын атап өту керек. Бұл мақсатқа 2025 жылы республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Сондықтан туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартып, жаңа қонақ үйлер, демалыс базаларын салып, жолдарды жөндеу қажет. Интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрікті жерлерді кеңінен насихаттап, экотуризм мен агротуризм бағыттарын дамыту керек, - деп атап өтті өңір басшысы Б. Исабаев.Еске салсақ, Жетісудың туризм саласы 5 дестинацияның әлеуетін тірек етеді. Олар - Алакөл мен Балқаш көлдері, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының таулы алабы.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотограф: Жеңіс Ысқабай Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/896033
Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесті 04.12.2024
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданына барған жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Халықпен кездесуде баяндама жасаған Бейбіт Исабаев әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шараларға, облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы ауданның қосқан айрықша үлесіне назар аудара отырып, өңірдің алдағы жоспарларына, басқа да негізгі бағыттарға тоқталды. Аудан басшылығының алдына жер қатынастарына қатысты бірқатар міндеттер қойды, атап айтқанда жердің мақсатты пайдаланылуын бақылау, конкурстар мен аукциондар арқылы жер беру жұмыстарын жандандыру жүктелді.- Өткен он айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 112,6% құрады. Бұл - республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Біз әлеуметтік-экономикалық дамудың қол жеткізілген оң қарқынын сақтап, биылғы жылды сәтті аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте халықты сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, жолдармен, тұрғын үймен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Мысалы, соңғы 2 жылда тек бір Ескелді ауданының өзінде денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сияқты әлеуметтік салаларда 18 блок-модульді нысан іске қосылды. Соңғы деректер бойынша Ескелді және шекара маңындағы Панфилов аудандары инфрақұрылымды дамуытуда көш бастап тұр, - деп атап өтті өңір басшысы Б.Исабаев.Инфрақұрылымды дамыту жайына тоқталған облыс әкімі келесі жылы Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге және Қарабұлақ ауылында саябақ салуға қатысты мәселелер толығымен шешілетініне уәде берді. Бейбіт Исабаева газбен жабдықтау, сапалы ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ жолдарды жөндеу мәселелеріне де назар аударды. Атап өтсек, 2022-2024 жылдары Ескелді ауданына әлеуметтік нысандарды салуға, реконструкциялауға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд. теңге бөлінген.Сонымен қатар Бейбіт Исабаев өткен жылғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген проблемалық мәселелерге байланысты қабылданған шараларға тоқталды. Мәселен, бүгінгі таңда 2 мәселе толығымен шешілген. Атап айтқанда, балабақша ғимаратына күрделі жөндеу және М. Баисов ауылындағы спорт алаңына жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Көктөбе ауылындағы жолдарды жөндеу және Шымыр ауылындағы Абай көшесін жарықтандыру үшін техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары бар, жұмыстар келесі жылы жүргізіледі. Ақын Сара ауылында арық жүйесін салу да 2025 жылға жоспарланған.Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Көкжазық ауылының тұрғыны газдандыруды аяқтау, жолдарды жөндеу және ауылды жарықтандыру мерзімдері жайлы сұрады. Белгілі болғандай, қазіргі кезде көшелерді жарықтандырудың кейбір тіректері жұмыс істемейді, осыған байланысты кепілдік міндеттемесі аясында мердігер ұйым бұл мәселені қысқа уақыт ішінде реттеуге міндеттенеді. Газдандыру мен жол жөндеу жобалары өтпелі жоба қатарында, сондықтан келесі жылы аяқталады. Тағы бір тұрғын Қаратал ауылынан аудан орталығына – Қарабұлақ ауылына дейінгі жолдың сапасына алаңдайды. Осы мәселе бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.Атап өтсек, Қаратал ауылында биылғы жылы мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа блокты-модульді мәдениет үйі мен ауыл әкімдігі пайдалануға берілді. Облыс әкімі ауданға сапары аясында аталған жаңа нысандардың жұмысымен танысты.Жаңа 100 орындық мәдениет үйінде кітапхана, акт және спорт залдары, вокал, би, шахмат, бокс үйірмелер бар. Ауыл әкімдігіне келетін болсақ, 60-шы жылдардың соңындағы ғимарат апатты жағдайда болған. Енді қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін жаңа ғимаратта қажетті жағдайлар бар. Еске салсақ, Қаратал ауылдық округінде 2400-ге жуық тұрғын тұрады.Сонымен қатар осы күні облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фототілші: Жеңіс ЫсқабайАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/896163
ХУБЭЙ ПРОВИНЦИЯСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ САУДА ӨКІЛДІГІНІҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТТІ 04.12.2024
Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайту аясында бірлескен инвестициялық жобаларды талқылауға арналған маңызды G2B кездесу өтті. Түркістан облысы делегациясы атынан облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров келіссөз жүргізді.Келіссөздер кезінде экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету және Түркістан облысында бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.Сонымен қатар кездесу аясында Хубэй провинциясы кәсіпорындарының халықаралық ынтымақтастық қауымдастығында Түркістан облысының Сауда өкілдігінің ресми ашылу салтанаты өтті.Екі тараптың өкілдері табысты ынтымақтастық экономикалық байланыстарды айтарлықтай жақсартып, дамуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/895797
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ШАРУАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ 04.12.2024
Бүгін Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті шаруалармен кездесіп, бірқатар мәселелер мен олардың шешу жолдарын талқылады. Оларды жеке-жеке тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескерген облыс әкімі Сарыағаш ауданында өңірдің көкөніс өндірушілерінің көтерме-бөлшек сауда орталығын ашудың маңыздылығын айтты. Онда қажетті құжаттарды рәсімдеуге, өнімге тапсырыс берушілермен байланыс орнатуға, тауарды делдалдарсыз және алыпсатарларсыз арзан бағамен сатуға жағдай жасаудың қажеттілігін атап өтті. Бұл диқандар үшін өте маңызды. Жылыжай иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.– Еңбек өнімділігіне, жаңа тех­но­логияларды енгізуге, сапалы тұ­қым мен заманауи техниканы сатып алу­ға ерекше назар аудару қажет. Үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өт­кізу, кеңселер жүйесін құру жө­ніндегі ұсы­ныстарды қолдаймын. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, – деді Дархан Амангелдіұлы.Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектардан асады. Өткен жылы 150 мың тонна өнім жиналып, республика халқының көкөніске деген қажеттілігінің 42 пайыздан астамы қамтамасыз етілді.Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті.Жүйелі атқарған жұмыстың нәтижесінде фермерлік жылыжайлардың стандарты әзірленіп, 800-ден астам жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, өндірушіден тікелей көмір сатып алу келісілді.Айта кетейік, шаруалармен кездесу Қабланбек ауылында орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжайында өтті. Бұл жылыжайдың өнімдері облысымызбен қатар өзге қалаларға да жіберіледі. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/895925
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН 2 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ 04.12.2024
Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданында бой көтеріп жатқан жайлы мектептердің жай-күйімен танысты. Жауапты басшыларға, мердігерге нақты тапсырмалар берді.– «Жайлы мектеп» жобасы – Президентіміздің тікелей қолдауымен және тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Құрылыс материалдары, оқу құралдары, парталар мен жиһаздары түгел талапқа сай болуы тиіс. Жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылуы қажет. Жұмысты жылдамдатыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар түйткіл бойынша сын-ескертпелерін айтты. Олар бақылауға алынады.Сарыағаш қаласы, «Телемұнара» шағынауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысы биыл сәуірде басталған. Оның конкурстық құны – 5,1 млрд теңге. Мердігер – «АРТ-Құрылыс» ЖШС. Бүгінде 900 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында 45 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір нысанның шатырын жабу жұмыстары атқарылуда. Ғимараттың ішкі сылақ жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары басталған. Ішкі электр, жылу, ауыз су, ішкі желдету жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Еденнің бетон құю жұмыстары аяқталған. Нысанның 1, 2, 3 қабаттарының терезелері орнатылған.Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылдық округіндегі 900 орындық мектептің де құрылысын қадағалады. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы бой көтерген білім ұясының құрылыс нысанында 155 адам жұмыс істеуде. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, сантехникалық және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның 1-ші қабатының сыныптарына жарықшамдары орнатылуда, сыртқы фасад, ішкі бояу, едендеріне линолиум төсеу, сыртқы қоршауын орнату жұмыстары қарқынды. Мектептің шатырын жабу жұмыстары толығымен аяқталып, сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Балалар ойын алаңшасы салынуда. Нысанды осы жылдың соңына тапсыру жоспарланып отыр.Облыс әкімі бұл ғимаратты да аралап көріп, мердігермен пікір алмасты. Жауаптыларға анықталған кемшіліктерді реттеу, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, нысанды уақтылы тапсыру жөнінде тапсырма берді. Жергілікті әкімдік пен басқарма басшыларына инфрақұрылымға қатысты мәселелер туындамауы керек екенін ескерттті. Мектептердің құрылысы қатаң бақылауда болады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896094
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ 04.12.2024
Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінде ірі мал бордақылау алаңдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Ауданда ірі малды бордақылау алаңы мен мал сою бекетін ашу жұмысы қолға алынған. Ол сарыағаштық кәсіпкердің жеке қаржаты есебінен жүзеге асырылады. Кооператив жылына 15 000 бас уақ мал бордақылауды көздеуде. Мал бордақылау алаңы 6 гектарды құраса, жоба құны – 1 млрд. теңге. Мұнда 25 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты жұмыс істейді.Аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.Өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп жатқанын айтып, мемлекеттік қолдауларға тоқталды. Сондай-ақ шаруаның жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң «Бес қара» ЖШС-нің ІҚМ және уақ мал сою бекетіне барды. Бұл бекет тәулігіне 128 ірі қара мал және 600 бас уақ мал союға қауқарлы. Жоба құны 1,2 млрд теңгені құрайтын мал сою бекеті 1 га аймақты алып жатыр. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 40-қа жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.Өңір басшысы сапар соңында «Бес қара» ЖШС-нің көлік-логистикалық орталығында болып, құрылыс барысын көрді. Бұл орталық тәулігіне 300 жүк көлігін қабылдауды жоспарлап отыр. Жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайтын орталық 5 гектарға орналасқан. 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.Облыс әкімі жобаның ауқымдылығын жоғары бағалап, ауданның ғана емес, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер ықпалына тоқталды. Жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапсырды.Айта кетейік, Түркістан облысы ет экспорты бойынша республикада бірінші орында тұр. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, яғни, 6,9 мың тоннасы, қой етінің 75%-ы өңірге тиесілі. 10 айда облыстан 4,7 мың тонна қой еті экспортталған.Облыс әкімі аудандағы «Сұңқар» ЖШС-нің зауытың да жұмысымен танысты. Өндіріс орны 2022 жылы құрылған, жоба құны – 700 млн теңге. Шарап өндірумен айналысатын кәсіпорында 50-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпкермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде тапсырма бердіТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896104
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ КЕДЕН БЕКЕТТЕРІН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ 04.12.2024
Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы жүк тасымалы алдағы жылы 3 есе артады деген болжам бар. Екі ел шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекеті келер жылы қайта ашылады. Нысан қазір күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттерінің жөндеу жұмыстарымен танысты.Түркістан облысы аумағындағы «Қапланбек» өткізу бекеті негізінен тауар тасымалына арналған. Ондағы жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Құрылыс Өзбекстан тарапында да жүріп жатыр. Құрылысы аяқталған соң бұл жермен тауар тасымалы 3 есе артуы тиіс. Ал жаяу жүргіншілердің дені «Жібек жолы» бекетіне бағыт алады.Одан бөлек «Атамекен» және «Қазығұрт» шекаралық өткелдеріндегі қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ал «Жібек-Жолы» бекетін реконструкциялау 2025 жылға жоспарланған.Қазақ - өзбек шекарасындағы ірі өткізу бекеттерін жөндеу туралы шешім екі ел Президенттерінің тапсырмасымен қабылданды. Осыған сай арнайы жұмыс тобы құрылған. Реконструкциялау жобаларын қос тарап бірлесе атқарып жатыр. Негізінен жеке тұлғалар жүретін «Жібек-Жолы» пунктінен былтыр 9 миллиондай жолаушы өткен. Жөндеу жұмыстарынан кейін бұл бекеттердің өткізу қабілеті едәуір ұлғаяды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896112
ТҮРКІСТАН: МАҢҒЫСТАУЛЫҚ АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭТНОМЕДИАЦИЯ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ 04.12.2024
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен ХХХІІІ (33) сессиясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарын Медиация саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша көш басындағы өңірлердің қатарына жатқызған болатын.Сол жиында ел Президенті республикадағы облыс әкімдіктеріне, «Қоғамдық келісім» КММ-не аталған облыстармен тәжірибе алмасу жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда, бүгін Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы делегациясы Түркістан облысының этномедиация саласындағы тәжірибесімен танысу мақсатында арнайы іссапармен келді.Алдымен маңғыстаулық делегация Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, «Ұлы Дала Елі» орталығындағы құнды жәдігерлермен танысты. Бұдан соң Түркістан төрінде жаңадан бой көтерген «Достық үйін» аралап көрді.Делегация құрамында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Тагиев Таги Зираддиноглы бар.Осы ретте, «Достық үйінде» өңірдің медиация саласындағы жұмыс тәжірибесімен танысу сапарына орай ауқымды жиын өтті.Алқалы басқосуға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев және Медиация кеңесінің мүшелері, сонымен қатар, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың төрағалары мен этномәдени бірлестіктерінің төрағалары және өңірдегі кәсіби медиаторлар қатысты.Кездесу барысында қатысушылар қос өңірдегі этносаралық келісімді нығайту бойынша өз ойларын ортаға салып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.Жиын соңында маңғыстаулық делегация мүшелері Түркістан облысының тиімді тәжірибесін жұмыс барысында қолданатынын айтып, алғыстарын білдірді. Жиынға қатысушылар елдік пен бірліктің жолында күш біріктіріп, елге қызмет ете беретіндіктерін жеткізді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896119
ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ 04.12.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына іссапарында кәсіпкерлік және білім нысандарының жұмыстарымен танысты. Абай ауылында орналасқан жиһаз цехына барды.2006 жылы өз жұмысын бастаған цех үйде қолданатын және асханаға арналған жиһаздар өндірісін жолға қойып, облыс аумағын қамтамасыз етуде. Сұранысқа байланысты айына 200 жиһаз жасап шығарады. Жоба құны – 250 млн теңге. Цех аумағы 0,15 га жер учаскесінде орналасқан. Қазіргі уақытта цехта 20 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жұмысшылар жалақысы – 250-400 мың теңге аралығында.– Облыста жиһаз кластерін дамыту жұмысы қолға алынды. Біздің өңірдің кәсіпорындары елімізді ғана емес, шетелдерге де жиһаз экспорттауға қабілетті болуы тиіс. Оған мүмкіндік бар, – деді Дархан Сатыбалды.Кәсіпкермен жүздесіп, ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі осы бағыттағы шағын кәсіпорындарды көбейту керектігін айтты. Жауапты басшылар мен аудан әкіміне осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896382
ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ 04.12.2024
Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Әділетті Қазақстан: Ғасырлар ғұламалары мен Қазақстан қаламгерлері» атты көшпелі пленумы өтті. Жиынға еліміздің белгілі жазушы-ақындары, әдебиеттанушылар, ғалымдар және жастар қатысты.Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Мереке Құлкенов жиынды ашып берді. Қазақстан Жазушылар одағының атқарған қызметі, көшпелі мәжілістің мақсаты жайлы сөз қозғады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қаламгерлерге деген ыстық сәлемін жеткізді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.Көшпелі жиын барысында спикерлер түрлі тақырыпта баяндама жасады. Атап айтсақ, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы тарихи шежірелерге үңіліп, тың деректерді ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының кеңесшісі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетін әлемге танытудың алтын қақпасы», Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қасымхан Бегманов «Ғұламалар, заманалар, жылдар: ақын-жазушылардың қоғамдағы рөлі» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай «Әділетті Қазақстан: Әулие Мәшһүр феномені», дінтанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан мен Орта Азия тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек «Қазақ халқының рухани-мәдени болмысының қалыптасуына Қожа Ахмет Йасауи ілімінің ықпалы» тақырыптарында баяндама жасады. Ақын, публицист, мәдениет және қоғам қайраткері Өтеген Оралбаев та Түркістан руханиятына қатысты келелі ой қозғады.Жиын барысында қазақ ғұламаларының идеялары мен бүгінгі қаламгерлердің шығармашылығы арасындағы сабақтастық, ұлттық рухани жаңғыру және әділетті Қазақстан құру жолындағы әдебиеттің маңызы туралы пікір алмасулар өтті. Жарыссөзде бірнеше қаламгер өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.Пленум аясында кітап көрмесі ұсынылып, шығармашылық жобалар таныстырылды. Концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы бұл шара ұлттық әдебиеттің тарихи және заманауи аспектілерін зерделеуге арналған маңызды диалог алаңына айналмақ.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896384
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН ШОҚПАРДЫ БЕЛІҢЕ БАЙЛАМА!» 04.12.2024
Түркістан облысында ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылыс барысын қадағалады. Келес аудандық «Абай» ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты сын айтып, шұғыл түрде ретке келтіруге уақыт берді. Ішкі әрлеу жұмыстарын өзгертіп, жұмысқа жанашырлықпен қарауды ескертті. Сапаның сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты компанияларға шара көріледі.– Осы құрылыс басталмай тұрып, проблемасы бітпеп еді, әлі солай. Бір мердігер кетіп тынды, екіншісінің тірлігі мынау. Көтере алмайтын шоқпарды белдеріңізге байлап нелеріңіз бар? Атүсті жүріп, жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Ең арзан құрылыс материалдарын пайдалануды қою керек. Бұл –аурухана! Мұндай қаражатқа жаңасын салуға болады. Біреу кедергі келтірсе, маған айтыңыз! Бірақ, уақытында және сапалы тапсырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.Аталған аурухана – 200 төсек-орындық. Мұнда 63 дәрігер, 260 орта буын қызметкері бар. Ғимарат көлемі – 7879,5 шаршы метр. Тапсырыс беруші – «Абай» Келес аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп салынуда. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna» АҚ. Құрылыс жұмысы жұмысы 2025 жыл аяқталады деп көзделген. Жалпы сметалық құны – 4,8 млрд теңге.Облыс әкімі мектеп құрылысына қатысты ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Созбалаңға салмай, сапалы атқаруды тапсырды.Одан кейін Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы спорт кешенінің құрылысын тексерді. Аталған нысанның жер аумағы – 1,5 гектар. Құрылыс 2023 жылдың маусым айында басталған. Мұнда спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалмақ.Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты жүйелі әрі жауапкершілікпен атқаруды жүктеді. Құрылысты кешіктіргендерге заң шеңберінде шара көрілетінін ескертті.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896373
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚУАТЫ АРТҚАН «АБАЙ» ГАЗ ТАРАТУ СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ 04.12.2024
Түркістан облысына қарасты елді мекендердің инфрақұрылым сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Бүгін тағы бір әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды.Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданы, Біртілек ауылдық округіне қарасты Біртілек елді мекенінде «Абай» газ тарту станциясын іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.«Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Біз бюджеттің мүмкінгінше ауылдарды газбен қамтып жатырмыз. Екі жылда 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылуда. Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешіліп, «сақалды құрылыстар» ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жергілікті тұрғындарды ауыл-аймақты таза ұстауға, елді мекенді абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын», деді Дархан Сатыбалды.Келес ауданындағы қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді.«Келес ауданы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған жобаның құрылыс жұмыстарын «Газ КZ» ЖШС жүргізген. Жер көлемі 0,80 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаның жалпы сметалық құны – 699 494,5 мың теңге.Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен (42 480 адам) табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен (9 807 адам) қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады.Айта кетейік, облыс бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді (557 елді мекен).Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896208
Ақтауда «Жылы жағажай» аумағындағы автомобиль жолы қайта жаңғыртылды 04.12.2024
Жылы жағажай – Ақтау қаласының туристік әлеуетке ие бірден-бір аймағы. Аталған жағажай Ақтау қаласы құрылғалы бері адамдардың сүйікті демалыс орны болып табылады. Себебі, Каспий теңізінің шомылуға ыңғайлы құм жағажайлары осы аумақта орналасқан.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталығының туристік әлеуетін арттыру мақсатында облыс әкімдігі «Жылы жағажай» аумағында орналасқан туристік нысандарға апаратын бірден-бір көліктік инфрақұрылым ұзындығы 27 км автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарын 2019 жылы бастады.Айта кету керек, Жылы жағажайды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жұмыстар кешенді сипат алды. Атап айтқанда, автомобиль жолымен қатар, су, кәріз, электр энергиясы және газ желілерінің де құрылысы қатар жүргізілді.Реконструкцияланғанға дейін автомобиль жолы 1980 жылдары салынған 2 жолақты жарықтандырылмаған, жаяу жүргінші және веложолдары жоқ, заман талабына сәйкес келмейтін жол еді.Реконструкциядан соң автомобиль жолының техникалық сипаттамасы мынадай: жол бөлігінің ені– 14 метр, қозғалыс жолағының саны– 4, жарықтандыру жүйесі орнатылып, автотұрақтар, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен веложол салынды.Жылы жағажайға баратын жолаушыларды тұрақты маршруттық автобуспен қамтамасыз ету мақсатында №6 «Әуежай-Ақтау-Жылы жағажай» тұрақты маршруты іске қосылды.Осылайша, «МАЭК» су алғышынан «Құрық» теңіз портына дейін автомобиль жолынреконструкциялау жобасы аяқталып, 2024 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 9,3 млрд. теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстары жергілікті мердігер компаниямен жүзеге асырылды.Өңірдің туристік әлеуетін толық ашуға бағытталған кешенді жұмыстар одан әрі жалғасуда.Осы орайда, облыс әкімдігімен жоғарыда аталған жобаның логикалық жалғасы ретінде «МАЭК» су алғышынан Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау 34 км (ІІ кезек)» жобасы жүзеге асырылуда.Бұл жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланып отыр және автомобиль жолы Ақтау порты мен Құрық портын тікелей жалғастыра отырып, Ақтау қаласының Жылы жағажай, Мұнайлы ауданының Қызылқұм жеріндегі, Қарақия ауданының Сарша жеріндегі туристік нысандардың дамуына тың серпін береді деп күтілуде.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/895946
Сыр өңірінің делегациясы Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты 04.12.2024
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының Италиядағы жұмыс сапары жалғасуда.Бүгін делегация Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты. Санта-Кроче-суль-Арно ауданындағы зауыттар негізінен аяқ киім тігуге арналған былғары өңдеумен, киім, жиһаз және басқа да өндіріспен айналысады. Өз өнімдерін әлемнің 122-ден астам еліне экспорттайды.Ауданда тері өндірісінің шамамен 35%-ы және аяқ киім өндірісінің 98%-ы шоғырланған. Былғары өндірісі тізбегінде 600-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 8000-нан астам адам жұмыс істейді.Облыс әкімі «Aldo Gliozzi» қауымдастығының басшысы Эцио Кастелланимен мал терісін экспорттау және аймақта былғары өңдеу өндірісін дамыту бағытында келіссөздер жүргізді.«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін.Қызылорда облысы экономикасының ауқымды бөлігін тау-кен саласы құрайды. Негізінен мұнай өндіріледі, сонымен бірге, агроиндустриалды аймақ. Өңірде атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша республикада бірінші орындамыз.Елімізде және өңірімізде мал басы жыл сайын артып келеді. Кейінгі жылдары біздің облыстың өзінде екі миллионнан астам мал тіркелген. Осы ретте тері және жүн өңдейтін кәсіпорындарды дамыту керек. Жалпы алғанда, аймақ нарығын қамтуға және алыс-жақын шетелдерге экспорттауға мүмкіндік бар.Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, тері, жүн өңдеу саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.Серіктес қажет болған жағдайда, өз салаларында жетістікке жеткен кәсіпкерлер сіздермен келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді», – деді Н. Нәлібаев.Өңірде негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған. Жобаларды іске асыруға шикізат қоры жеткілікті. Облыс бойынша өткен жылы 848,6 тонна жүн және 215,1 мың дана тері өндірілген.Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы мен 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.Өз кезегінде Эцио Кастеллани екіжақты әріптестікке қолдау білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылатынын айтты.Аймақ басшысы әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімі берілетінін, Қазақстандағы түрлі даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжаттар сүйемелденетінін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/895860
«Таза ел-мықты өңір: «Таза Қазақстан» Қостанай облысында» 04.12.2024
Ел Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың сәуір айының басында іске қосылған «Таза Қазақстан» бағдарламасын қостанайлықтар ауқымды түрде қолдауды жалғастыруда. Бұл бастаманың мақсаты – халықтың экологиялық хабардарлығын арттыру және облыстың әртүрлі аймақтарындағы қоршаған ортаны жақсарту.Бағдарлама аясында өңірде қазірдің өзінде аумақтарды тазарту және абаттандыру, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу бойынша креативті ауқымды іс-шаралар, сондай-ақ азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағарту жұмыстары – акция, дөңгелек үстел, семинарлар ұйымдастырылып жатыр.Бағдарламаны жүзеге асыруда жергілікті кәсіпорындар және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Іс-шараларға бизнес-қауымдастық, жастар, спортшылар мен этномәдени бірлестік өкілдері белсенді қатысуда.  2025 жылдың 13 маусымы күні Қостанай ауданында «Жанашыр бол» қоғамдық қоры Қостанай ауданының тұрғындары арасында алюминий банкаларын жинау бойынша экологиялық байқау өткізді.Байқаудың мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау мәселелеріне қоғамның назарын аудару, экологиялық мәдениетті дамыту және өскелең ұрпақ арасында тұрақты әдеттерді ынталандыру. Қатысушылардан мүмкіндігінше көп алюминий банка жинап, оларды қабылдау орнына тапсыру ұсынылды. Ең көп алюминий банка жинаған бес адамға велосипед сыйлыққа беріледі.Жарыс мамырдың басында басталып, 10 маусымда аяқталды. Қатысушылар барлығы 150 келі алюминий банка жинады. Кішкентай балалар барынша белсенділік танытты, бұл жастардың экологиялық санасының артқанын көрсетеді, бұл жағдай ұйымдастырушыларды ерекше қуантты.  Жобаның үйлестірушісі Наурызбек Бірмағамбетов: «Мұндай бастамалар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау бойынша нақты әрекеттерге тартуда маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті. Бейімбет Майлы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Варваринка, Николаевка және Асенкритовка ауылдарында «Варваринское» АҚ-мен бірлесіп «Таза жағалау» акциясы өтті.Іс-шараны ауданның және «Варваринское» АҚ еріктілері волонтерлік қызметтің экологиялық бағытын насихаттау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында өткізді. Акцияға ауданның 60-қа жуық еріктісі мен «Варваринское» АҚ қызметкерлері белсенді қатысты.Акция соңында Аят өзенінің 5 шақырымдық жағалауының аумағы тазартылды. Еріктілер марапатталды.«Варваринское» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Антон Труханов атап өткендей: «Бүгінгідей іс-шараларға жиналу ғана емес, сонымен қатар күнделікті өмірде қоршаған ортаға қамқорлық жасау маңызды. Экологиялық жағдайды жақсартуға әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз, тіпті аз ғана күш-жігеріміз айтарлықтай нәтижелерге әкелуі мүмкін. Барлығын табиғатқа мұқият болып, қоқысты қалдырмауға шақырамын. Бұл - біздің ортақ жеріміз және оны тек бірлескен күш-жігермен болашақ ұрпақ үшін сақтай аламыз».#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1016766?lang=kk
Астанада мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік орта құру бойынша семинар өтіп жатыр 04.12.2024
Астананы дамыту орталығы мүгедектігі бар адамдар мен мобильділігі төмен топтар үшін қолжетімді қалалық және әлеуметтік орта құру бойынша еліміздегі алғашқы курсты бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Астанада «Мүгедектігі бар адамдар мен мобильділігі төмен топтардың қажеттіліктерін ескере отырып, халыққа қолжетімді инфрақұрылым және қызметтер бойынша семинар» жобасы басталды. Жобаның ұйымдастырушысы – Астана қаласы әкімдігінің «Астана даму орталығы» ЖШС.Инклюзия – физикалық және ақыл-ой кемістігі бар адамдардың қоғамдық өмірге толық араласа алуына жағдай жасауға бағытталған қазіргі қоғамның негізгі элементі. Бұл жобаны іске асыру қолжетімді және инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру, азаматтардың барлық санаты үшін тең мүмкіндіктер беру, сондай-ақ Астананың баршаға заманауи, жайлы және қонақжай қала ретіндегі ұстанымын нығайту жолындағы маңызды қадам болады.Жобаны іске асыру үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2023 жылғы 14 қарашадағы бұйрығымен бекітілген ҚР СТ 3846-2023 ұлттық стандартын әзірлеген «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ сарапшылары тартылды.Жұмыстың алғашқы күндерінде, яғни 2-3 желтоқсанда 30 адам оқудан өтті. Астана қаласының туристік нысандары мен қонақүйлерінің 200 маманы дайындалады. Қатысушылар ұтқырлығы төмен азаматтар үшін қолайлы және қолжетімді орта құру үшін теориялық және практикалық білім мен құралдар алады, бұл болашақта елорданың туристік тартымдылық деңгейін арттырады.Оқыту 2 ағыны: 5-6 желтоқсан;Оқыту 3 ағыны: 12-13 желтоқсан;Оқыту 4 ағыны: 17-18 желтоқсан;Өтетін орны: Қонаев 12/1.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895810
Астанада қар тазалау жұмыстарына 2 700-ден астам жол жұмысшысы шықты 04.12.2024
Қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметтер елорданың көшелері мен алаңдарынан 831 мың текше метрден астам қар шығарды. Жұмыстар тәулік бойы үздіксіз режимде жүргізілуде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.3-інен 4 желтоқсанға қараған түнде қар полигондарына 169 рейс, яғни 1 828 текше метр қар шығарылды.4 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарында 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және мыңға жуық арнайы техника жұмыс істейді.Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 65 мыңға жуық рейспен 831 мың текше метрден астам қар шығарылды.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895784
Жайлы әрі қауіпсіз өмір: Smart Astana қосымшасы 70 қызмет бойынша бағыт-бағдар береді 04.12.2024
Әлем қалаларында цифрлық технологияларға басымдық беріліп, «ақылды қала» тұжырымдамасы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарып келеді. Астана қаласында да инновациялық бастама қолға алынып, қала тұрғындарының көптеген мәселесі заманауи автоматтандырылған ақпараттық технологиялар арқылы шешімін табуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Астанада жүзеге асырылып жатқан инновацияның бірі - жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз ететін Smart Astana тегін мобильді қосымшасы.2015 жылы іске қосылған мобильді қосымшада бүгінде 28 мыңнан астам қолданушы бар. Қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасына қарасты «Астана Innovations» акционерлік қоғамы елорданы цифрландыруға белсенді атсалысып келеді.«Астана Innovations» АҚ цифрлы сервистер департаментінің мәліметінше, мобильді қосымшада көлік, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және коммуналдық қызметтерді қамтитын 70-тен астам қалалық қызмет біріктірілген.Бұл қосымша - тек елордалықтарға ғана емес, бас қалаға саяхаттап келетін туристер мен өзге өңір тұрғындарына бағыт-бағдар беретін таптырмас құрал.Қосымшадағы «Саяхатшыға» бөлімі өзекті ақпараттар мен түрлі қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.«Саяхатшыға» бөлімі өз ішінде 10 қызмет ұсынады.Теміржол вокзалының пойыз кестесі: станциялар мен маршруттарды көре отырып, пойыздардың кету және келу уақытын тексеруге арналған.Әуежайдың ұшу кестесі: келу және кету уақытының өзгеруін қоса алғанда, рейстер туралы жаңартылған ақпаратты көрсетеді.Іс-шаралар: бұл бөлімде елордадағы концерттер, көрмелер, жарыстар және басқа да мәдени, спорттық іс-шаралар кестесі беріледі.Сауда орталықтары: елордадағы сауда орындарының орналасқан жері, жұмыс тәртібі мен байланыс нөмірлері туралы ақпарат ұсынылады.Мәдени нысандар: Visit Astana туристік ақпараттық орталығының веб-сайтымен біріктірілген бөлім. Онда елордадағы мұражайлар, сәулет ескерткіштері, театрлар мен басқа да көрікті жерлердің тізімі мен сипаттамасын оқуға болады.Ойын сауық мекемелері: бұл бөлімде мейрамханалар мен дәмханалардың қауіпсіздік критерийлері мен қызмет көрсету деңгейін ескере отырып жасалған электрондық рейтингті көруге болады.Автобекет кестесі: қалааралық автобустар туралы ақпарат береді. Олардың кету және келу уақыты жазылып, билет құны да көрсетілген.Демалыс орындары мен саябақтар: демалуға, серуендеуге және белсенді уақыт өткізуге арналған жерлердің тізімін ұсынады.Қоғамдық дәретханалар: бұл бөлімде қалада орналасқан дәретханалар тізімі берілген және шағым қалдыру мүмкіндігі де қарастырылған.Бұған қоса, қосымша мектептердегі сабақтың болмауы, тасжолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен жабдықталған. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі үнемі жаңартылып отырады.Жасыратыны жоқ, әлем елдері туризмді дамыту арқылы мемлекет қазынасын арттыруға әлдеқашан кіріскен. Біздің елордада да шетелдіктерге көрсететін көрікті жерлер баршылық. Ал олар туралы ақпарат беретін Smart Astana мобильді қосымшасы еліміздің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп келеді.Айта кетейік, қосымшаны App Store немесе Google Play дүкендерінен тегін жүктеуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895927